Жаңалықтар

Кітаптан неге алыстап барамыз?

“Білім – кітапта. Қазіргі таңда балалардың көбісі компьютерде отырады. Сондықтан, болашақта кітап оқығандар компьютерде отырғандарды басқарады”.

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ.

Қазір ешкім кітап оқымайды. Өйткені, қоғамда оған қажеттілік жоқ. Онсыз-ақ, жап-жақсы өмір сүріп жатыр. Қажеттілік болған күннің өзінде электронды кітаптарға жүгінеді. Ал, бүгінде адамдардың түрлі азғындыққа баруы мен заманына үн қоса алмауы – рухани жұтаңдықтың әсері емес пе екен? Жыл басында Президент Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ «Қандай кітап оқып жатырсыз?» атты челленджді сәтті жалғастырып, кітап оқудың маңыздылығы жайлы айтқан еді. Дегенмен, кітапқа деген сұраныс дәл қазіргі уақытта өте төмен. «Кітаптағы артық білімді, ерінбей оқып көруге» (Абай) неліктен құлықсызбыз?

«Қош болыңдар, достарым!» немесе кітапты ғаламтор ауыстыруда

Бала күнімде әкемнің жеке кітапханасы бар еді. Күнделікті кітапқа үйірлік бала кезден қалыптасқан әдет. Қазір өзімнің шағын жеке кітапханам бар. Шетінен кертіп оқып жүрмін.

Облыс орталығындағы кітапханаларда мерзімі өткен түрлі кітаптар жазғы мезгілде акция аясында тегін таратылады. Алған оқырман, оқып, қайта өткізеді немесе өзінде қалады.

Бірақ, сол кітаптарға жастардың қызығушылығы аз. Бірен-саран ғана. 90-жылдары кітапханалардың оқырман залдарында адамның көптігі соншалық, бір адам шықса, келесісі соның орнына кіреді екен. Қазір санаулы адам ғана отырады.

Қалыпты тірлік шаршатқанда, бір уақ кітап оқысаң, кәдімгідей демалып қаласың. Пушкин өлер шағында кітаптарына қарап: «Қош болыңдар, достарым!» депті. Пушкин сияқты тұлға деңгейіне көтерілу үшін тынымсыз ізденістің қажеттігі айтпаса да түсінікті. Жалпы жаратылыстың барлық құпиясы кітапта. Ең көп оқылатын кітап «Құран» екен.

  • Кітаптың орнын ғаламтор басуда. Іздеген дерегіңнің барлығы сонда. Мен облыстық Н.Гоголь кітапханасының «Негізгі кітап қорларын сақтау бөлімінде» кітапханашымын. Біздің бөлімде сирек әрі құнды кітаптар сақталады. Оқырмандар бөліміміз қорындағы кітаптарға «Абонемент» және «Оқырман залы» бөлімдері арқылы қол жеткізеді. Кейде күніне 10-15 кітап сұралады. Әр оқырман 5-6-дан сұрағанда 60-70-іне тапсырыс берілуі мүмкін. Алайда, оқылымдағы кітаптарды, оқырмандар іздеп таппай жүреді. Ал, ол сирек кітаптар ғаламторда жоқ. Жалпы осындай талғампаз оқырман қай дәуірде де болған, – дейді Еркебұлан Елеусізұлы.

Бүгінде ел детектив, мелодрамма сияқты жанрларды көп оқиды. Өйткені, ойланғысы келмейді. Оқыды, ләззат алды, ұмытты. Бітті. Осылай келесісіне көшіп кете береді. Дария Донцова дейтін орыстың заманауи жазушысының еншісінде 200-ге жуық роман бар екен. Не деген сұмдық?.. Оның шығармаларының басым бөлігі криминалдық сюжетке құрылған. Алайда, ол ең бай жазушылардың қатарында көрінеді. Кітап жазуды бизнеске айналдырып алған. Мұндайлар біз де бар. Бірақ, әлі дамымаған. Дамыса да, жариялы түрде мойындауға ұялады…

Кітаптардың мұңын кітапханашылар ғана түсінеді

Мазмұны жағынан сапалы кітаптар сөреде көп жатпайды, тез ескіреді. Керісінше болса, бір орнында шаң басып жылдар бойы тұрады. Олардың шаңын тек кітапханашылар ғана сүртіп, мұңын солар ғана түсінеді. Денсаулығына байланысты келе алмайтын тұрақты оқырмандарға үйіне апарады кітапханашылар. Тұтыну мерзімі бітіп, жаңалары келгенше оқылмай, жылдар бойы қол ұшы тимейтін кітаптар да бар. Оған өзім куәмін. Сондықтан да, оқылатын туындылар жазылса екен. Ал, оқырмандар классикалық дүниелерді қажетсіз деп тапса да, тастамай кітапханаға өткізсе. Себебі, соны біреулер шарқ ұрып, іздеп жүруі әбден мүмкін. «Кітаппен айрылмас дос болмаған адам, өзін зиялы деп есептемесін» депті данышпан Мұхтар Әуезов.

  • Кітап аз оқылуда. Өйткені, бізде жарнамалау ісі дамымаған. Дүкендерімен байланысым бар. Олар: «қазақ тіліндегі кітаптар аз түседі және жарнамасы жоқ. Сонымен қатар, кітаптардың тақырыбы, безендіріліуі нашар, бірыңғай, бір-біріне ұқсас» дейді. Кітапты жарнамалау болмысымызға да келмейді, оның үстіне. Жарнамасы жоқ дүние қайдан оқылсын? Бір ағылшын жазушысы өз кітабын өткізу үшін: «Миллиардер – пәлен деген кітаптағы, кейіпкер қыздың образына ұқсас қызды іздейді» – деген жалған ақпарат таратады. Аз уақыт ішінде, барлық кітабы сатылып кеткен. Біз жазған дүниемізді өткізуді де білуге тиіспіз, – дейді ақын Ерболат Қуатбек.

Бизнес кітаптар жаппай оқылуда Елімізде бірен-саран кітап саудасымен айналысатын, насихаттайтын агенттіктер құрылуда. Ал, Қарағандыда, тіпті, жоқтың қасы. Арқадағы қуатты әдебиет өкілдерінің кітаптарын насихаттап, оқырманға қолжетімді қылуға осындай ұйымдар керек-ақ. Шет елде бұл жүйе баяғыда бір қалыпқа түскен. Кітапханалары да 24 сағат жұмыс жасайды. Бір мызғып алып та оқи бересің…

Шыны керек, адамдар көп табыс табу үшін, жетістікке жеткен кәсіпкер немесе өнертапқыш, бай-қуаттылыққа баулитын авторлардың туындыларын жаппай оқиды. Солардың арасынан ғалым, абайтанушы Омар Жәлел сияқты бірен-саран мазмұны сапалы кітап жазатын авторларды оқып, өзімізді жұбатамыз. Демек, оқырманның табыс табу мен қатар, рухани азық алуға деген талғамын көтеру жолында бірге күресуіміз керек…

Нағыз оқырмандар әлі де бар…

Қарағандыдағы кітапханалардың тұрақты оқырманы Абай Арыновтың айтуынша, кітаптың оқылмауын кітапханадағы оқырман санымен есептеген дұрыс емес. Сапалы дүниені оқырман сатып алып та оқиды. Ал, араға уақыт салып қайталап оқыған сайын кітаптың да жаңа қырлары ашыла береді. Себебі, әр жаста түйсіктің қабылдауы әр түрлі. Сонымен қатар, «кітапкеміргіштердің» жеке кітапханалары болатынын да ескерген жөн. «Кітаптан алыстап кеттік» деген пікірге аса келіспеймін, оқитын адам қалай да оқиды, оқып та жүр, – дейді ол.

«Мен көп жаза алмадым деп емес, көп оқи алмадым деп өкінемін» депті бір сұқбатында ақын Есенғали Раушанов. Бір өкініштісі, қазір кітапқұмар адамды заманнан артта қалған деп есептейді. «Ел кітап оқымайды» деп босқа байбалам салып жүрген жоқпыз ба өзі?.. Мүмкін, шынымен де, нағыз оқырман әлі де бар шығар?..

Жәлел ШАЛҚАР.

Басқа материалдар

Back to top button