Жаңалықтар

Кешеннің көмегі – көл-көсір

Адам болған соң ауырмай тұрмайсың. Дәрігерге күнің түседі. Сонда ауырып келген адамнан гөрі көзі компьютерге байланған, қағаздың астына көміліп отырған дәрігерді көресің. Негізі, дәрігердің тікелей міндеті – адам емдеу. Сол үшін тұтас жүйені цифрландыру жұмыстары қолға алынуда. Биылғы Жолдауында Елбасы «қағаз қолданбайтын ауруханаға» көшу арқылы медициналық көмектің қолжетімділігі мен тиімділігін арттыру міндетін жүктеді. Аймақтың денсаулық сақтау саласын ақпараттандыру да осы үдеден шығу үшін қарқын алған.

«Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының «Смарт Сити» жобасы аясында құрылған кешенді медициналық ақпараттық жүйесіне облыстың барлық мемлекеттік медициналық мекемелері мен кепілдендірілген тегін медициналық көмек көрсететін жекеменшік ұйымдардың 95 пайызы қосылған. Осыдан үш жыл бұрын тек қана стационарлар қосылған еді, бүгінде аймақтағы медициналық қызмет көрсететін барлық мекемелер мен емделушілер туралы ақпарат жүйеге тіркелген. Оны тұрақты түрде жетілдіріп келеді. Осымен шығарылған сегізінші нұсқасы цифрлық бейнелерді сақтай алады. Ендігі жерде флюоротекалық мәліметтер ғана емес, рентген түсірілімдер, УДЗ, эндоскопия, компьютерлік томография не болмаса электрокардиограмма сияқты зерттеулер нәтижесін де жүйеге жүктеу мүмкін болды. Кешеннің көмегімен туберкулез бен онкологиялық ауруларды ерте анықтауға мүмкіндік зор екенін айтады облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Асқар Хорошаш.
– Түсірілген флюорографиялық суреттер жүйеге енгізіледі. Бұрын түскен суреттерді емхана қызметкерлері ғана көрсе, қазір облыстық туберкулезге қарсы диспансердің қызметкерлері тағы бір қарап өтеді. Осы арқылы туберкулезді анықтау көрсеткіші 30 пайыздан 70 пайызға артты. Сонымен бірге, онкологтар да сол суреттерді зерделеп, өкпенің қатерлі ауруын ертерек анықтай алады, яғни, бір түсірілім үш жақты қаралады,– деді А.Хорошаш.
Кешенді медициналық ақпараттық жүйеге сақталған мәліметтер емделушінің электронды картасына енгізіледі. Оны емделушінің өзі де, дәрігерлер де көре алады. Бұрынғыдай бір бума қағаз ұстап, сыймағанын пакетке салып жүретін заман өтті қазір. Баламен барсаңыз да, балаңыз туралы барлық мәліметті оның ЖСН-ын енгізіп жіберіп, тауып береді. «Қағазсыз аурухана» жобасының көздегені де осы мақсат. Тұрғындар үшін медициналық көмектің қол жетімділігін арттыру, медициналық қызметкерлердің жұмысын жеңілдетіп, тікелей өз міндетімен айналысуға мүмкіндік жасау. Биылғы жылдың бірінші тоқсанындағы мәлімет бойынша медициналық құжаттар мен журналдардың 25 түрі цифрлық форматқа көшірілген.
– Жасалған талдаулар ақпараттық жүйе арқылы облыс орталығындағы жеті ситуациялық орталыққа келіп түседі. Орталықтар маңызды әрі жиі кездеседі деген ауру түрлеріне, мәселен, инсульт пен инфаркт, жарақаттар, онкологиялық аурулар, хирургия және басқасына қатысты медициналық көмек көрсететін мекемелерде ашылған. Олар келіп түскен мәліметтерді қарап, кімге, қандай көмек көрсету қажеттігін анықтайды. Жедел жәрдем станциясына түскен шақырту қоңырауларына бару жылдамдығы да осы кешеннің арқасында артқан. Қоңырауды анықтап, оған қандай бригада баратыны шешіледі. Қазір жұмыс істейтін 117 бригада көліктерінің барлығына GPS орнатылған, олардың жылдамдықтарын да қадағалап отыруға мүмкіндігіміз бар,– деді басқарма басшысының орынбасары.
Сонымен қатар, Асқар Нәсіболлаұлының айтуынша, біздің ситуациялық орталықтың моделі былтыр Мәскеуде өткен осындай орталықтардың форумында медициналық қызмет көрсететін мекемелер арасында үздік деп танылыпты.
Қазіргі таңда КМАЖ басқа ақпараттық жүйелер арасында оқ бойы озық және еліміздің басқа аймақтарында да қолданысқа енгізілуде. Оның бір бағыты болып табылатын «Даму Мед» мобильдік қосымшасын облыстың 125 мыңнан астам тұрғыны белсенді пайдаланады. Апта сайын 7 мыңнан астам жаңа қолданушы тіркеледі. Басқарма берген ресми мәліметтерге сүйенсек, күн сайын аталмыш мобильдік қосымша арқылы 15 мыңнан астам адам үйден шықпай-ақ 6,5 мыңдай қызмет алады екен. Бұл жүйенің тағы бір бағыты – кезексіз емханалар жобасына қол жеткізуге жағдай жасайды.
Сурет интернеттен алынды.

Жансая ОМАРБЕКОВА.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button