Бас тақырып

Әкім сайлауы: ашық қоғамның айқын қадамы

Президенттің саяси реформасының бір механизмі – сайлау жүйесін жетілдіру. Өңірдегі аудан әкімдерін сайлау үдерісінің мән-мәтіні қандай деген толғақты ой әр адамның басында лүп еткен болар. Қош, онда кіріселік…

Ендігіде «Бұл әкім қайдан келді?» деген үйреншікті сұрақты жұрт бір-біріне қоймайтын болды. Өйткені, жергілікті жұрт өз әкімін өзі сайлайды. Сайлап та жатыр.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жыл сайынғы әр Жолдауында халықтың саяси сауатын ашуға бағыттарлық жекелеген тапсырма үстеп отыруы – саналы жанға сарабдал шешім. Былайғы елдің ойы жайлауда емес, сайлауда қазір. Бұл әсте тегін емес.

2021 жылдың 25 мамырында Президент «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық Заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойған еді ғой. Сол арқылы ауыл әкімін елді мекен тұрғындары тікелей дауыс беру арқылы сайлау құқығын иеленді. Заң солай дейді. Сондай-ақ, бұл лауазымға тұрғындардың өзін-өзі ұсынуына мүмкіндік жасалды. Заң солай дейді. Бюллетеньдерде «бәріне қарсымын» деген тармақ қосылды. Біз емес, Заң солай дейді.

Мемлекет басшысы аудан әкімдерін сайлауды жылдамдату қажет екенін және AMANAT партия­сы белсенді түрде қатысу керегін нақпа-нақ атап өткен.

– Алдағы уақытта біз аудан әкімдерін сайлаймыз. Менің ойымша, аудан әкімдерін сайлауды ұзаққа созудың керегі жоқ. Бұл процесті жеделдету қажет. Осы сайлауға партия лайықты кандидаттарды ұсыну арқылы белсенді түрде қатысады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Анығында бұл Жаңа Қазақстанның шынайы дербестігіне бір табан жақындай түскен жаңа қадамы дерлік. Төрткүл дүниеге аты мәшһүр Орталық Азия елдері арасында республикамыз – ауыл, аудан әкімдерін сайлау һақын бұқараның өз қолына табыстаған алғашқы мемлекет!

– Ақтоғай ауданы тұрғындары алғаш рет өз әкімін сайлады. 10 мыңнан астам адам белсенді дауыс берді. Мұндай маңызды саяси науқаннан қалыс қалу жарамас. Бұл бұқара мен биліктің арасын сенімге бастайтын іс, – деді аудан тұрғыны Тәбәрак Жармағамбетов.

Бұл жылы лебіздің астарынан халықтың көзқарасының оң екендігі аңғарылады. Облыста екі аудан мен бір қала әкімі, ал, республикада 45 аудан мен қала әкімдері қамтылды. Ұзын-ырғасы 51 күнге созылған үрдіс о баста ептеп алаң шақырғанымен, кейінірек көңіл-қош қалыпта жалғасқан.

Республикалық мінберден сөз алып жүрген саясаттанушы Айдос Бәделұлы бұл бастаманың алдағы бағытымызды айқындай түсетінін айтты. Бұрыннан бұғыңқырап қалған бұқпантайлақ жүйені түлетіп тастап, ел сеніміне селкеу түсірмеген абзал.

Қоғадай жапырылған қоғамды жаңартамыз десек, жалпақ ғаламдағы «тоғызыншы территория­ның» әр пұшпағын өзін-өзі билей аларлық халге жеткізгенге жетер дәнеңе жоқ. Кідірістің де көмегі болмайды. Өз еркіне өзі қожа ел ғана бостан болмақ дегенге сайды сөзі оның.

– Мақұл, делік. Әкім сайланды. Бірақ қордаланған тұрмыстық, коммуналдық, әлеуметтік мәселелер азайған жоқ. Егерде сайланған әкім-қараларымыз баяғыша құзыретсіз қалса, онда «жабулы қазан жабулы» қалпынан өзгермегені. Қазан қайнамаса, қақпақ дірілдемейді. Сол қара қазанымызды қыз-қыз қайнатарлық құзырет алдымен, жергілікті күрмеуін өзі шешерлік қалыптағы құзырет берілуі қажет осы жақын уақытта. Тағы бір түйткіл. Бұл өзі қанатқақты саяси қадам болған соң олқы тұстары да кезігіп жатады. Мысалы, бұрынырақ қызметте отырған, яғни, әрекет етуші әкім, не әкім орынбасары қайтадан сайланып жатқан көріністер көзімізге көрінді. Жасырып керегі не, әкімдіктің ішіндегі жан бәрібір айналып келгенде осындай науқан кезінде өзінің басшылық ресурсын пайдаланатыны айпарадай анық дүние. Бірақ, қайталап айталық, пилоттық жоба болған соң қоғам өткен әкім сайлауын барынша түсіністікпен қабылдады. Алайда, алда мұндай кемшін тұстарға орын берілмеуі керек деді саясаттанушы.

Сарабдал саясатшының сөзі таңдау демократия қағидатына сай келуі қажет дегенге меңзеді. Тағы бір атап өткені электораттың аздығы. 66 пайыз. Белсенділік төмен. Саяси мобилизация жасау ауылдық жерлерде жүзеге асыру оңайырақ. Бірақ мәжбүрлеу да дұрыс емес. Үгіт насихат жұмысы да әлсіздеу болды. Ақпарат ақсамау керек. Біржақты баға беру дұрыс емес.

Әредік осы бізге сайлау деген сөз ойлау деген ұғымның синонимі іспеттес көрінетіні бар. Рас-ау. Ертеңін не күтіп тұрғанын тұтас білмесе де, соған саналы түрде қадам жасарлық бұл үдеріс те бір қарағанда әмбебап әрекет емес. Әсіресе, бір-бірін айтпай түсінісетін ұяң қыр баласы мен аудан халқының тарихи тұрғыдағы қабылдарлық шешімі әркімнің көкірегіне әр түрлі сезім халін ұялатары сөзсіз.

Жаңа Зеландияда сарапшы қауым сайлау өткенше жұмған аузын ашпайтын жаңа әдет тауыпты. Өйткені, сарапшы ойы сайлаушыға әсер етуі бек мүмкін деген күдік бар. Қарап отырсақ, әр елдің сайлау мәдениеті қалыптасқаны түрлі ойға жетелейді. Сондықтан, әкім болам десеңіз, иығыңызға артар жүгіңіз кәдімгі мемлекеттік қызмет екенін қаперіңізден шығармасаңыз керек.

Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button