Кей ауылдың үйінен бейіті көп
Кей ауылдар тозып, үйлері құлауға айналған. Ал, бейіттері керісінше, қалың. Тірілердің ауылынан гөрі өлгендердің «ауылы» «өсіп» барады. Кесене мен күмбездері бір бөлек. «Бақсақ, бақа екен» демекші, тіпті, банктен несие алып, зәулім бейіт көтеретіндер де бар көрінеді. Осы қаншалықты дінге де, ақылға да сыйымды? Олай болса, мамандар пікіріне, шариғи шешімге жүгініп көрелік. Бұл арада әңгіме тарихи кесенелер туралы емес. Бірден басын ашып алайық. Мәселе кейінгі зират салу бәсекесі жөнінде.
Шариғат не дейді?
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы шығарған «Зират және зиярат мәдениеті» кітабының «Зират көтеру мәдениеті» тарауында: «Мұсылман жұртшылығы қайтыс болған кісінің есімі мен жатқан жері белгілі болсын деген мақсатпен оның басына құлпытас қоюды әдетке айналдырған. Құлпытастардан бөлек зират басына үлкен ескерткіштер, сәнді қоршаулар, мүсін кеуделер тұрғызу марқұмға ешқандай пайда бермейді. Өлілер үшін пайда келтірмейтін істі «тірілер көрсін немесе естісін» деген ниетпен жасау Алланың разылығынан алыстатады…
…Шариғат заңдары зираттарды сәндеуді, үлкен ескерткіштер орнатуды талап етпейді. Керісінше мұсылман зираты барынша қарапайым болғаны жөн. Қорымға қойылатын құлпытастарды бір-бірінен асып түсетіндей етіп әсіре сәндеу немесе оған мол шығын жұмсау ысырапқа жататындықтан шариғат мұны құптамайды. Дініміз ондай әрекетке тыйым салады» делінген.
– ҚМДБ ашқан «Қамқор-Шарапат» салттық қызмет көрсету орталығы жерлеу-рәсімдеу жұмысымен айналысады. Мақсаты – зираттарды, жерлеу рәсімдерін бірізге келтіру. Астанадан басталған қызмет негізінде Саран қаласындағы Сұрыптау кентіндегі зиратта тиісті жұмыстар атқарылуда. Яғни, мұнда зират жалпы қоршалады да бейіт басына тек құлпытас қойылады. Болашақта облыстағы басқа да зираттардан осындай сектор ашылып, бірізге түсірілмек. Бұл бәсеке мен ысырапты тыюға септігін тигізетін ізгі іс, – дейді осы орталықтың Қарағанды облысы бойынша жауапты өкілі Бақдәулет Қыдырбайұлы.
Тарихи күмбез – құнды дерек, қазіргілер – бәсеке
Дегенмен, археология, этнография мамандары мұндай күмбездерсіз тарихи дерек алу қиын екенін айтады.
– Атақты адамдардың басына күмбез орнату – ертеден келе жатқан дәстүр. Ол қола дәуірінен басталады. Бұл әлемнің барлық жерінде кездеседі, мұсылман елдерінде де бар. Егер, Ахмет Яссауи, Қарахан, Айша бибі, Алаша хан, Жошы хан, Домбауыл секілді көптеген кесене болмаса, тарихымыздан сыр шертетін, бабаларымыздың діні, ділі, өмірлік ұстанымы, ғылымы, архитектурасы туралы деректер ала алмаған болар едік. Жерленген тұлға, пайдаланған материал, құрылыс салу тәсілі, жерлеу ғұрпы, кірпіштің көлемі бәрі ғылым үшін маңызды.
Қазіргі ақшасы бардың бәрі салып жатқан мәрмәрленген күмбездер – байлықтың, бәсекенің көрінісі, – дейді облыстық тарихи-өлкетану музейі жалпы тарих, археология және этнография бөлімінің басшысы Дәурен Жүсіпов.
Ал, осы саланы зерттеп жүрген археолог ғалым Темірғали Аршабеков бұл бейіт күмбездің тарихта шекаралық белгі ретінде салынғанын айтады. Қазір ше? Қазір қандай белгі?
– Қазақ халқының салт- -дәстүрінде бұл «күмбез, кесене, бейіт, төрт құлақты бейіт» деп те аталады. XIX ғасырдың екінші жартысынан бастап, Орталық Қазақстан өңірінде күмбез, кесенелер шекаралық белгі ретінде салына бастады. Себебі, әр рудың патша отарлығы кесірінен бұрынғы көші-қон жері тарылды. Әр болыс белгілі аумақтағы жерге көшіп-қонуы тиіс болды. Салынған күмбез, кесенеден сол жерде қай тайпа, рудың өмір сүргенін білеміз. Негізінен күмбез, кесенелер белгілі, атақты тұлғаларға қойылған. Ал, қазір ақшасы бардың бәрі еңселі бейіт көтереді. Мұсылмандық рәсім бойынша, қайтыс болған адамның басына құлпытас қойылады. Құлпытас – үлкен философия. Жоғарғы жағы дөңгеленіп, айдың белгісі қойылып, төменгі жағына адамның өмірдерегі жазылады. Ал, суретін қашау кеңестік дәуірден қалған. Негізі бұрын сурет қашалмаған. Мұны шариғат та құптамайды, – дейді тарихшы Темірғали Тілеубекұлы.
Ел ішінде әр рудың жеке қорымы бар
Қарағанды маңындағы «Соқыр» қорымына «Жалаңтөс батыр» есімі берілді. Бұл жерге алдымен «Соқыр» атанып кеткен Жалаңтөс батыр жерленген. Кейін келе маңайы осындағы елдің өмірден өткен туыстарының бейітімен толысыпты.
– Қорым қалада және қала маңында тұратын халықтың өмірден өткен жақындарын жерлеуге арналған. Аумағы 15 гектардай жерді алып жатыр. Мұнда өмірден өткен туысыңызды жерлегіңіз келсе, жердің және бейіт көтерудің ақысын төлесеңіз болды. Бәрін атқарып беретін ұйым қызметіңізге дайын. Орта есеппен жері мен қызметіне 140-150 мың теңге қаражат керек, – дейді қорымдағы бейіт қазу, көтеру жұмысымен айналысатын «Айжан-1» ЖШС қызметкері Мейрамбек есімді жігіт.
Мәселен, Қарақалпақстандағы Беруний ауданында «Сұлтан-Уәйіс» зираты бар. Сұлтан Уәйістің мавзолейі осында орналасқан. Тұрғылықты халық атақты ислам ғұламасының маңайына өмірден өткен туыстарын жерлеп, үлкен қорымға айналдырған. Сұлтан Уәйіс мавзолейі – Орта Азиядағы ірі рухани орталықтардың бірі. Ол туралы ел аузында түрлі аңыз бар. Сұлтан Уәйіс қазақ, өзбек, қарақалпаққа ортақ тұлға.
Айтпағым – ол жақта әр ауылдың маңынан жеке қорым ашу деген мүлдем жоқ. Өмірден өткендер сол ортақ қорымға жерленеді. Ал, біздің, әсіресе, Арқада әр рудың, ауылдың жеке қорымы бар. Ол жердің кеңдігінен болса керек. Оның үстіне, Арқада қыс қатты әрі ұзақ, аудандар мен ауылдардың арасы да алыс…
Әр өңірде, әр аудан, қала, ауыл, кент маңында елдің өз қорымы бар. Қарағанды қаласы маңында да бірнеше қорым бар. Байқағанымыз – ауылдар азайып, бейіттер, қорымдар көбейіп барады.
«Әр елдің салты басқа, иттері қара қасқа». Әлем жұртының рәсімі де әртүрлі. Мысалы, арабтар өмірден өткен кісіні жерлеп, топырағын үйіп, үстіне тастан белгі қояды. Шотландтар ертеректе ағашты ойып, мәйітті ішіне салып жерлеген. Яғни, сыртына емес, ішіне көп мән берген. Тағысын тағылар.
Ал, қазақ баласы ислам дініне сүйеніп, өз салт-дәстүрі негізінде жерлейді. Дегенмен, «күндердің-күнінде осы бейіттер шаһарға айналып, өлілердің қаласы пайда болғанда, қоғам қайтер екен?» деген көкейдегі сұраққа көп жыл жауап ала алмай келеміз.
Жәлел ШАЛҚАР.