ЖаңалықтарЖезқазғанРухани жаңғыру

Кітаптың құндылығын әспеттеді

Жезқазған қаласының Орталықтандырылған кітапханалар жүйесінде «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында С.Сейфуллин атындағы кітапхананың 45 жылдық мерейтойына  арналған «Кітап – мәңгілік мұра» атты кітап фестивалі өтті.

Көрнекі сурет

Терең мағыналы фестиваль «Шашу» халықтық би ансамблінің әсем биімен ашылды. Қатысушыларға ыстық лебізін арнаған қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің  басшысы Салтанат Нұрлыбаева кітаптың құндылығы хақында ой толғап, кітапханашылар қауымына ұтымды бастамасы үшін алғысын білдірді. Жалпы жұрттың ілтипатын тудырған іс-шара қонақтарының қатарында Зағипа Қапизова, Ғайни Ержанова, Шәрипа Капкеева және басқа да кітапхана ардагерлері болды.
Фестиваль бағдарламасы жан-жақтылығымен ерекшеленгенін атап өткен жөн. Соған  орай, Орталықтандырылған кітапхананың бөлімдері мен филиалдары өз әзірлемелерін ұсынды. «Уық шаншыған Ұлытау» атты кітапқа арналған флешбук, «Көне кітаптарға көз жүгіртсек» көрсетілімі, «Жауһар жырды жүрегінде тербеген» атты жыр жауһар мекеніне саяхат, «Бабалар сөзі –даналық көзі» әдеби керуені, «Сатира саңлақтары» тақырыбындағы кітап көрмесі оқырман тәнтілігін туындатты. «Көркем тіл мен тапқырлық» әдеби композициясы мен меймандос пейілдегі «Самғатқан сан қыранды туған өлкем» библиокафесінің қызметі тәмам елді тамсантты. «Ертегілердің тәтті дәмі» атты ертегілер еліне саяхат пен «Кітапхана желісі – инновация игілігіне» атты көрме де көпшіліктің көңіліне қонымды болды. 

Тағылымды басқосуда Тайжан Қалмағамбетов атындағы филармония өнерпаздары ән шырқап, ардагер кітапханашылар іс-шара тақырыбына қатысты ой-пікірлерімен бөлісті. Белсенді оқырмандар Орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің Алғыс хатын алса, қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің Алғыс хаттары кітапхана бөлімдері мен  кітапхана филиалдарына берілді. Фестиваль Орталықтандырылған кітапхана жүйесінің директоры Ғалия Өмірзаққызының қорытынды сөзімен түйінделді.

– Шырайлы шараға қатысушылардың басым бөлігін жас буын өкілдерінің құрауы олардың санасында кітапқа деген құрмет сезімін қалыптастыру ұстанымынан бастау алып отыр. Бұл – бүгінгі күннің басты міндеттерінің бірі, – дейді Жезқазған қаласының «Орталықтандырылған кітапханалар жүйесі» КММ кітапханаларды дамыту ісі және әдістемелік жұмыс  бөлімінің жетекшісі Қайыргүл Тұяқбайқызы.

Ахат ҚҰРМАНСЕЙІТОВ,
«Орталық Қазақстан»

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button