Руханият

Кітапханашылар әулетінің өкілі

Салтанат Ербаева Топар кентінің кітапханасында кітапханашы болып еңбек етеді. Ол Қарағандының Тәттімбет атындағы өнер колледжі (2017) мен Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан Мемлекеттік университетін «Кітапхана ісі» (2020) мамандығы бойынша бітірген өз саласының білікті маманы. Қашан көрсең, жүзінен шуақ шашып, кімге болсын жылы ұшырап тұратын осы бір сыпайы, биязы жанды кент тұрғындары мен кітапхана оқырмандары қатты құрметтейді.

– Менің бұл мамандықты таңдауым кездейсоқтық емес, – дейді Салтанат бізбен әңгімесінде. – Оған әкем Оралдың үш бірдей қарындасы Мейрамгүл, Илла, Гүлнардың кітапханашы болғандары әсер етті. Әсіресе, қазір Шет аудандық орталықтандырылған кітапханасын басқаратын Мейрамгүл апайымның ықпалы зор болды. Оқушы күнімде онымен кітапханаға еріп барып, кітап оқудан бөлек формуляр толтыру, каталог жасау, тағы да басқа жұмыстарды үйрендім. Бізді кітапханашылар әулеті деп айтуға да болады. Өйткені, екі бауырым Есенгелді мен Қайырберлінің жұбайлары Жанерке мен Айжан да жоғары білімді кітапхана қызметкерлері. Ата-анасы Орал мен Любовь Кәрімқызы 1994 жылы Ақсу-Аюлыдан Топарға көшіп келгенде 12 жаста болған Салтанат осындағы Бауыржан Момышұлы атындағы орта мектепте оқуын жалғастырып, бос уақытында соның іргесінде тұрған кітапханадан шықпайтын. Сонда ол жасынан көзі қаныққан кітапханашы қызметіне қызыға қарайтын. Бірақ бұл арманы бірден жүзеге аса қоймаған.

«Ештен кеш жақсы» демекші, Салтанат ақыры көздеген мақсатына жетіп, 2019 жылдан бері Топар кенті кітапханасының Балалар абонементі бөлімінде жұмыс істеп жүр.

– Маған бұл кәсібім, әсіресе, балалармен жұмыс істеу ұнайды. Қазіргі ақпарат заманында олардың кітап оқуға құштарлығын арттыру үшін көп ізденуге тура келеді, – дейді тағы да Салтанат сөз арасында.

Міне, осы бағытта ол «Кітапхана қосымша сабағы» үйірмесін ұйымдастырып, «Құрдастар-Ровесники» клубына жетекшілік етеді. Кенттегі мектептер, балабақшалар мен тығыз байланыс орнатып, әр жас оқырманмен жеке жоспары бойынша жұмыс жүргізеді. Ойын элементтерін пайдалана отырып, кітап оқуды ілгерілетудің инновациялық формаларын енгізіп, балалармен театрландырылған көріністер, Қазақстан халықтарының салт-дәстүрлері мен мәдениеті жөнінде викториналар, конкурстар өткізеді.

Өзінің балғын оқырмандары арасында кітаптарды насихаттаудың жаңа формалары мен әдістерін қарастырып, өзін-өзі басқару күнінде Библио-дублер, флешбук, буккроссинг, библиофреш және басқаларын жасайды. Интернет-ресурстарды белсенді қолданып, кітапханалық-ақпараттық қызмет жүйесін кеңейтіп, РАБИС автоматтандырылған ақпараттық жүйесінде жұмыс істеп, әлеуметтік желілерде Топар кенті кітапханасының парақшасын жүргізеді. Жалғыз бұл емес, кент тұрғындары мен кітапхана оқырмандарының рухани сұранысын өтеу үшін өздеріндегі «Қаламгер» әдеби қонақжайында жергілікті ақын-жазушылар мен шығармашылық кездесулер өткізіп тұрады. Тіпті, өткен жылдың мамыр айында бұл қонақжайда белгілі балалар жазушысы, сатирик Толымбек Әбдірайымов та мейман болыпты.

Топар кітапханасында төрт жылдай ғана істеген Салтанат Ербаеваның бұл еңбегі ескерусіз қалмай, былтыр Кітапханашылар күнінде облыс әкімінің Алғыс хаты мен Абай ауданы әкімінің Құрмет грамотасын алды. Өз кәсібі бойынша қаншама семинар, курстарда оқып, тек өзі ғана емес, оқырмандары да аудан, облыс көлемінде өтетін байқаулар мен сайыстарға, фестивальдар мен конференцияларға белсене қатысып, жүлделі орындардан көрініп жүр. Осыдан кейін жастайынан кітаппен «көзі ашылған» Салтанатты кәнігі кітапханашы қатарына қалай қоспайсың?!

Ержан ИМАШ,

Абай ауданы

Оrtalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button