Білім

Келелі ойлар кеңесі

Орталық Қазақстан академиясында «Ғылым және білім – қазіргі жағдайдағы қоғам дамуының маңызды факторы» атты  X  халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті. Жиынға шетелдік ғалымдар да қатысып, ғылым және білімнің даму жайын талқылады. Орталық Қазақстан академиясына бірнеше елдің ғалымдары келді. Сонымен қатар, бұл жиынға онлайн қатысқан ойшылдардың да қарасы қалың.

Орталық Қазақстан академиясы осымен оныншы мәрте мәселелерді жан-жақты талқылауда.  Конференцияда әлемнің 11 елден келген ғалымдар, педагогтер, заңгерлер мен тәжірибелі экономистер 100-ге жуық баяндама жасады. Түркия, Армения, Қырғызстаннан қонақтар арнайы келген. Сонымен қатар, Польша, Германия, Чехия, Түркия, Ресей, Беларус, Армения, Қырғызстан және Өзбекстан елдерінің жоғары оқу орындарының оқытушы, ғалымдары да онлайн қатысты.

Конференцияда құқықтану, әлеуметтік ғылымдар, педагогика, психология және филологияның өзекті тақырыптары сөз болды.

Соның ішінде қазіргі заманның ең даулы тақырыптарының бірі – нейрондық желілерді дамыту.

– Ғылым, негізінен, екінші немесе соңғы сатыға түспейді, ол әрқашан алда болады. Алдағы уақытта өзіміз ойлап тапқан темір роботтарға адамзат қызмет жасауы да мүмкін, – деп қайырды өз баяндамасында  Орыс-Армян университетінің орыс тілі және кәсіби коммуникация кафедрасының оқытушысы, академик  Армен Акопян.

Ал, «Девиантты мінез-құлық (лат. deviatio – ауытқу) – жалпыға ортақ ережелерден ауытқитын әлеуметтік іс-әрекет, осы ережелерді бұзатын адамдар мен әлеуметтік топтардың қылықтары, қабылданған құқықтық немесе моральдық нормаларды бұзған адамның мінез-кұлқы», – деген Өзбекстаннан келген Фергана мемлекеттік университетінің PhD докторы Махлиё Юлдашева осы салаға тоқталды.

Кең мағынасында девиантты мінез-құлық кез келген әлеуметтік ережелерден (мысалы, оның ішінде жағымды: батырлық, аса еңбекқорлық, альтруизм, өзін құрбан ету, аса үлкен рөл ойнау, жетістіктермен қатар, жағымсыз: қылмыс, қоғамдық тәртіпті бұзу, адамгершілік ережелерін, дәстүрді, әдет-ғұрыптарды аттап өту, өзіне-өзі қол жұмсау және т.б.) ауытқушылықты білдіреді.

Сонымен қатар, алқалы жиында ғылым мен білім саласындағы басқа да мәселелер, атқарылған жұмыстар ортаға салынды.

Негізінде Орталық Қазақстан академиясы бірнеше бағытта жұмыс жасайды. Осы іс-шара – оныншы рет өткізіліп отырған халықаралық конференция. Әр жыл сайын көктемде өткізу дәстүрге айналған.

Бұл жиында ғалымдар бір жылдық есебін береді. Биылғы конференцияның ерекшелігі – мерейтойлық академияның 10 жылдығымен тұспа-тұс келген мерейтойлық жыл болғандығы. Екіншіден, шетел ғалымдарының офлайн түрде қатысуы.

Академия тек қана ғылыми бағытта жұмыс атқармайды, бұл жерде заң ғылымы, филология яғни тіл, лингвистикамен, одан кейін экономика, педагогикамен де айналысады және заң жүзінде қылмыстық бағыттағы «QR-код арқылы қылмыстық жұмыстарды шешу» атты жобалары бар. Сол арқылы студенттерге, магистранттарға білім береді.

Одан кейін экономикада «Қашықтан оқыту кезіндегі экономикалық бағыттарды санаудың негізгі түрлері» атты экономистерге арналған жобалары бар.

Қазіргі таңда академияда зағип, девианттық қиын балалар туралы оқыту әдістемелері бар. Осы жұмыстардың барлығын бір жылдық ғылыми конференцияда ғалымдар бір-бірімен салыстыра отырып, зерттеу жұмыстарын жүргізеді.

Ғылым мен білімді ұштастырған жаңа қоғам конференциясының қорытындысы үш тілде ғылыми жинақ болып шығады. Сонымен қатар, ғылыми кітапхананада электронды түрде қолжетімді болады.

Аида РАХЫМҚҰЛОВА,

ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button