Жаңалықтар

Үкіметтік емес ұйымдардың үлесі қандай?

      Президентіміз Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты халыққа Жолдауында «Мүмкіндігі шектеулі азаматтарымызға көбірек көңіл бөлу керек. Олар үшін Қазақстан кедергісіз аймаққа айналуға тиіс. Бізде аз емес ондай адамдарға қамқорлық көрсетілуге тиіс – бұл өзіміздің және қоғам алдындағы біздің парызымыз. Бүкіл әлем осымен айналысады. Мүмкіндігі шектеулі адамдар тұрмыстық қызмет көрсету, тағам өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы кәсіпорындарында жұмыс істей алады. Мен барлық кәсіпкерлерге оларды жұмысқа орналастыруға көмектесіңіздер деп тағы да айтқым келеді. Сондай-ақ, 5-10 адамға арналған арнайы квотаны енгізу мүмкіндігін қарастыруға болады. Біз оларды белсенді өмірге тартамыз, олар тек жәрдемақы алып қана қоймайды, сонымен бірге, өздерін қоғамның мүшесі, пайдалы еңбеккер ретінде сезінетін болады. Біздің барлық әлеуметтік институттар, үкіметтік емес ұйымдар, «Нұр Отан» партиясы осы жұмысты қолға алғандары жөн» деп үкіметтік емес ұйымдардың үлесін айқындаған еді.

2016 жылдан бастап, Қазақстанның үкіметтік емес ұйымдары өздерінің атқарған жұмыстары туралы үкіметтік емес ұйымдардың мәліметтер базасына есеп береді. Үкіметтік емес ұйымдардың алғашқы есебі үкіметтік емес ұйымдармен өзара әрекеттесу саласы бойынша өкілетті орган болып бекітілген ҚР Мәдениет және спорт министрлігіне өткізілді. Есеп беру кезеңінде есеп берудің жаңа қалыбын түсінбей жатқан үкіметтік емес ұйымдар да болды. Тіпті, көбісі үкіметтік емес ұйымдарға қойылған жаңа талаптардың бар екенінен де бейхабар болып шықты.

Қазірдің өзінде үкіметтік емес ұйымдардың жетекшілері мәліметтер базасына есеп берудің қыр-сырын түсінбей, түрлі сауал жолдап жатқаны белгілі.

Соған байланысты, біз Еуропалық құқық және адам құқығы сараптамалық институтының директоры, заңгер Марат БАШИМОВТЫ әңгімеге тартқан едік.

Марат Советұлы, үкіметтік емес ұйымдарға арналған мәліметтер базасының мәнісі қандай? Оның қандай қажеттілігі бар және бізге берері неде?

«Үкіметтік емес ұйымдардың мәліметтер базасы» ұғымы ҚР заңнамасымен 2015 жылдың желтоқсанында енгізілді. Бұл ақпараттық базада негізінен үкіметтік емес ұйымдар туралы мәлімет, аталған ұйымдардың қызметі, жүзеге асқан және қазіргі таңда жүзеге асырылып жатқан жобалар, оның құрылтайшысы, қаржыландыру көзі мен қаражаттың жұмсалу бағыты қамтылады.

Бұл заң жобасын әзірлеу барысында менің тікелей қатысым бар болғанын айта кеткім келеді. Ең алдымен, үкіметтік емес ұйымдардың мәліметтер базасы – ашықтық пен айқындықты, бұл ұйымдардың қызметі туралы ақпараттың қоғам мен донорлар үшін қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында құрылды.

Үкіметтік емес ұйымдардың мәліметтер базасы арқылы көмекке мұқтаж азаматтар үкіметтік емес сектор туралы өздерін толғандырған ақпаратқа қол жеткізіп, өз кезегінде, үкіметтік емес ұйымдар мен донорлар әлеуетті серіктестерін жақсырақ тануына ұйытқы болады деп болжам жасалуда.

Бұдан бөлек, үкіметтік емес ұйымдардың мәліметтік базасы – «үшінші» секторды мемлекеттік қаржыландыру саласының толық бейнесін көруге ықпал етеді. Яғни, мемлекет қаражатын иемденген үкіметтік емес ұйымдардың нақты жұмыс жасап жатқаны, қоғамға тигізген пайдасы айқындалып, керісінше, қай үкіметтік емес ұйымның мемлекеттің қаржыландыруға ғана қол жеткізу мақсатында конкурсқа қатысу үшін құрылғаны туралы мәліметтер қоғамға ашық көрсетілетін болады. Анығын айтқанда, «бір күндік» үкіметтік емес ұйымдардың бүкілі жойылады. Мемлекет қаражатының жұмсалуын қадағалайтын ұйымдар бұл жұмыстарды жүзеге асыруға қауқарлы және міндетті түрде жүзеге асырады деп сенемін.

Үкіметтік емес ұйымдардың мәліметтер базасына ақпарат беру тәртібі қандай ережеге бағынады?

Үкіметтік емес ұйымдардың мәліметтер базасына ақпарат беру тәртібі ҚР «Коммерциялық емес ұйымдар туралы» Заңына (5-ші тармақ, 41-ші бап), сонымен қатар, ҚР мәдениет және спорт министрлігінің 2016 жылдың 19 ақпанындағы «Үкіметтік емес ұйымдар мен құрылымдардың қызметі жайлы ақпарат беру Тәртібін бекіту туралы Ережесі» бұйрығына сай жүргізіледі.

Биыл 31 наурызда үкіметтік емес ұйымдарға арналған кезекті есеп беру кезеңі аяқталды. Бұдан былай, үкіметтік емес ұйымдармен әрекеттестік саласы бойынша өкілеттік орган туралы міндеттің ҚР мәдениет және спорт министрлігінен ауысуына байланысты, үкіметтік емес ұйымдардың қызметі туралы мәлімет ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрлігіне жебіретін болады. Аталған министрліктің сайтында бұл туралы толық мәлімет бар.

Үкіметтік емес ұйымдардың мәліметтер базасына қандай ұйымдар ақпарат беруі тиіс?

Бұл ұйымдардың тізімі ҚР «Коммерциялық емес ұйымдар туралы» Заңының 5-ші тармағындағы 41-ші бапта көрсетілген.

Атап айтсақ, Үкіметтік емес ұйымдардың мәліметтер базасына мекеме, қоғамдық бірлестік, қор, заңды тұлғалардың бірлестігі, акционерлік қоғам, сонымен қатар, ҚР «Коммерциялық емес ұйымдар туралы» Заңының 17-ші бабында көрсетілген өзге де ұйымдық-құқықтық түрде құрылған коммерциялық емес ұйымдар мәлімет беруі тиіс.

Дегенмен, бұл заңға сәйкес, құқықтық жағдайлары заңнамалық акті ережелеріне сай жұмыс жасайтын білім берудегі дербес ұйымдар, дербес кластерлік қор, нотариалды палаталар, адвокаттар алқасы, Ұлттық кәсіпкерлер палатасы, жеке сот орындаушыларының Республикалық палатасы, кәсіби аудиторлық ұйымдар, пәтер иелерінің кооперативі мен өзге де коммерциялық емес ұйымдар мәлімет беруге міндеттелмейді.

Алайда, халықаралық және шетелдік коммерциялық емес ұйымдардың филиалдары мен өкілдері жоғарыда аталған уәкілетті органға мәлімет беруі шарт.

Үкіметтік емес ұйымдар мәліметтер базасына қандай ақпараттарды қалай беруі тиіс?

Ақпараттар үкіметтік емес ұйымдардың мәліметтер базасына есеп беру кезеңі болып табылатын әр жылдың 31 наурызына дейін өткізілуі қажет.

Есеп беру кезеңі деп, мәліметтер базасына бұған дейінгі жылы есеп берілген күнтізбелік жыл айтылады. Мысалы, 2017 жылы үкіметтік емес ұйымдардың 2016 жылғы мәліметі беріледі.

Биылғы 9 ақпанда ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің өкілдері барлық аймақтардағы үкіметтік емес ұйымдардың өкілдеріне арнап онлайн конференция өткізді. Шара барысында үкіметтік емес ұйымдардың мәліметтер базасына ақпарат ұсыну тәртібі түсіндіріліп, аталған ұйымдардың сауалдарына жауап айтылды.

ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің мәліметінше, қазіргі күні үкіметтік емес ұйымдар өз ақпараттарын аталған министрлікке поштамен (Қазпочта және өзге де пошталар) немесе арнайы келіп, қағаз, болмаса, электронды түрде ұсынуына болады.

Сонымен қатар, аталған министрлік үкіметтік емес ұйымдарға арналған мәліметтер базасының http://infonpo.kz атты ғаламтор-порталы ашылғанын алға тартуда. Әзірше, бұл портал тестілеу тәртібінде жұмыс жасауда. Биылғы 1 наурыздан бері бұл портал мәліметтер ұсыну мүмкіншілігіне ие.

Ғаламтор-порталының жұмысына тоқталатын болсақ, аталған порталға тіркелу үшін халыққа қызмет көрсету орталықтарында берілетін электрондық цифрлық қолтаңба қажет. Порталға кіргеннен кезде азамат қолданушы нұсқаулығымен таныса алады. Бұл нұсқаулықта порталмен жұмыс жасаудың қадамдық алгоритімі көрсетіледі. Мамандар аталған порталмен жұмыс жасауды түсіндіретін бейне-роликті орналастырмақ.

Аталған портал іске қосылған сәттен бастап үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері порталға еніп, қажетті мәліметтерді енгізе алады. Сонымен қатар, мәліметтер өзгеріске ұшыраған жағдайда енгізген ақпараттарын жаңарта алады. Мәліметтер портал арқылы ұсынылған жағдайда, қағаз немес электронды түрде берудің қажеті жоқ.

Есеп-қисап нысанын өткізу кезінде қандай да бір ұсыныстар бар ма? Үкіметтік емес ұйымдардың мамандары есеп беру мәліметтерін толтыру кезінде пайда болған сұрақтарына қалай жауап ала алады?

ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі үкіметтік емес ұйымдардың өз қызметі туралы ақпарат беруіне арналған әдістемелік құрал жасалды. Мәліметтер базасы жайындағы бұл әдістемелік құрал мен өзге де құжаттарды (бұйрық, әдістемелік ұсыныстар, жадынама, көп қойылатын сұрақтардың жауабы) ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің сайтынан көшіріп алуға болады. Аталған министрлік сайтындағы басты бетте «Үкіметтік емес ұйымдардың мәліметтер базасы туралы» арнайы қосымша бар.

Сайтта көрсетілгендей, үкіметтік емес ұйымдар тарапынан сұрақтар туындаған жағдайда 8 (7172) 74-04-28, 74-04-47 нөмірдегі «жедел желіге» хабарласуға болады. Бұдан өзге 74-04-28@mail.ru электрондық мекен-жайға сауал қалдыру мүмкіншілігі бар.

Үкіметтік емес ұйымдарды мазалайтын ең маңызды сұрақ – ақпарат бермеген жағдайда ұйым қандай жауапкершілікке тартылады?

ҚР «Әкімшілік құқықбұзушылық туралы» Кодексінің 489-1 бабына сәйкес әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Егер үкіметтік емес ұйым бірінші рет есебін тапсырмаса, ескерту жазылады. Бұдан кейін де бір жылдың көлемінде есебі ұсынылмаған жағдайда айыппұл салынады немесе ұйымның қызметі тоқтатылады.

Үкіметтік емес ұйымдардың осы бап бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылған оқиғалары болды ма?

Менің білуімше, бүгінгі күнге дейін әкімшілік жауапкершілікке тарту тәжірибесі әлі болмаған. ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің айтуынша, жергілікті әкімдіктермен бірге үкіметтік емес ұйымдар жетекшілеріне түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Көп жылғы тәжірибеме сүйене отырып айтарым, ерте ме кеш пе, үкіметтік емес ұйымдардың бірі болмаса бірі әкімшілік жауапкершіліке тартылады. Мүлде жауапкершілікке тартылмауы мүмкін емес. Сондықтан, мәліметтер базасы туралы білмейтін үкіметтік емес ұйымдарға айтар кеңесім – есеп берудің жаңа түрімен танысу қажет.

Үкіметтік емес ұйымдардың мәліметтер базасына тікелмеген үкіметтік емес ұйымдар мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстар, грант конкурстарына қатыса ала ма?

Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстар конкурсының же­ңімпазын анықтау кезіндегі басты талаптардың бірі – үкіметтік емес ұйымдардың осы үкіметтік емес ұйымдардың мәліметтер базасында болуы.

Ал, грант мәселесіне келетін болсақ, жағдай басқа. Гранттық қаржыландыру конкурсына қатысу үшін үкіметтік емес ұйымдардың мәліметтер базасында тіркелу қажет. Бұл туралы «Қазақстан Республикасындағы үкіметтік емес ұйымдарға арналған мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстар, гранттар және сыйақылар туралы» Заңда айтылған. Яғни, мемлекеттік гранттар үкіметтік емес ұйымдардың мәліметтер базасына енгізілген үкіметтік емес ұйымдарға ғана беріледі.

Әңгімеңізге рахмет.

Сұхбаттасқан

Рауан ҚАБИДОЛДИН.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button