Жаңалықтар

Киеге ие қалам

… Басталған іс айналам, тасталған іс,
Тасталған іс жүрек пен басты алған іс.
Алаңдатып бір жақтан дала, тауым,
Алаңдатып бір жақтан аспан, ғарыш.

Дертпен тең сөз өнерін таңдап алған екен, ендеше, азабы болса да көруі тиіс қой. Азабы – сол киелі өнердің заңғар шыңына шықсам екен деп өзін-өзі қамшылауы. Азабы – сол киелі өнерді қызғыштай қориын, дарын мен дәлдүріштің, талант пен тасырдың арасына шекара жүргізейін деп жанталасуы.

Сурет: ақынның жеке мұрағатынан

… Абзал Бөкен – талғампаз ақын. Алайда, сол кірпияз талғам ақынның адами болмысы мен өнерді жасаушы ретіндегі тұлғасын қиюластыра алмаса, өнер киесінің бақилық болғаны. Бұл жерде әлемдік әдебиет, поэзиядағы ғаламат жауһар туындыларды оқыған ақынның, қалай болғанда да, өз ордасына оралып, толып жатқан әдеби бағыттар мен әдеби ағымдарды қаншалықты терең сараласа да, қазақтың поэзия киесінен табатын барша рухани құндылықты сол киенің асқақ шыңынан саралап бағамдағаны шаттандырады. Бұл жерде Гете мен Гейнені, Лермонтов пен Пушкинді, Вознесенский мен Евтушенконы, Цветаева мен Ахматованы немесе Есенин мен Высоцкийді ешкім де санаттан шығарып тастап отырған жоқ. Алайда, сол бір ғажайып мұрадан қазақтың қара өлеңі, яғни, поэзия-киесі бір мысқал да кем емес екенін, тіпті, асқақ екенін Абзал Бөкеннің сезінуі, барша болмысымен түйсінуі оны шын мәнінде ұлт ақыны деген биік лауазымға көтерді деп сеніммен айта алар едік. Жай ғана сезініп қойған жоқ, ол поэзия-киенің кешегі дәстүрдегі теңдессіз жетістігіне тамсанып, таңданып қана қоймай, өлең-өнердің аймаңдай ұлы бола алды, ұлы ғана емес, құлақкесті құлына айналды. Ақынның ірілігі де сонда, кешегі ықылым замандағы баға жетпес асыл мұраның қазіргі замандағы бірден-бір сабақтастырушысына, шырақшысына айналды.

Әлемнің бірде-бір елінде түркіден бергі қазақтың жауһар туындыларындай рухани мұра аз. Өкініш пен үміт, кесек мінез бен ақсүйектік, бегзат болмыс пен тектілік жырау феноменін асқақтатса, ойлы поэзия, тым қарапайымдылықтан ұлылық биігіне көтерілген Абай, Мағжан, Қасымдардың асқақтығы өз ұлтының талант пен дарын әлеуетіне талпынғандығынан туған еді. Ағылшын мен орыстың, парсы мен француздың ұлы ақын-жазушысы ешқашан да қазақ әдебиетіне үлес қосып, бір тармақ өлең жазып бермейді, олар сол ағылшынның, немесе орыстың, парсының немесе француздың ұлы тұлғасы болып қала бермек. Ендеше, еліктеу мен солықтау­дан, табыну мен тамсанудан Абзал ақынның бойын аулақ салуы, тағдырым да, талайым да қазақтың ұлттық қара өлеңімен байланысты деп бел байлауы осынау ұлы миссиядан туындаған дегеніміз орынды. Сондықтан да болса керек, ақын:

Достар мен жыр.
Екеуіне мен енді
бөліп-жармай берем төрім-төбемді.
Дос демеспін жырдан бөлген досымды,
Өлең демен достан бөлген өлеңді, – дейді.

Абзал Бөкен – мінезді ақын. Әлгі бір өзі таңдап алған өлең-кие жолы «еңкейгенге еңкейіп, шалқайғанға шалқаяр» кесектік, ұсақтау пенденің болмашыға мәз болып, арзан қалжыңмен жанынан табылуына да ақын бойындағы дегдарлықтың өткел бермеуі – бәрі де салмақты алғышарттар жасап еді дегенді баса айтқанымыз жөн. Анадан да, мынадан да құрап мысалдар келтіріп, сол арқылы өзін асқан білімпаз етіп көрсетуге тырысатын біраз жазармандарға қарағанда, Абзал ақын өнерпаздың ұйыған ұлысы мен Тәңірінің арасындағы елдестірмек елші екендігін болмысына орнықтырған жан дер едік. … Егер Абзал Бөкенді асқақтатқымыз келсе, болмысына біткен бекзадалық, пәктік пен тектілік, дегдарлық пен рухани тазалықты баса айтар едік.

Әдебиет – адамтану өнері. Ақын-жазушы сол өнердің шынайы еңбек торысы. Адамтану кешегі құдіретті партияның үгіт-насихат бөлімі емес, ақынның, егер ол шынайы өнерді жасаушы талант болса, өлең-киесі ақыл айтып, нақыл соқпайды. Шынайы өлең рухани тазару мен жаңаруға бастайды. Кішкене сәби кезінде тікенекке емес, гүлге құмар іңкәрлігі уақыт өте келе тот басып қарая бастаса, болмысындағы сол пәк іңкәрлікті оятуға бастайды. Ал ондай қасиет ұлтын сүйген ақынның, өнер-киені әспеттеген, сол жолға түскендіктен азабы да, шырғалаңы да мол өмір сынынан еш қаймықпай, жүрегі селт етпей бел байлап, тәуекел кемесіне мінген қаламгердің ғана қолынан келмек. Абзал сол санатқа жақын ақын.

…Абзал Бөкенді мақтаған жоқпыз, тек, ақиқатты өз «меніміз» арқылы беруге тырыстық. Пікірімізбен келісу не келіспеу – әркімнің өз ісі. Бірақ бір жайт анық. Абзал Бөкен – аққу арлы ақын.

Мәуен ХАМЗИН,
филология ғылымдарының докторы, профессор.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button