Келешектің командирлері
Октябрь аудандық Молодежный мәдениет үйінде Ұлы Жеңістің 72 жылдығы, Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің құрылғанына 25 жыл толуына орай, №18 орта мектептің жоғарғы сыныптары арасында сайыс өтті.
«Ұлан әскери саптық жаттығулар және сапта жүріп ән салу» деп аталған сайыстың мақсаты – келешек ұрпақты отансүйгіштікке, қазақстандық патриотизмге тәрбиелеу. Әр сыныптың өзара ұйымшылдығы мен белсенділігі бағаланған сайыста оқушы бойына ұлттық рух, намыс, жігер сияқты асыл қасиеттер сіңіріліп, шынайы әскери өмірді сезіне алды.
Сайысқа қонақ ретінде қатысқан ҚР Қарулы күштерінің ардагері М.Асамиденов, «Ардагер» қоғамдық бірлестігінің төрағасының орынбасары С.Сахнов, Ауған соғысының ардагерлері Л.Фальго мен А.Акбаров және №52859 әскери бөлімі ата-аналар кеңесінің төрағасы М.Фатеева іс-шараның жоғары деңгейде өткізілгенін айтып, мектеп оқушыларына патриоттық тәрбие берудегі орнын көрсетті.
Сайыс қорытындысы бойынша үздік шыққан 10-сынып оқушысы Е.Хамитов 1-ші орынға лайық деп танылса, 7-сынып оқушысы А.Әмірбеков 2-ші орынды, 9-сынып оқушысы Б.Ұрынбаев 3-ші орынды олжалады.
М.ҚҰМАРОВ,
№18 орта мектептің дене шынықтыру пәнінің мұғалімі.