Кеңес Аманбаев: Отбасы – мейірім қақпасы

«Отан отбасынан басталады». Бүгінде жасы 85-ті ал­қымдаған Кеңес Аманбаев ақсақал әлі тың. Ол немере-жиендерінің қызы­ғына бөленуде. Аяулы жары Төлеу дүниеден озғанына біраз жылдың мұғдары болған. Отбасы күні мерекесі қарсаңында осы отбасынан дәм ауыз тиіп, аз-кем сұхбаттаса кеткенді құп көрдік.

– Ақсақал, алдымен аз-кем өмір жолыңызға тоқталып өтсек…

– Айналайын, мен қарапайым шаруа отбасында өмірге келдім. Кеңес үкіметінің дәуірлеп тұрған шағы. Жастайымнан шопыр болуды көксеп, Қарқаралы ауданында еңбек жолымды көлік тізгіндеуден бастадым. Кейінірек совхоз өміріне етене араласқандықтан еңбегіміз еленді ме екен, ұзақ жылдар бойы Матақ совхозы Ақбұлақ бөлімшесінің меңгерушісі болып еңбек еттім. Зайыбым Төлеумен де сонда танысып, ел қатарлы шаңырақ көтердік. Ол кісі ауылда кітапханашы болып жұмыс істеді. Жарым ғасыр өмір сүрдік. Құдайға шүкір…

– Бүгінде өрелі ұрпақ өсірген өнегелі отбасы бұл күнге қалай жетті?

– Несін айтайын, қарағым, біз жиырмасыншы ғасырдың төліміз ғой. Ондағы ғұмыр сүру салты қазіргі күнмен шендестіруге де, теңдестіруге де келмейді. Сіздер бүгін байпағы жамалмаған жаңа ғасыр адамсыздар. Біз барлықтан көрі жоқтықтың мехнатын көбірек тарттық. Тіршілігіміздің мәні еңбек деген бір ауыз сөзге байланды. Сондықтан болар, есіл дертіміз қоғамға бір пайдамыз тисін деген ниетпен қажырлы харекет ете беріппіз. Ол кезде идеология жұмысы да қарқынды жүрді. Жоспар орындадық. Қазір «аз қамтылған», «әлжуаз топ», «көпбалалы отбасы» деген дүниелерді теледидардың көгілдір экранынан көп айтып, жиі көрсетіп жүр ғой. Біздің кезімізде айналадағы адамдардың бәрі де шын мәнісінде көпбалалы, аз қамтылған отбасы болатын. Бірақ олар өздерін «әлжуаз топ­қа» жатқызбайтын. Барлығымыз коммунизм идеясымен таң атырып, күн батырдық. Қаншалықты жұпыны тұрсақ, соншалықты пейіліміз кең еді. Қазір қаншалық байысақ, соншалық тарылып кеттік пе екен деген ойға қаламын кейде…

– …Бір сөзіңізде жарты ғасырдан астам отау құрдық деп айтып отырсыз. Өз биігіңізден пікір білдіріп өтсеңіз. Қоғамда ажырасу көп болып тұр. Себебі неде?

– Біздің заманымызда мәртебелі партияның күш-қарымы орасан еді. Онсыз қурай басы да сынбайтын. Адам да ажыраспайтын. Оған қазағымның туабітті қажырлығын қосыңыз. Кісі деген кісілігімен де, кішілігімен де ерекшеленіп, әркім өз шаруасынан басқа ешнәрсеге әлектенбейтін. Оған уақыты та жоқ еді. Енді келдік Сіздің заманға. Жастарда қазір мүмкіндік көп. Қаражат та аз емес. Қалай десек те, бәрі бар тәуір уақыт аралығында ғұмыр кешіп жатыр. Барлық ешнәрсе үйретпейді. Жоқтық үйретеді. Мейірім азайып кетті ме деп алаңдаймын. Мейірім нұры саябыр жерде адамдық та, адалдық та, бәрі құрдымға кеткен судай жоқ болмақ. Ащы да болса, айтайын. Қазір адамдар бөдененің әлсіз шөжесіндей жайлылықтың құлына айналды. Ал, құлда құндылық жоқ. Сондықтан оған бәрібір. Қазір ажырасып, адыр асып кете береді. Қаракөздеріміз намыс, ұят, обал, сауап деген қастерлі ұғымдарды серік етпейінше, жат көрініс жалғаса береді. Отбасы – мейірім қақпасы. Осы жағын зейін иелері сіздер де көбірек айтып жүрулеріңіз шарт!

– Жастарға айтар ақыл-ке­ңесіңіз болса, мархабат…

– Жастар әділетті болса, өзіне жақсы. Кез келген істе пайдасы тимесе де, зиян тигізбесін. Себебі, зиян тигізбеу – ең үлкен олжа. Отбасында да солай. Өмір деген әркімнің қолтығындағы ілме-себет секілді. Оның ішінде «Бүгін маған, ертең саған» дейтін көзге көрінбес алтын ереже бардай. «Өзім білем, үтігімді төрге ілем» деген пиғылдың астары өте қауіпті. Қос қояндай ұқсас осы мінездің міндері отбасына жан бітірмей діңкесін құртады. Содан келіп, көп отбасының соры сорпадай қайнап жатады ғой, амал қанша?! Рухани көлеңкемізбен жырғап жасай бермей, отбасы жолында орасан істерді атқара білу керек, азаматтар. Бәрі азаматтарымызға тікелей тәуелді. «Еркек – бас, әйел – мойын» десек те, әйел заты ер азаматына қарап бой түзейді. Сондықтан, ер азаматтар отбасына қамқор, бала-шағасына үлгі болуы тиіс. Ердің қуаты кетсе, әйелдің ұяты кетеді. Азаматтарымыз қуатты, аруларымыз шуақты, балаларымыз бақытты болсын!

– Келелі әңгімеңізге рахмет. Ғасыр жасаңыз!

Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.