Жаңалықтар

Камералық пьеса – қаламызда

   Қоғамдағы екі түрлі әйел бейнесін ашқан қойылымды ұсынған К.Станиславский атындағы Қарағанды мемлекеттік орыс драма театры қала тұрғындарының қошеметіне бөленді. Театр әртістері Б. Швайгердің «Шағын камералық пьесасын» сахналады.

Қала жұрты ұжымның «Достық көпірі – 2016» халықаралық фестивалінде жоғары бағаға ие болған бұл қойылымын асыға күткен болатын.

Айта кеткен жөн, атақты австриялық жазушы Бригитта Швайгердің (1949-2010ж) «Шағын камералық пьесасы» 1977 жылы жарық көрді. Театр ұжымы өткен жылы Йошкар – Ола қаласындағы  «Достық көпірі – 2016» халықаралық фестивалінде пьесаны сахналады. Атақты сербиялық сыншы Драгана Бошкович төрағалық еткен қазылар алқасы қойылымға жоғары баға беріп, дипломмен марапаттады. Сондай-ақ, Сербия елінің Топола қаласында өтетін камералық спетакльдер фестиваліне шақырды.

Жалпы, пьеса бүгінде аса өзекті тақырыпты қозғайды. Яғни, қоғамда ауқатты жандар жайлы өмір сүрсе, басқалары еден жуып, сыпыруға мәжбүр. Осы мәселе әжетханада екі әйел арасында орын алған көріністен баяндалады. Спектакль сюжеті сәнді мейрамханада орын алады. Сахнаның ашылуы жоғары мәртебелі ханымның мейрамхананың ақылы әжетханасына келуінен (Галина Тручина) басталады. Ханым ақшасын жоғарыда ұмыт қалдырады. Ал, еден жуушы (Александра Большакова) ханым төлеуі тиіс сол ақшаға мейрамхананың жертөлесінде еден жуады. Егер, мейрамханаға келуші ақшасын төлемесе, бұл жағдайға еден жуушы кінәлі болады. Қарапайым еден жуушы жоғары мәртебелі ханымға әжетханаға кіру ақылы екенін белгілі ережелер арқылы түсіндірмек болады. Өзінің уақытша билігін пайдалану арқылы, жоғары мәртебелі ханымның қоғамда алатын орнын көрсетеді.

Сөйтіп әртістер қойылымды тапқыр әзілдер арқылы шыншыл сарказммен сәтті ұсынды. Себебі, камералық пьеса жарты ғасырдан бері әлемдік тәжірибеде жүрсе де, еліміздің мәдениет ошақтарында жиі сахналанбайтын. Оған қоса, әртістер де камералық пьеса тәртібіне сай оны шатырларда, жарығы жоқ жерлерде елуге тарта кейіпкердің ортасында ойнауы тиіс. Сондықтан, камералық пьесаларға келетін көрермендер үшін ауысымдық аяқ киім әкелу міндетті.

Ал, қарағандылық көрерменге оқиға желісі жақыннан ұсынылды. Пьесаны қойған театрдың бас режиссері Александра Большакова – еден жуушының рөлін сомдады. Режиссер сөзінде: «Шағын камералық пьесаның» желісі өзекті мәселені көрсетуге сеп болды. Ек түрлі жағдайдағы адамдар өмірі суреттелді. Кейіпкер ханым да, еден жуушы да – бір қоғамда өмір сүріп отырғандар. Олар өзара түсініссе, бар мәселе шешілер еді. Мысалы, жабық кеңістікте өмір сүретін жандардың біз байқамайтын жаңа қыры болуы мүмкін. Немесе, лауазымды тұлғаның атағы дардай болғанымен, ол қарапайым жұмысшының ойлағанын білмеуі мүмкін. Өмір – өткінші, әрі алма-кезек. Сол себепті лауазымға бөлмей, сыйласып кешкен өмір оңайырақ», – дейді режиссер.

Театр сүйер оқырман үшін айта кетейік, алдағы уақытта «Шағын камералық пьеса» репертуардан түспейді. Жарты сағаттық қойылымды шебер ұсынатын театр әртістері көрерменін асыға күтеді. Көріңіз, өкінбейсіз!

Аяулым СОВЕТ

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button