Кемел кісілігімен танылған тұлға еді…
Арқа жұртшылығы, Қарағанды халқы орны толмас ауыр қазаға душар болды.
Көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, Қарағанды облысының және Ақтоғай ауданының Құрметті азаматы, жерлесіміз Рымбек Жүнісұлы Жүнісов 84 жасқа қараған шағында өмірден озды.
Рымбек Жүнісұлы Арқа өңіріне ғана емес, барша қазақ еліне іскерлігімен, отансүйгіштігімен, биік парасат, кемел кісілігімен танылған тұлға еді.
Ол 1941 жылы 1 наурызда Қарағанды облысы, Қоңырат ауданы (қазіргі Ақтоғай ауданы), Ақтоғай селосында дүниеге келген. Кешегі Алаш көсемдерінің алтын бесігінде өмірге келіп, асқақ рухты бойына сіңірген Рымбек Жүнісұлы еңбекке ерте араласты.
1960 жылы Талғар ауыл шаруашылығы техникумын агроном мамандығы бойынша бітіріп, еңбек жолын туған жері Ақтоғай ауданы, Сталин атындағы колхоздың (қазіргі Жидебай селолық округі) агрономы болып бастады. Араға екі жыл салып, яғни, 1962 жылы Алматы ауыл шаруашылығы институтының күндізгі бөліміне оқуға түсіп, оны 1967 жылы «ғалым-агроном» мамандығы бойынша бітіреді де, сол жылы жаңадан құрылған «Қоңырат» совхозының бас агрономы болып тағайындалды.
1971-1973 жылдары Ақтоғай аудандық атқару комитеті ұйымдастыру бөлімінің нұсқаушысы, аудандық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары қызметтерін абыроймен атқарып, 1973 жылы «Қызыларай» совхозының директоры лауазымына тағайындалады.
Ал, 1981-1985 жылдары Ақтоғай аудандық атқару комитеті төрағасының бірінші орынбасары лауазымына жоғарылап, аудандық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы қызметін атқарды.
1985-1990 жылдары аудандық атқару комитетінің төрағасы, аудандық партия комитетінің екінші хатшысы, кейіннен бірінші хатшысы болып сайланып, тоқырау жылдарында шалғайдағы Ақтоғай ауданының экономикасын еңселендіруге бар күш-жігерін жұмсады. Ауыр экономикалық дағдарысқа душар болған туған жерін өрге сүйреген еңбегі мемлекет тарапынан да, аудан тұрғындары тарапынан да зор құрмет, селкеусіз сенімге ие болып, 1990 Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланды. Ол – 1991 жылы «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі» туралы Конституциялық Заңды қабылдауға қатысқан, Заң жобасын белсенді түрде қолдаған халық қалаулысы.
Іскер ұйымдастырушы, білікті басшы Рымбек Жүнісұлының бұдан кейінгі еңбек жолы республикалық деңгейдегі құрылымдарда жалғасты.
1992-1994 жылдары ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінде инспекция басшысы, 1994-1995 жылдары ҚР Қаржы министрлігі Ауыл шаруашылығы кешені басқарма басшысының орынбасары лауазымдарын атқарды.
1995-1998 жылдар аралығында Алматы қаласындағы
«Алатау» базарының директоры болды. Одан кейін сегіз жыл бойы (1998-2006 жж.) Алматы қаласы бойынша жер ресурстарын басқару Комитеті төрағасының орынбасары болып абыройлы қызмет етті.
2006 жылдан өмірінің соңына дейін «Ақмола-Бетон» ЖШС директорлар кеңесінің төрағасы болып, Астана қаласының құрылысына өлшеусіз үлес қосты.
Рымбек Жүнісұлының ұзақ жылғы жемісті еңбегі мемлекеттік деңгейде лайықты бағасын алып, екі мәрте «Құрмет белгісі» орденімен, тәуелсіз Қазақстанның аса мәртебелі марапаттары «Құрмет», «Парасат» ордендерімен және көптеген медальдармен марапатталды. Қазақстан Компартиясының XVI, XVII съездеріне делегат болып сайланған.
AMANAT партиясының және Қазақстан халқы Ассамблеясының белсенді мүшесі.
Туған жерін ерекше сүйген бір азамат болса, ол – Рымбек Жүнісұлы. Оның соңында қалған «Көңілге түйгендерім», «Тоқырауын тоқырамасын» атты кітаптары – соның айғағы.
Біртуар азамат, қажырлы қайраткер Рымбек Жүнісұлының ел игілігі жолындағы еңселі еңбегі, асқақ тұлғасы, жарқын бейнесі жерлестерінің жүрегінде мәңгі сақталады.
Марқұмның қайғылы қазасына байланысты Рымбек Жүнісұлының отбасына, ағайын-туыстарына, барша Арқа жұртшылығына қайғыра көңіл айтамыз.
Е.БӨЛЕКПАЕВ, А.ТАЙЖАНОВ, Б.АСАНОВ,
Е.АЛПЫСОВ, Е.ҚҰСАЙЫН, Ә.ӘЛДЕНЕЙ,
Е.ҒАЛИЕВ, Н.БИКЕНОВ, Н.КОБЖАНОВ,
Е.АЙМАҒАМБЕТОВ, Р.ОМАРБЕКОВА,
Б.АЛТЫНБЕКОВ, С.АҚСҰҢҚАРҰЛЫ, О.ТӨРЕҒОЖИН.