Әке аманаты
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауында еліміздің нарығында белсенді жұмыс істеп жатқан табысты бизнес өкілдерін қолдауды тапсырған еді. «Оларға қолдау көрсету қажет. Сол арқылы олардың өндіріс қабілетін арттырып, өнім көлемін екі-үш есе көбейту қажет» деп атап өтті. Облыс аумағында ерінбей еңбек етіп, кәсіптерін дөңгелетіп отырғандар баршылық. Осы орайда адал еңбегінің арқасында Ақадыр кентінде наубайхана өндірісін жолға қойған Алмаз Аманкелдіұлы Аринов деп ауыз толтырып айтуға болады.
Осы Ақадыр кентінде дүниеге келсе де, екі жасқа толғанда әкесі Аманкелді Алпысбекұлы ауданға қарасты Ортау ауылына қоныс аударады. Ол жерге барып тұтынушылар қоғамының қарапайым автодүкеншісі, анасы Күләш Мұқатайқызы ауыл дүкеншісі болып орналасады.
Алмаз Аманкелдіұлы бала кезінен техникаға жақын болып, бала күнінен автокөлік жүргізушісі болсам деп армандап жүреді екен. Ортау ауылының мектебін тәмамдаған жылы сол мақсатына жетіп, әкесінің жанында автодүкен жүргізушісі болып еңбекке араласа бастайды. Кейіннен «Ортау» кеңшарында су таситын көліктің жүргізушісі болады.
Арасында құрдастарымен қатар әскери борышын да өтеп қайтады. Орманды далада орналасқан Ресей Федерациясының Тамбов қаласында да тағдыр екі жыл бойы әскери көліктің жүргізушісі болуын бұйырады.
1993 жылы әкесі Ортау ауылындағы тұтынушылар қоғамы сауда орнының бастығы болып тағайындалады. Әскерден келген жас жігіт әкесіне көмекші болуға бел буады. Сол кезде отау иесі болып үлгерген жігіт жұмысқа білегін сыбана кірісіп кетеді. Автодүкеншінің жұмысы шалғайда жатқан қыстақтарға, жайлауларға барып ауыл тұрғындарына, қойшы қауымға, жылқышыларға қызмет көрсету, азық-түлігін, басқа да керек-жарақ заттарын жеткізіп беру болып табылады. Бұл жерде ол халықтың көңілінен шыға біледі.
1995 жылы әкесінің бастамасымен екеуі Целиноград қаласының құю-механикалық зауытына барып, үлкен нан пісіретін пеш әкеледі. Оны Ортау ауылына қойып, нан тағамдарын шығарумен айналыса бастайды. Бастапқы кезде жай ғана бөлке нанын пісіре бастаған наубайхана біртіндеп, бірінші мен екінші сұрыпты нан өнімдерін шығара бастады. Кейіннен «Сайка» түрін де тұтынушыларға ұсынады. Өнім көбейген сайын оның өтімі де жақсы болу керек. Алақандай ауылда наубайхананың шығарған өнімі көп өтпейді. Енді артық өнімді күнделікті 40 шақырым жердегі аудан орталығы – Ақадыр кентінің ашық базарына әкеліп сата бастайды. Бас кезінде 200-300 бөлке нан өткізіп жүрсе, кейіннен 500 бөлкеге дейін жеткізеді. Әкесі мен анасының жанында жүріп, бала кезінен сауда-саттықтың қыр-сырын меңгерген Алмаз үшін бұл шаруа қиынға соқпады.
Әрине, жалғыз адам кәсібін толыққанды жүргізе алмайды. Ондай шаруа ұйымдастырғанда жаныңда үлкен көмекшіңнің болуы керек. Бұл жерде Алмаздың өмірлік жұбайы Назгүл Кеңесбайқызы Нұрмағанбетованың еңбегі орасан зор. Жастайынан шаруаға епті жас келіншек нан тағамдарын пісіруде, жұмыс атқаратын көмекші мамандарын таңдауда, олардың жұмысын қадағалауда таптырмайтын адам екенін әрдайым дәлелдеуде. Оның үстіне ақыл-кеңесін айтып отыратын Алмаздың анасы, Назгүлдің енесі, марқұм болған Күләш Мұқатайқызын қосып қойыңыздар.
Бірнеше жылдан кейін әкесінің сырқаты сыр бере бастады. Бір күні баласы Алмазды оңаша шақырып алып:
– Балам, менің сырқатым бел алып бара жатыр. Мына кәсіпті әбден үйреніп, дөңгелетіп отырсың. Менің ақылымды тыңдасаң, Ақадырға осы пешті көшіріп апарып, сол жақта кәсібіңді жалғастыра бер. Адал еңбегіңмен елге де абыройлы боласың, бала-шағаңды да қиналмай өсіресің, – деп ақылын берген.
Ерлі-зайыптылар әкелерін жерлеген соң, ауылдағы наубайхананы Ақадырға көшіріп әкеледі. Бас кезінде Мәдениет үйінің екі бөлмесін, екі жылдан кейін кенттік қонақ үйінің бөлмелерін жалға алады. Ол уақытта аудандық тұтынушылар қоғамының «Достық» атты үлкен наубайханасы бар, сол себептен бәсекелестік те жоғары болды. Дегенмен зайыбы Назгүл жаңашылдық танытып, халықтың күнделікті тұтынатын нан түрлерінен басқа әртүрлі дәмдегі және форматтағы нан өнімдерін шығара бастайды. Бара-бара кәсіптері алға басып, жеке ғимаратымыз болса екен деген мақсатты алдарына қояды. Оны орындау үшін жинаған қорлары да пайда бола бастаған.
2014 жылы жер телімін алып, екі жыл ішінде жаңа наубайхана ғимаратын салып бітіреді. Жаңа наубайхана болған соң, жаңа қондырғылар мен жаңа жабдықтар керек. Бұрынғы пеші қанша мықты болғанымен тозығы әбден жеткен және өнімділігі төмен. Қазіргі уақыттағы қондырғылармен бәсекеге түсе алмайды.
Осы жерде кәсіпкерлерге көмекке «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» акционерлік қоғамы келді. Оның алдында Назгүл Кеңесбайқызы «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының «Бастау Бизнес» кәсіпкерлік негіздерін оқып, арнайы сертификатын алып шыққан еді. Бұл дегеніңіз – кәсібіңізді дамыту үшін мемлекеттен жеңілдетілген несиеге қол жеткізу.
Алынған сертификат өз жемісін берді. Салынған ғимарат кепілдікке қойылып, аталған қордан 7 миллион теңге несие алынды. Ол несиеге «KazEuroTeh» өндірістік компаниясы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінен Иран елі шығарған нан өнімдерін дайындайтын қондырғылар мен жабдықтар алынды. Оның құрамында ротациялық пеш, қамыр араластырғыш, пеш арбалары, бу шкафы, кондитер парақтары, металды стол кірді.
Заманауи қондырғылардың арқасында өнім шығарудың ауқымы да кеңейе түсті. Назгүл Кеңесбайқызы наубайхана жұмысы туралы әңгіме қозғап:
– Бүгінгі күнге наубайхана бірінші және екінші сұрыпты бөлке нандарын, батон, тоқаш, хот-дог, домалақ нан түрлерін шығарады. Оның тұтынушылары Ә.Ермеков атындағы жалпы орта білім беру тірек мектебі, мектеп-интернаты, «Нұршуақ» балабақша-бөбекжайы, кент ішіндегі 35 азық-түлік дүкендері. Халық шығарған өнімдерімізді жақсы алады, сапасы жағынан шағым болып көрген емес, – деп сөзін аяқтады.
Наубайханада 8 жұмыс орны ашылған. Алты адам ауысыммен жұмыс жасап отырса, екі адам резервте тұрады.
Жеке кәсіпкерлер кент тұрғындарына қайырымдылық көрсетуді ұмытпайды. Әрбір жұма күні 150 бөлке нан жағдайы төмен отбасыларына тегін беріліп отырады. Қайырымдылық шаралар Рамазан айында да жалғасын табуда. Жақын арада әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған Ақадыр кентіндегі 10 отбасыға, Ортау ауылындағы 2 отбасыға бірінші кезектегі азық-түлік себеті таратылған. Онымен қоса мерекелер сайын елдімекендегі мәдени және спорттық шараларға ақшалай демеушілік көмек жасалып отырады.
Елдің еңбекпен көркейетінін ескерсек, еңбек адамының қоғамда қашанда орны ерекше, абыройы биік. Әкенің жолын жалғастырып, айтқан аманатын орындап жүрген Ариновтар отбасы осындай!
Ендеше, оларға алдағы уақытта да жемісті еңбек, толағай табыс, бақуатты өмір тілейік.
Қалижан БЕКҚОЖА.