Ресми

Кадрдың қадірі артып келеді

Қарағанды облысында Индустрияландыру картасы бойынша осы жылы 13 нысан салу жоспарлануда. Жаңа өндіріс кешендеріне ұзын саны 3000-ға жуық маман қажет. Ендігі мақсат пен меже – жұмыс берушілермен бірлесе отырып, кадрлар даярлауды барынша тиімді қалыпқа түсіру. Өңір басшысы Ермағанбет Бөлекпаев бұл мәселелерді басқарма, колледж, өнеркәсіп кәсіп­орындары басшыларының қатысуымен өткен онлайн-кеңесте талқылады. Кездесу қорытындысы бойынша өңір басшысы бірқатар тапсырмалар берді.

Суреттер: облыс әкімдігінің сайтынан

– Қазір жұмысшылардың білігі мен дағдысына қойылатын талап өзгеруде. Кадрларды даярлау озық болуы әрі еңбек нарығының ағымдағы ең негізгі қажеттілігін қанағаттандыруы тиіс. Менің тапсырмам бойынша сыртқы талдау жасайтын жұмыс тобы құрылды. Әрі қарай біз тиісінше стратегия құрамыз. Үлкен жұмыс күтіп тұр, – деп атап өтті Ермағанбет Бөлекпаев.

Ал, облыстық білім басқармасының басшысы Гүлбақыт Жүнісова ағымдағы жұмыс қарқыны мен көзделген жоспарлары туралы кеңінен баяндады. Мәселен, облыста 54 колледж жұмыс істесе, оның 34-і техникалық мамандықтар бойынша кадрлар даярлайды. Металлургия, машина жасау, IT, құрылыс, көлік сынды мамандық түрлері сұранысқа ие.

Ведомство басшысының айтуынша, жұмыс берушінің сұранысына байланысты жаңа мамандықтар ашу жоспарлануда. Мысалы, Теміртау жоғары политехникалық колледжі тау-кен өңдеу кешені үшін арнайы кокс өндіретін кәсіпорынға маркшейдерлер, техник-гидрогеологтар даярлауды бастауды жоспарлап отыр. Қарағанды техникалық-құрылыс колледжі техникалық бақылаушыларды «Бұйымдарды химиялық тазалау және бояу» мамандығы бойынша оқытпақшы.

Ендігіде колледждерді дамытудың стратегиялық жоспарларын ескере отырып, «Полимерлік өндіріс технологиясы», «Жылжымайтын мүлікті басқару», «Газбен жабдықтау жүйелерін монтаждау және пайдалану», «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық нысандарының инженерлік жүйелерін монтаждау және пайдалану», «Ет және ет өнімдерін өндіру» жаңа мамандықтары үшін лицензиялар алу жоспарланған.

Өз кезегінде кәсіпорын басшылары кәсіптік білім беру ұйымдарымен өзара іс-қимыл туралы айтып берді. «Алайғыр» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің өкілдері бірқатар ынтымақтастық тәжірибесімен бөлісті. Мысалы, бүгінде компания Қарағанды жоғары политехникалық колледжі үшін қажетті жабдықтарды сатып алып, қазақстандық кадрларды оқытуды қаржыландыру бойынша лицензия­лық-келісімшарттық міндеттемелерін өтеген. «Silk Road Electronics» тұрмыстық техника өндіретін жаңа зауыты Саран және Шахтинск техникалық колледждерімен кадрларды бейінді даярлауға шарттар жасасты.

Ермағанбет Бөлекпаев білім, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру, индустриялық-инновациялық даму өнеркәсібі басқармаларына бірқатар тапсырма берді. Мамыр айының соңына дейін инвестициялық жобаларды ескере отырып, кадрларға қажеттілікті барынша дәл анықтау қажет. 1 қыркүйекке дейін колледждің әрбір түлегін жұмысқа орналастыру егжей-тегжейлі пысықталуы тиіс. Тұрақты кәсіптік бағдар беру жұмысы болуы қажет. Кәсіпорындар базасында колледж қызметкерлерінің біліктілігін арттыруды түзету керек. «Атамекен» кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп кәсіпорындар үшін сұранысқа ие мамандар бойынша 2024 жылдың жаңа жиынтығына нысаналы мемлекеттік білім беру тапсырысын қарастыру тапсырылды.

Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button