Бас тақырып

Кеншілер – Қарағандының жүрегі

Өмірі көмірімен байланысты Қарағанды – кеншілердің арқасында одақ кезінде аузымен құс тістеп тұрған-ды. Қазір бұл – аңыз. Қарағанды көмір бассейнінің сол кездегі дәурені жоқ. Ол дәуірі келмеске кетіп қалған. Жаңа технология еңбекті жеңілдетуде десек те, кеншілер жұмысы бәрібір, қауіпті, әрі ауыр екені кәдік. Тың технология жарысқа түскен кезеңде де кеншінің қайласы қолынан қағылып көрген емес. Ауыр һәм қауіпті еңбек ретінде қастерленетін бұл мамандықтың осы күні қадірі қаншалықты? Бейнетіне зейнеті лайық па? Жер астына түсіп, қара терге малынып, көмір өндіру, кенші болу мерей емес деп кім айтты сізге? Біле-білсек, Қарағанды – еліміздің индустриалдық тірегі болса, ал кеншілер – Қарағандының жүрегі еді. Жалпы, өзі Қарағанды – кенші мекені мәртебесінен айырылып қалған жоқ па?

Кезінде миллиардтаған тонна көмір алып, атақ пен даңққа бөленген кеншілердің жалғасы – бүгінде алатын айлығының аздығын айтып-ақ жүр. Бір кездері жоғары бағаланған еңбектің осы күні құнсызданғанына нала. Сондықтан болар, ара-тұра бой көрсетіп қояды. Бас жарып, көз шығармаса да, іштегі базыналарын билікке солай жеткізеді.

Ашық интернет ресурстардағы мәліметтерге жүгінсек, біздің кеншілердің айлығы өзге шетелдегі шахтерлермен салыстырғанда әлдеқайда төмен екендігін көреміз. Мәселен, АҚШ-тың шахтерлері жылына орташа 70 мың доллар табады екен. Яғни, айына 5,8 мың АҚШ доллар көлемінде жалақы алады. Теңгеге шаққанда, 2 млн. теңгеден асады. Ағылшындық кеншілер 55 мың фунт стерлинг тапса, айына 4,5 мың фунт стерлинг ( 2 млн.теңгеден артық) еңбекақы алады. Германияда кеншілер жер астындағы еңбегіне сағатына 19 еуродан, айына 3,5 мың еуро айлық (1 млн.300 мың теңгеден жоғары) төленеді. Ал, ресейлік шахтерлердің айлығы кеніш орналасқан өңірге байланысты көрінеді. Орташа айлық 43000 рубль айына. Теңгеге шаққанда 243 мың теңгеден асып жығылады. Украинада да өңіріне қатысты 5 мың-10 мың гривень көлемінде (60-120 мың теңге шамасы). Қытайда 80 доллар екен бір айлық кеншіге тиесілі. Бұл біздің бағаммен – 30,7 мың теңге. Біздің қазақстандық кеншілердің жалақысы орташа 200 мың теңге, жаңылмасақ. Қарап отырсақ, кеншілердің өзге елдерде әлі де еңбегі ескерусіз емес екен. Кеніш азайғанымен, ондағы еңбек азаймағаны мәлім.

Айталық, 1980 жылдары «Қарағанды көмір» бірлестігіне 26 шахта, екі көмір кеніші және 100 мың адам жұмыс істейтін басқа он шақты бөлімшелер енді. Жыл сайын шамамен 50 миллион тонна көмір өндірілді. 1978 жылдың қаңтар айында Қарағанды шахталарынан бірінші миллиард тонна көмір шығарылды. Бүгінде жылына 30 млн.тоннадан астам көмір өндіріледі.

Деректерге сүйенсек, келмеске кеткен Кеңес үкіметі кезінде шахтерлер басшылықтан екі есе артық, тіпті, министрден көп жалақы алған. Оны айтамыз, сол кездегі айлықпен шахтерлер, басқа емес, Мәскеудің өзінен пәтер сатып алатындай жағдайда болыпты.

Қателеспесек, осы күні Қарағандыда 10-ға жуық шахта жұмыс істеп тұр. Оның өзі қандай алпауыттың қолында екені және мәлім.

Кейде мына жұмыр басқа «Қарағанды – шахтерлер қаласы атанған мәртебесінен айырылып қалмады ма?» деген сауал келеді. Сіз қалай ойлайсыз?!

Қызғалдақ АЙТЖАН

Басқа материалдар

Back to top button