Жаңалықтар

Келелі жиын келешек үшін

Президент Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ Қазақстан халқына арнаған Жолдауында «Қазақстанның ауыл шаруашылық әлеуеті зор. Бірақ, агроөнеркәсіп кешені саласында қордаланған проблемалар да аз емес» дей келе, аталмыш саланы дамытудағы негізгі басымдықтарға жекелей тоқталып өтті. Қосалқы шаруашылықты дамыту, тауар өндірушілерге қолайлы жағдай туғызу, азық-түлік бағасының қымбаттауына жол бермеу, жайылымдық жерді тиімді пайдалану, ветеринария саласын дамытуды ерекше назарға алып, тиісті тапсырмалар да берді. Аталмыш бағыттар Қарқаралы қаласындағы Мыңжасар Әдекенов атындағы ауыл шаруашылық колледжінде өткен республикалық конференцияның негізгі тақырыбы ретінде талқыланып, тиісті шаралар қабылдауды қажет ететін ұсыныстар тізбегі бекітілді. Конференция барысында аймақ басшысы Жеңіс Қасымбектің құттықтауын жеткізген облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Гүлбақыт ЖҮНІСОВА оқу орнының бірқатар оқытушылары мен зейнеткер ұстаздарын марапаттады.

Конференция модераторы колледж директоры Саят Оспанов өз баяндамасында тарихы тереңнен тамыр тартқан оқу орнының алғашқы құрылуы, жылдар өте кәсіби білім беру аясының кеңейгендігі, алғаш білім алған шәкірттері, олардың елге белгілі, мамандығына адал азамат болып қалыптасуына ықпал еткен колледждің тарихына кеңінен тоқталып өтті. Алғашында 40 маман даярлаудан жұмысын бастаған оқу орыны әуелде Қарқаралы ауыл шаруашылық мектебі, кейін Қарқаралы мал дәрігерлік-зоотехникалық техникумы болды. Атауы өзгергенімен бағытынан танбаған білім ордасы 13 мыңдай ауыл шаруашылық саласына қажетті кәсіби мамандарды даярлаған. Осы жылдар ішінде өз ісінің білгір мамандары – ұстаздар қауымының еңбегі ерен. Теория мен білімді ұштастыра білген оқытушылардың еңбегінің жемісі – бүгінде ауыл шаруашылығы саласына еңбегі сіңген қайраткерлері мен еліміздің түкпір-түкпірінде жемісті еңбек етіп жүрген нағыз кәсіби мамандар. Жылдар өте келе жаңару мен жаңғыруды көздеген оқу орыны сапалы білім беру мен түрлі мамандар даярлауды арттырды.

– 2015 жылы Қарқаралы көпсалалы колледжі Қарқаралы ауыл шаруашылық колледжіне қосылып, оқу орнына ауыл шаруашылығы өндірісінің дамуына оның ішінде мал шаруашылығының өркендеуіне үлес қосқан білімді де білікті ел азаматтарының бірі, белгілі ғалым, ұстаз, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты Мыңжасар Әдекеновтің есімі беріліп, Қарқаралы ауыл шаруашылық колледжі жоғарыда аталған көпсалалы колледждің заманауи, талапқа сай жаңа ғимаратына көшірілді. Сондай-ақ, Мыңжасар Әдекенов атындағы әлемдік өркениетке бет алған 90 жылдық тарихы бар іргелі оқу орнында «Ветеринария», «Туризм», «Дәнекерлеу ісі», «Тамақтандыруды ұйымдастыру», «Автокөліктерге техникалық қызмет көрсету, жөндеу және пайдалану», «Зоотехния», «Фермер шаруашылығы», «Агрономия», «Орман шаруашылығы, бақ-саябақ және ландшафт құрылысы» және сырттай бөлімде «Экология және табиғатты пайдалану», «Есеп және аудит» мамандықтары бар. Білім мен тәрбие бере отырып, бәсекеге қабілетті, білімді де білікті мамандар даярлауда колледж оқытушылары ерен еңбектерімен көзге түсуде.

– Қазақстан Республикасы бойынша оқу орындары арасындағы интеграциялық байланыстарды дамыту мақсатында Нұр-Сұлтан қаласындағы С.Сейфуллин атындағы қазақ агротехникалық университетімен, Семейдегі Ш.Құдайбердіұлы атындағы университетімен осы бағытта тығыз байланыс орнатып келеді және ветеринария мамандығы бойынша бітірген студенттер осы оқу орындарында оқуларын жалғастыруда. Колледжде 8 аудитория интерактивтік тақтамен қамтылған, футбол, баскетбол және волейбол ойнайтын алаңдары, спорт залдары, медициналық кабинет, асхана, 3 зертхана, 10 заманауи жабдықталған шеберхана және оқу шаруашылығы жұмыс атқарып отыр, – дейді колледж директоры Саят Оспанов.

Ауыл шаруашылығын дамыту және оған қажетті мамандар даярлаудың өзектілігі туралы келелі жиынды бастамас бұрын Қарқаралы ауданының әкімі Эльдар Дүйсетаевтың құттықтау тілегін жеткізген аудан әкімінің орынбасары Сайлау Әлиұлы аталмыш колледждің ауыл шаруашылығы дамыған аудандағы алатын орынын атап айтты.

«Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауына сәйкес, аймақтағы ауыл шаруашылығының даму перспективалары» тақырыбында баяндама жасаған Қарағанды облысы ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Сырым Бошпанов айтулы мерейтойға орай құттықтау лебізін жеткізді.

«Жануарлардың жұқпалы ауруларының қаупін бағалау мен болжауда ақпараттық-коммуникациялық технологияларды қолдану» тақырыбында С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің ветеринария және мал шаруашылығы технологиясы факультетінің деканы, ветеринария ғылымдарының докторы профессор Сәрсембай Әбдірахманов, «Тамақ және қайта өңдеу саласында жаңа буынның инновациялық, биоэкологиялық өнімдерін әзірлеу және олардың қазіргі жағдайдағы маңыздылығы» туралы Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы ғылымдары академиясының академигі, биология ғылымдарының докторы, тамақ өнеркәсібі және қайта өңдеу ғылыми-зерттеу институтының профессоры Мәсімжан Велямов, «Мал шаруашылығы өнімдерінің сапасы мен қауіпсіздігі» жөнінде ветеринария ғылымдарының докторы, Ш.Құдайбердіұлы атындағы университеттің профессоры Серғазы Дүйсембаев, «Қазақстан Республикасындағы тамақ қауіпсіздігінің жағдайы туралы» С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің ветеринарлық санитария кафедрасының профессоры Балғабай Майқанов, Ақмола облысы білім басқармасы жанындағы Ауыл шаруашылығы колледжі директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Лилия Домбровская, «Ауыл шаруашылығы мамандарын даярлаудың өзекті мәселелері және оларды шешу жолдары» тақырыбында Құлан жоғары агротехникалық колледжінің директоры Олжас Мұсақұлов тұщымды баяндама жасады.

Баяндамалар мен хабарламалар тыңдалып, талқыланғаннан кейін, конференция қатысушылары еліміздің ауыл шаруашылық саласына қатысты түйіткілді мәселелерді тізбектеді. Ең алдымен, көтерме-тарату орталықтарын құра отырып, азық-түлік бағасын бақылауда ұстау, ауа райының қолайсыздығын ескере отырып, мал азығын дайындау, ауыспалы егістік алқаптарын қайта айналымға енгізу және тағы басқа агроөнеркәсіп кешеніне қатысты мәселелерді шеше отырып, бос жатқан жерлерді тиімді кәдеге жаратудың маңыздылығы баса айтылды.

Субсидиялау ережесіне өзгерістер енгізу, орта шаруашылықтарға қолжетімділігін ыңғайластыру баяндамалар тақырыбынан тыс қалмады. Аталмыш кешеннің техникалық базасын жаңарту, өнім көлемін арттыруда асылтұқымды топтарды кәдеге жарату еңбек өнімділігінің негізгі өзегі болмақ.

Баяндамашылар жоғарыдағы кемшіліктерді жою үшін ауыл шаруашылық өнімдерін өндірушілер егіс сынағын, әр түрлі сұрыпқа жататын ауыл шаруашылық дақылдарының бөлек жиналуын, дәннің тазалануын, сұрыпталуын және кептірілуін, сондай-ақ, оның нан қабылдайтын пунктердегі сұрыптарға сәйкес тапсырылуын мұқият жүргізуі қажет екендігін тілге тиек етті.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев көтерген мәселелер жан-жақты қамтылды. Баяндамалар тыңдалып, пікірлер айтылды. Агроөнеркәсіп кешенін түбегейлі өзгерту мүмкін емес, алайда айтылған ұсыныстар ескерілсе, мәселені шешуге мүмкіндік туар еді. Келелі ой айтып, кеңескен ғылыми-тәжірибелік конференцияда көптеген ұсыныстар айтылды. Бастысы, отандық өндіріс тауарларын өткізуге ықпал ететін инновациялық технологияларды қолдану арқылы ауыл шаруашылық өнімдерінің бәсекеге қабілеттілігін арттыру, ауыл шаруашылығын дамыту үшін жаңашыл идеяларды ұйымдастырып, пайдалану мүмкіндіктерін зерттеу, осы сала мамандарын даярлауға және тәжірибелік тұрғыдан оқытуға бағытталған колледждердің жұмысшы мамандықтарының беделін көтеру, ауылдағы жастардың зияткерлік шығармашылықтарын дамыту, оларды ғылыми-тәжірибелік қызметке тарту, М.Әдекенов атындағы Қарқаралы ауыл шаруашылық колледжінің базасында мал шаруашылығы және өсімдік шаруашылығы бойынша мамандарды қос бағытта дайындау үшін тәжірибелік курстары бар проблемалық зертханаларды ұйымдастыру мәселесін көтерді. С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетімен, Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетімен, Ш.Құдайбердіұлы атындағы университетімен М.Әдекенов атындағы Қарқаралы ауыл шаруашылық колледжімен білім беру және ғылыми-техникалық ынтымақтастық жөнінде меморандумдар жасау жөнінде нақты қадамдар ұсынылды.

Сағыныш ӘБІЛ.

Басқа материалдар

Back to top button