Колониядағы жағдайды тұрақсыздандырғаны үшін 6 жылға сотталды
Қарағанды қаласының №61 мекемесінде қарақшылық шабуыл жасап, көлікті заңсыз иемденгені үшін жазасын өтеп жатқан азамат басқа сотталғандармен сөз байласып, бағынбаушылық танытқан. Тұтқындар бұл әрекеттерді колониядағы жағдайды тұрақсыздандыру мақсатында жасаған. Аталған факті бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 428-бабының 3-бөлігі «Қылмыстық-атқару жүйесі мекемесі әкімшілігінің заңды талаптарына бағынбау» бойынша тергеу жүргізілді. Сот процесі нәтижесінде 27 жастағы сотталушы 6 жыл 2 айға бас бостандығынан айырылды. Үкім заңды күшіне енген жоқ.
– Қаңтар айында сотталған азамат түрмеде отырып жағдайды тұрақсыздандыру мақсатында басқа сотталғандармен сөз байласып, бірнеше рет бағынбау әрекетін жасаған. Бұл фактілер үздіксіз бейнебақылау жүйесі арқылы тіркеліп, сот талқылауының қорытындысы бойынша сотталушы кінәлі деп танылды. Ол жазасын қатаң тәртіптегі түзеу мекемесінде өтейтін болады, – деді Қылмыстық атқару жүйесі департаментінің Қарағанды облысы және Ұлытау өңірі бойынша №61 мекемесі бастығының орынбасары, әділет подполковнигі Есімжан Байтасов.
Департамент түзеу мекемелеріндегі тәртіпті сақтау – қылмыстық-атқару жүйесінің басты міндеті екенін қосты. Арнайы контингент тарапынан заңсыз әрекеттердің барлық фактілері үздіксіз бейнебақылау камераларына түсіріліп отырады.
Ілияс ДҮНГЕНБАЙҰЛЫ.