Руханият

«Капернаумнан» кейінгі ойлар

Ливандық режиссер Надин Лабакидің 2018 жылы шыққан «Капернаум» фильмін әр ата-ана көруі тиіс. Бала алдындағы миссиясын түйсінуі үшін. Өйткені, ол кино – өмірдің удай шындығы.
Киноның өзегі – өзін өмірге әкелгені үшін ата-анасын Зейн есімді баланың сотқа беруі. Баланы қаптатып туып, оның ешбіріне білім түгілі құжат та алып бермеген ата-анасына Зейннің қаны қарая­ды. Қатыгездіктен емес, әрине. Қайырым көрмегендіктен, басқа қылар қайраны қалмағандықтан.
Әлбетте, әке-шешесін сотқа сүйрейтін бала бізден шыға қоймас. Бірақ, ессіз, есер әке-шешесіне өкпелі бала қазақ қоғамында жоқ дей алмайсыз. Бар. Ел ішінде ондай Зейндер көп. Қоғам тек оларды біле бермейді. Баяғы қазақтың «Қол сынса – жең ішінде, бас жарылса – бөрік ішінде» ұстанымы. Ал, ол жең жыртылмай ма? Бөрік бастан шешілмей ме түбі бір? Сол уақытта не болмақ? Қисық біткен қол, жарымжан бас кімге керек ол кезде?

Сурет: tengrinews.kz

...Бір баланың да, бірнеше баланың да тәрбиесі – жалғыз-ақ. Ол – дені сау, ақыл-есі түзу, білімді, білікті азамат етіп шығару. Несін жасырайық, «Капернаумнан» кейін қазақтың баланы бір-біріне бақтыратын «дәстүрі» бұл күні «өзгерісті» қажет ететінін ұғындық. Дәл қазіргі заманға «бала өзімен-өзі өседі» деген қасаң қағидат жүрмейді. Балаңызды біреудің құлақ кесті құлы, я күңі қылғыңыз келмесе, оның шыр етіп, дүниеге келгенінен, таудай боп, жоғары оқу орнын бітіріп, маман атанғанынша, жаныңыз жай таппауы тиіс. Сіз – оған жауаптысыз!

Мектепке тапсырып қойып, «Аттестат алып шысқа, болды. Одан соң бір оқуға іліктіріп, бір диплом алса, жетеді» деген таяз, мақсатсыз түсінікті бүгінгі заман көтермейді. Бұл арада білім мен тәрбие қатар, бір-бірінен қалмай жүруі тиіс. Әйткенмен, бұл тең емес.

Қазір ұлдың ынжықтығына, қыздың бетпақтығына қоғам кімді кінәларын білмей дал. Әйтеуір, сырттан келген жағымсыз әдеттерге жаба салу жеңіл. Еліктеу, солықтау деп, сытылып шығу одан да жеңілірек екен. Ал, шындығында, ынжық қылатын да, бетпақ қылатын да сіз бен біз…

…Қоғамдық көлікте шешесінің шамамен 7-8 сыныпта оқитын ұлының жер-жебіріне жетіп, зіркілдегенін көрдік. Жүрегіміз зу ете қалды.

…Сауда үйінде жұдырықтай 5-6 жастағы қыз балаға анасының бетпақтанып, «су ми!» деп айғайлағанын көрдік. Жанымыз күздің қара суығында қалған жапырақтай қалтырап қоя берді.

Көрер көзіміз куә болған бұлардан соң көңіліміз пәсейіп қалды. Біреудің баласына бірдеңе деуге хақымыз жоқ. Бірақ сол ұл мен қыздың жүні жығылып, жалтақ-жалтақ қарап, жазықсыз жерде жазалы боп тұрғанын аңғардық. Мына ұлдан енді ынжық, анау қыз баладан енді бетпақ шығарына дау жоқ еді. Себебі…

…«Баланы тәрбиелегенше өзіңді тәрбиеле» дейді қазіргі психологтар. Рас. Бала – сіздің көшірмеңіз. Сіздің іс-әрекетті бала кез келген уақытта қайталайды. Бала тәрбиелі болуы үшін сіз өз әрекетіңізді түзеңіз. Шешелерін тоқтатып алып, соны айтқымыз келді. Әйткенмен, «Баламда шаруаң болмасын, өзім білем» деп бетімізден алары тағы анық еді.

…Ұлдың ұнжырғасын түсіріп, қызды мейірімсіз қылатын не? Осылар. Бұрынғыны білмейміз, балаға деген дәл осындай дөрекі, суық қарым-қатынас қатыгездіктің дәнін сеуіп тастайтын сияқты.

…Балаға жекіп, ұрсу арқылы тәрбиелеу санаға сыймайды екен. Себебі, бала біздікі болғанымен, оның да жеке адам, жеке өз ой-көзқарасы бар болашақ тұлға екені естен шығып кетеді. Содан соң ер жетіп, бой жеткенде тәрбиеден жіберген бұл қателіктер бармақты қарш-қарш шайнатады.

…«Тәрбие деген не?», – деді балам. «Менің тәрбиемнің жемісі – сен», – дедім мен. «Тәрбиенің тұтас анықтамасы жоқ. Ол – әр жақсы әдеттен жинақталған жиынтық», – дедім. «Түсіндім», – деді балам. Үнсіздік.
«Мен үшін «көргенсіздің баласы» – деген ең ауыр сөз» дедім. «Түсіндім», – деді балам. Үнсіздік.

Екеуміз үнсіз ғана бұл сөзді басқаға айтқызбауға іштей уағдаластық. Оны балам да сезді. Мен де сездім.
Сіз ше? Сіз балаңызбен неге уәделестіңіз?!

Қызғалдақ АСҚАРҚЫЗЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button