Капсулалы эндоскопия қолданыста
Қарағандылық мамандар эндоскопиялық зерттеудің озық әдісі – капсулалы эндоскопияны игеруде. Тұңғыш рет ұйымдастырылған оқу Қарағандының көпсалалы облыстық балалар ауруханасында өтті. Дәрігерлер астаналық штаттан тыс балалар хирургы Ринат Байғыреев пен хирург, бейнекапсулалар өндіруші компанияның өкілі Виктор Исаковтан практикалық білім алды.
Капсулалы эндоскопия – асқазан-ішек жолдарын зерттеудің заманауи және қауіпсіз әдісі. Бұл әдіс 2001 жылы пайда болды. Дәрігерлердің айтуынша, бұл инвазивтілігі төмен әрі ыңғайлы диагностикалық тәсіл, әсіресе, балаларға өте ыңғайлы.
«Егер кәдімгі гастроскопия немесе колоноскопия тек асқазан-ішек жолдарының белгілі бір бөліктерін қарауға мүмкіндік берсе (гастроскопия – өңеш, асқазан және он екі елі ішек, колоноскопия – тоқ ішек), капсулалы эндоскопия бүкіл асқазан-ішек жолдарын зерттеуге көмектеседі. Науқасқа арнайы белдік тағылып, ол шамамен бір сантиметрден сәл үлкен капсуланы жұтады. Капсула жоғары рұқсаттама камерасымен (4K) және жарықдиодты шамдармен жабдықталған. Олар жарықты қамтамасыз етеді. Қозғалыс жылдамдығына байланысты капсула секундына 2-ден 18-ге дейін сурет түсіреді», – дейді дәрігерлер.
Зерттеу процесі бейнетіркеумен бірге жүреді. Капсула шамамен 80 мың сурет түсіреді. Нәтижесінде науқастың ішкі жағдайы туралы тұтас көрініс шығады. Егер зерттеу барысында ауытқулар анықталса, олар да хаттамаға тіркеледі.
Әдетте, мұндай зерттеу шамамен 8 сағатқа созылады.
Ербол ЕРБОЛАТ,
Ortalyq.kz