Камикадзе

    Біздің ұғымымызда «Камикадзе» – жапон халқының өзімен қоса жауын да жер жастандыратын көзсіз батыр ұшқыштары. Осы сөзді жапон тілінен аударса, «ками» – құдай, «кадзе» – жел деген мағына береді. Яғни, құдай жіберген алапат жел, сойқан дауыл. Осы күнгі тайфундардың бәрінің аты бар. «Камикадзе» де – тайфунның аты. Жай тайфун емес. Сайыпқыран Шың­ғысханның немересі, Юань империясын құрған Құбылай ханның күш-қуаты артқаны сонша 1274 жылы және 1281 жылы жапон аралдарына екі рет кемелермен құмырсқадай қаптаған қол жібереді. Екеуі де сәтсіз аяқталады. Жапонияға жақындай бергенде тайфун көтеріліп, бүкіл әскері теңіз құрдымына батып, опат болады. Содан жапондар Құбылайдан аман алып қалған дауылды «Камикадзе», құдай әдейі жіберген тайфун деп кеткен. Әгәрәки дауыл болмаса, алақандай Жапонияңыздың тағдыр-таланы басқаша да болуы мүмкін ғой. Бәрі бір Тәңірінің ісі.

Жапондарда көне бабаларынан тамыр тартатын тобыр емес, кілең тұлғаларға айналған самурайлар болған. Олар жауына тірідей берілмеген. Соғыста қолға түсіп қалса, өзін-өзі жарып жіберген. Сол самурайлардың ізін баса екінші дүние­жүзілік соғыста камикадзелер майданға шыққан. Олар негізінен әскери ұшқыштар екен. Жапон дерегінде теңіз авиациясында 2525 ұшқыш-камикадзе болған. Олар өз ұшақтарын бомба мен снарядқа толтырып алып, жау кемелеріне қыр­ғидай тиген. Бір деректе камикадзелер Американың 81 кемесін (ішінде авианосецтер бар) суға батырып, 195 кемесін істен шығарған.

Ең кереметі, небары 20 камикадзе жау әскеріне жапон жерін таптатпаған. Хиросима мен Нагасакиге атом бомбасы тасталғаннан кейін император Хирохито одақ­тастар алдында халқы одан әрі қырылып қалмасын деп тізе бүгеді. Американдықтар әскери кемелерімен Жапонияға төніп келеді. Соғыста жазылмаған бір заң бар. Жаяу әскер табаны тимеген жер басып алынды деп есептелмейді. Жеңілген елді желкелеу керек. Сонда вице-адмирал Матомэ Угаки қарамағында қалған 20 камикадзені сапқа тізеді. Кинохроникасын көрдім. «Император тізе бүксе де, жапон халқы мен жері жеңілмейді. Өліспей беріспейміз. Еш­қайсыңа бұйрық бермеймін. Қа­ламын дегендерге айып жоқ»,– дейді. 20-25 аралығындағы жап-жас жігіт­тер көздерінен от шашып, бастарын бәйгеге тікті. Ажалға арыстанша атылуға бір кісідей уәделесті. Бәрінің басына Жапония туындағы күн бейнеленген ақ лента байлады. Парашюттарын тастады. Адмиралымен бірігіп, бір-бір кесе саке ішті. Тауларын бір айналып, сакураларымен қанаттарын қағып қоштасып, хризантема гүлдерін қойындарына басып, теңізге бағыт алды. Америка кемелерінің ойраны шықты. Камикадзелердің осы көзсіз ерлігінен шошыған америкалықтар райларынан қайтып, ат басын кейін бұрып, елдеріне қайтады. Жапон жерін жау табаны баспады. Міне, патриотизм дегеніміз осы.

Алаш арыстарының ел болудың жапон үлгісін таңдауы осыдан болса керек. Бәрінің жапон «шпионы» болып атылып, сотталып кетуі осыдан. Большевиктер қазақтың өршіл рухын таптап, жаныштауға жанталасуы осы себептен.

Камикадзелер қазақтарда да болған. Бір ғана Нұркен Әбдіровтің ерлігі соның дәлелі. Бауыржан Мо­мышұлы: «Отан үшін отқа түс, күймейсің!» деп айтқан. Сөз-ақ қой. Отан үшін от түгілі, қоламтаға түс­пейтін ұрпақ өсіріп жатырмыз ба деп қауіп аласың.

                                        Мағауия СЕМБАЙ

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.