Келелі кездесу — тың бастамалар

Табысты болудың басты шарты – өзіңе деген сенімділік. Студенттер диплом алған соң қызметкер болуды емес, жұмыс берушіге айналуды армандауы керек. Сол кезде елдің еңсесі тіктеліп, экономикамыз өрістейді. Бизнесте мүмкін емес нәрсе жоқ. Өз ісіне ынта қойып, бар күш-жігерін жұмсаған жан табысты нәтижелерге қол жеткізері анық. Теміртау қаласындағы Тұңғыш Президент атындағы тарихи-мәдени орталықта өткен TED форматындағы кездесуде жас та болса, биік белесті бағындыра білген азаматтар дәл осындай ойды ортаға салды.

Металлургтер шаһарында ТЕD форматындағы кездесу алаңы алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Теміртаулық жастармен кездесуге астаналық кәсіпкер Эмин Әскеров, арт-студия жетекшісі Наталья Воротынская, әзілкеш Сергей Хегай, спортшы Алмас Несіпберлинов және көкшетаулық танымал блогер Әмина Исмаилова келді. Қалалық әкімдіктің ішкі саясат бөлімінің басшысы Динара Жүнісованың айтуынша, кездесуге шақырылған қонақтарды университет пен колледждердің студенттері өздері таңдаған.

  • Өздерінің армандары мен мақсаттарын жүзеге асыра білген азаматтар жастарға үлгі болуға әбден лайық. Осы шараны ұйымдастырмас бұрын оқу орындарында сауалнама жүргіздік. Соның қорытындысы бойынша бүгінгі кездесудің басты қонақтары шақырылды. Олар – білім мен еңбектің арқасында табысты бизнес моделін жасап, өз салаларында айтулы жетістіктерге жеткендер. Қатарластарының жетістігін көрген студенттер кәсіп үйреніп, сапалы білім алуға ұмтылары анық, – деді Динара Жүнісова.

Әлеуметтік бизнесті нөлден бастап қалай құруға болатынын айтқан астаналық кәсіпкер Эмин Әскеров осы саладағы тәжірибесімен бөлісті.

– Біздің ағаш өңдеу және тігін цехтарымыз кез келген кәсіпорынды жолда қалдыруға қауқарлы. Мүмкіндігі шектеулі жандардың қолынан шыққан өнімдердің сапасы ешкімдікінен кем емес, тіпті, кейде артық болып та жатады. Қазір еліміздің әр өңірінде мүмкіндігі шектеулі жандарды қолөнерге баулитын арнайы мектептер ашып жатырмын. Мақсат – өз тәжірибемді өзгелермен бөлісу, – деді Эмин Әскеров.

Кәсіпкердің айтуынша, алдына мақсат қоя білген адам қашан да оң нәтиже шығарады. Мәселен, осыдан біраз уақыт бұрын Эмин Әскеровтің мектебіне Фархат есімді азамат жазылған екен. Көз жанарының 95%- нан айырылған азамат ұзақ уақыт бойы өзін қораш санап, қоғамнан алшақтап қалған. Әйтсе де, бақытты өмірден күдерін үзбеген жігіт тоқыма өнерін үйреніп, маман болуды қалайды. Жас жігіттің меселін қайтармай, жұмысқа қабылдаған кәсіпкер әуелде оның қолынан іс келеріне сенбейді. Алғашқы кезде солай болған да. Зағип жанды былай қойғанда, дені сау адамның өзі тоқыма өнерін еркін меңгеріп кете алмайды емес пе? Фархат үш айда бірде-бір себет тоқи алмайды. Істеген ісі өзінің де, айналасындағылардың да көңілінен шықпай тауы шағылады. Осы сәтте Эмин бұл жігітті жұмыстан шығарып жіберуді де ойлапты. Алайда, өмірдің мәнін енді тапқандай болып, қолынан келмесе де, себет тоқуға бар ынтасын салған азаматты көргенде райынан қайтады. Турасы, «жұмыстан шықтың» деген екі ауыз сөзді айтуға батылы бармай, тосылып қалады. Күндердің күнінде Фархат дегеніне жетіп, тоқыма өнерінің шеберіне айналады. Адамның көзі көрмесе де, түйсігі ояу болса және үнемі жаттықса, кез келген қолөнер түрін меңгеріп шығады екен.

– Фархаттың қолынан шыққан себетті көргенде көзіме жас үйірілді. Бір кездері осы жігіттің меселін қайтарып, жұмыстан шығарып жібермек болғаным есіме түскенде ұяттан өртенердей болдым. Өмір үшін күресуден тайсалмай, қолға алған ісін соңына дейін жеткізуге талпынған Фархат қазір өз кәсібін ашып, дені сау адамдарды тоқыма ісіне баулып жүр. Керемет емес пе? – деді Эмин Әскеров.

Бірнеше сағатқа созылған ашық әңгіме шараға қатысқан жастардың да көңілінен шықты. Спикерлердің әр сөзіне мән беріп, ықыласпен тыңдаған студенттер өз сұрақтарын қойып, мардымды жауап алды.

Кездесуден алған әсерімен бөліскен Қарағанды мемлекеттік индустриялдық университетінің студенті Ангелина Шатерникова дәл осындай шаралар жиі ұйымдастырылса екен деген тілегінде жеткізді. Айтуынша, мұндай кездесулер үлкен өмірге енді қадам басқан оқушылар мен студенттердің дұрыс таңдау жасап, алдарына мақсат қоя білуіне жол ашады.

Теміртау қалалық әкімдігі ішкі саясат бөлімінің мамандары Жастар жылында осындай ілкімді істерді көптеп ұйымдастыруды жоспарлап отырғанын айтты. Қазіргі таңда келесі кездесуге шақырылатын спикерлер тізімі нақтылануда.

Нұрлыхан ҚАЛҚАМАНҰЛЫ