Руханият

Әке жолын жалғаған

Ұлт тарихы мен әдебиетті, өнер мен мәдениетті зерделеп жүрген көрнекті ғалым Мұрат Әуезовтің 80 жылдығына арналған «Мұрат Әуездің мәдени мұрасы» атты безендірілген кітап экспозициясы Н.Гоголь атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапхананың оқу залында ашылды. Кітапхана қызметкерлері мерейтой иесінің өмірі мен ғылыми-шығармашылығын қамтитын көрмеге әдеби шолу жасап, бейнежазба түрде ықшамдап, көрермен назарына ұсынды.

Көрмеге Мұрат Әуездің әр жылдары жарық көрген еңбектері, мақалалары, ол туралы басылымдар қойылған.

Қоғам және мемлекет қайраткері, мәдениеттанушы Мұрат Әуезовтің «Ділім» атты кітабына әр жылдардағы мақалалары, түрлі басылымдарға берген сұхбаттары республикалық және халықаралық симпозиумдарда жасаған баяндамалары мен ой-пікірлері топтастырылған. Кітапта автор еліміздегі қоғамдық-саяси және әлеуметтік мәселелер, қазіргі әлемдегі геосаяси жағдайлар, жаһандану үдерісінің жай-күйі жайында ой өрбітеді.

«Времён связущая нить» еңбегінде ғылыми мақалалар, ұлттық әдебиетті зерттеу және мәдени интеграция мәселелері, эсселері, саяхат-очерктері, күнделіктер мен сұхбаттар жинақталған. Аталған кітап жайлы Мұрат Әуезов: «Әкем Алашордашылармен де аралас-құралас болды. Мені бірінші сыныпқа өзі жетектеп апарғаны әлі есімде. Әкеден алған тәрбиемді, білген-түйгенімді осы кітапқа сыйғызуға тырыстым. Мұрат Әуезовті осы еңбектен іздеуге болады» депті.

«Өнегелі өмір» сериясымен жарық көрген келесі кітап академик Мұрат Мұхтарұлының 75 жылдығына арналған. Жинақта көрнекті тұлғаның болмысын ашып көрсетіп, шығармашылық-ғылыми қуатын талдауға талпыныс жасаған замандастарының ой-пікірі, фотоматериалдар топтастырылған.

1960 жылы ұлтық мүддені насихаттаған «Жас тұлпар» ағартушылық тобын құрып, «Невада-Семей» қозғалысының бастауында тұрған ғалым жөнінде мерзімді басылым беттерінде жарыса жазылды. Мәселен, 2023 жылдың 9 қаңтарында «Егемен Қазақстан» газетінде жарық көрген «Алаш күресін жалғастырған» атты мақала сөзімізге дәлел. Онда әке атына кір келтірмеуді мақсат етіп, қоғамның белді азаматы ретінде танылған, арғы атасы Әуез, бергі атасы Омарханнан тектілік дарыған дара тұлға Мұрат Мұхтарұлының азаматтық-ғалымдық болмысы тұтас ашылған.

2016 жылы «Дәстүр» журналында жарық көрген филология ғылымдарының докторы Гүлзия Пірәлінің «Мұхтар Әуезовтің ұлы Мұратқа жазған қолтаңбалары» атты мақаласы көрмеде ерекше көзге түседі. Мақала Мұхтар Әуезовтің жүрегін жарып шыққан шуақты ойларының жолын жалғаушы ұлы Мұрат Әуезге жеткізген көрінісін суреттейді. Сондай-ақ, «Мәдениет» журналына шыққан «Мұраттың биік мұраты» атты мақала да бөлек мәнге ие. Мұнда «Ділім» еңбегі хақында Дулат Исабековтің пікірі айтылады.

Қызығушылық танытқан әр оқырман кітапханаға келіп, әдебиеттермен жақын танысуына болады.

Жәлел ШАЛҚАР.

Оrtalyq.kz

Басқа материалдар

Back to top button