Керуен жолға шықты

Осы жылдың 29 қыркүйегінде қаламыздағы «Достық үйінде» азаматтық бастамаларды жандандыруға және мейірімділік пен қамқорлық, адамгершілік құндылықтарды насихаттауға бағытталған «Қайырымдылық керуені» атты ІІІ республикалық байқаудың жеңімпаздары марапатталды. Мейірімділікке бастайтын ізгі жоба Нұрсұлтан Назарбаев қоры мен Қазақстан Іскер әйелдер қауымдастығының ұйымдастыруымен жыл сайын өткізіліп келеді.

Дәстүрлі шараның басты мақсаты – еліміздің дамуында игілікті іс жасап жүрген батыл да қамқор жандарды, меценаттар мен нағыз патриоттарды анықтау. Осы басқосуда Қарағанды облысы бойынша биылғы жылдың «Қайырымдылық керуені» атты ІV республикалық байқаудың басталғаны жарияланды.

Комиссия мүшесі ретінде ша қырылған «Ortalyq Qazaqstan» газетінің Бас редакторы Ерсін Мұсабек байқау туралы жылы лебізін білдірді:

– Мен осы байқауға «Ortalyq Qazaqstan» газетінің атынан ақпараттық қолдау көрсетуге қашан да дайын екенімді айтқым келеді. Осындай жобаның өтіп жатқанын ел білуі керек. Қайырымды, қамқор адамдар Арқа жерінде де баршылық. «Қайырымдылық керуені» атты байқау арқылы біз қоғамдағы, жан-жағымыздағы қайырымды, мейірімді азаматтарымызды тани берейік, – деді.

Бұл отырыста көктемде өткен «Қайырымдылық керуені» атты ІІІ республикалық байқаудың жеңімпаздары номинациялар бойынша марапатқа ие болды. Төтенше жағдайда ерлік көрсетіп, қайырымды іс жасаған балалар мен жасөспірімдерге берілетін «Бала жүрегі» номинациясы бойынша 8 сынып оқушысы Анастасия Пхенда лауреат атанды.

– Менің басымнан өте қорқынышты оқиға өткен еді. Мен балаларды құтқаратын кезде еш нәрсе ойламадым. Есімді жиған соң, ойлансам, сол кезде «өзім де тірі қалмас едім». Менің бұл ісімді ерлікпен тең санап, осындай марапат бергендеріңізге рақмет», – дейді Анастасия. Халықтық салт-дәстүрді сақтауда игі іс жасап жүрген қайырымды азаматтарға берілетін «Асар» номинациясы бойынша марапат Жомарт Мәлікке табыс етілді.

– Менің айналысатын ісім – қазақтың қолөнері. Мен осы істі қолға алғаныма 35 жылдай уақыт болды. Ата-бабамыздан келе жатқан қазақ қолөнерін кейінгіге дәріптеуді, ұмыт болып бара жатқан дүниелерді қайта жаңғыртып, оны заманауи қалыпта дамытуды, сол арқылы қазақ қолөнерін насихаттауды мақсат еттім. Осы мақсат жолында мектепте оқушыларға арналған «Қолөнер» үйірмесін аштым. Бұл 17 жыл бойы жұмыс істеп келеді. Біз онда балаларды саз аспаптары, тұрмыстық бұйымдар, ағаш өңдеу, сүйек, тері өңдеу ісіне баулимыз. Ал Достық үйінде өзім ашқан «Қазақтану» орталығы өз жұмысын жалғастырып келеді. Мұнда қазақтың қолөнеріне қызығушылық танытқан жас буын ғана емес, сонымен қатар бұл орталыққа ересектер мен өзге ұлт өкілдері де келеді, – дейді ол.

Төртінші рет өткізілетін бұл байқауға әлеуметтік, қоғамдық мәселелерді шешуге өз үлесін қосатын және өзгелерге игі ісімен үлгі бола алатын тұлғалар қатыса алады. Өтінімдер 2021 жылдың 30 қарашасына дейін қабылданады.

Гүлнұр СЕРІКЖАНҚЫЗЫ.