Жаңалықтар

Көзден кетсе де, көңілден кетер емес…

Мамырдың бесі күні есімі орталық өңірге етене танымал болған, отандық білім саласына ерен еңбек сіңірген, оның кемшісін бүтіндеп, көмбесін толтыруда ересен үлесін қосқан Құралбай Несіпбекұлы Меңлібаев жетпіске толар еді. Осыдан қырық күн бұрын оралмас ұлы көшке ілесіп жүре берді-ау.

Қайран Құралбай аға! Ауруды алтын төсек те жаза алмайтыны шындық екен. Көкірек-көңілінде бар берерін сарқып кетті дей алмаймыз, айта алмай қалғаны, бере алмай кеткені көп екені тағы да белгілі жайт. Өкіндіретіні де осы. Отбасы, туған-туыс, жора-жолдас, әріптестер ортасы бір күнде ойсырап қалды. Айналасының алтын діңгегі, алып тірегі еді. Алдыңғы толқын ағалары да, кейінгі толқын інілері де асыл азаматынан қапыда көз жазып қалды. Өмір дегенің есікті ашып-жапқандай екен. Кірпігіңді қаққандай екен. Жарқ еткен бір сәуледей екен. Жетпісін жетегіне енді ғана алып, ақсақалдықтың ауылына ат басын бұрған, атаның емес, адамның баласы болған тұста ағамыз пәниден бақиға өтіп жүре берді-ау. Уақыт кімді жықпаған абайсызда. Соған қырық күн өтіпті, міне.

Рухани аға алдында ізбасар іні атаулының бір парызы болады. Ол – інілік парыз. Ешкім тас­қа басып, қолыңызға ұстатпаса да, жүрекпен, санамен сезініп, ынта-ықыласпен орындалуы тиіс – қастерлі парыз. Біз сол інілік парызымызды қаншалықты өтей алып жүрміз? Өтей алдық па? Қым-қиғаш, қым-қуыты мол мынау күрбей де дүрбелең мына тірлікте ол парыз туралы ойналып көрдік пе?! Ғұмырымызда қандай қызық-қуаныш бар, небір жақсылық, жылылық бар, соның барлығы алдымен алға ұстар ағадан арна тартады емес пе?!. «Ағасы – алтын тонның жағасы» немесе «Ағасы бардың жағасы бар» дейтін қазақы болмыстың сөз тегін айтылмаған-ау. Қырық күн бұрын қайтпас керуенге ілесіп, тірлігінде рухани ағамызға айнала білген, қандай да бір құрмет-қошеметке лайық Құралбай аға Несіпбекұлы Меңлібаев туралы бір ауыз сөз айтқымыз келді. Қайда жүрсе де елдің ықыласына бөленіп, адамға, әріптесіне, шәкіртіне қызмет етудің ерен үлгісін көрсетіп өткен Құралбай аға алдындағы інілік парызды өтеудің бір парасы ғана деп ұғыңыз­дар мұнымызды.

Құрекеңнің барша ісі қасында қызмет істегендер үшін – өшпес өнеге, озық үлгі. Мінезі жұмсақ ректорды бұрын-соңды көрмеппіз. Ешқашан мұқалуды білмейтін, жасымайтын, қайта қайраттана түсетін қажырлы адам еді. Сұңғақ қалпы қандай биік болса, ішкі дүниесі де далиған қазақ даласындай шексіз, кеңтұғын. Бұл күні кемелденіп, қатарға қосылып, жағамыздың жайлау болуына сол «алтын тонды жағамыздың» тек қана шелектеп төккен терінің, күндіз-түні тынымсыз еткен еңбегінің арқасында жетіп отырмыз десек, бір сүйемге де артық сөз айтпаспыз. Онымен «Bolashaq» Академиясында қызмет істеп жүргеннің екінің бірі «кем-кетік көрсетпей, жақынындай тең ұстап, бүгінгідей қызметімізді ойдағыдай, талап еткендей дөңгелетіп отыруымыздың артында сол кісінің қажырлы еңбегі жатыр» деуінің астарында ағаны алқаусыз мойындауы бар, осының өзі ағаның адамдық болмысы жөнінде көп нәрсені аңғартса керек. Қолынан келгенше оқытушы түгілі, студентіне көмек көрсету, жәрдем жасау ағамыздың өмірлік қағидасы-тын. Кең пейілімен, шын ниетімен көмектесер еді. Шәкірттеріне жасаған көмегі бір төбе, айтып жеткізе алмайсыз. Қарағандының Педагогикалық институтында, университетінде, академиясында жүріп мыңдаған шәкірт тәрбиелеп шығарды. Кешегі қайтқан күні толас таппай ағылып келіп көңіл білдіруі соның айғағы. Қиынның қиығына ілінген кезіңде де берген ақылы, сілтеген жолы – сара еді. Өзінің денсаулығына қарамай, біздің денсаулығымызды күйттейтін, жарықтық. Қар астында қақпан жатарын қайдан білейік.

Арғы тегі – ескі Тараз мекеніндегі ұйысқан сарыүйсіндерден тараса да, Құралбай аға Несіпбекұлының есімі Қарағанды жұртына етене мәлім.

Мен бүгін Құралбай ағамыздың азаматтық қасиеттері, ілкімді істерінен бұрын, оның жазып кеткен ойларына үңілгім келді. Дұрысын айтсақ, артына қалдырып кеткен көп мұрасының тұңғиық тұстарына ой жүгіртсем деймін – онымен істес болғандағы 5-6 жыл көлеміндегі ұққанымыз бен танығанымыз, құп көріп қолдауымыз бен мойындауымыздың жөні. Өлі разы болмай, тірі байымас, сірә.

Ол көп жылдар бойын ұлттық спорттың жай-күйін ғылыми тездеп жазды. Қазақы тәрбиенің түп басы сонда деп білгеннен. Алпамса бойлы өзі бүкіл салада спортты таңдауы тегін еместі. Ол бір еңбегінде ұлттық спорттың патриотизмді қалыптастыру мен дамытудағы алатын орнын сөз етті. Ойларынан үзінді келтіре отырайық. Күмән сөздің егесі болғанда, куә сөздің шегесі ғой.

«Патриоттық тәрбиеде ұлттық дәстүрлердің, олардың ішінде ұлттық спорттың ерекше маңыз­ды болуы – кез келген қоғамда адамдардың жаңа ұрпағы белгілі бір әлеуметтік жағдайларда ғана емес, сонымен бірге белгілі бір ұлттық ортада тәрбиеленетіндігінде. Өскелең ұрпақ сонау сәбилік кезден неғұрлым әлеуетті экономикалық және әлеуметтік қатынастардың, идеологиялық мекемелердің ықпалын сезініп қана қоймайды, сонымен бірге өзіндік ерекшеліктері бар ұлттық құбылыстардың ықпалында да өседі. Бұл құбылыстардың мәнісі: өмір салты, мәдениет және тұрмыс өзгешелігінде, ұлттық дәстүрлер мен салттарында. Сол арқылы жаңа ұрпақ ұлттық тілдің қайнарынан сусындайды. Өз халқының рухани құндылықтарына ден қояды, халықтың дағдылары мен талғамын, мінез-құлық тәртібін бойына сіңіреді».

Енді бір сөзінде: «Ұлттық-патриоттық белгілердің, рухани құндылықтардың қорлануы, деңгейі мен сапасы халықтың рухани-психологиялық қасиеттерінің – мүдделерінің, қажеттіліктердің, машықтарының, дағдыларының, талғамдарының, т.б. көрінісі болып табылады. Жеке адамның осындай жолмен қалыптасқан ұлттық патриоттық белгілері оның қызметінен – қабылдауынан, ойлауынан, іс-әрекеттерінен, мінез-құлқынан, әдетінен білінеді» деп келелі ой түйеді. Осылай ол елдің тәуелсіз жағдайында ұлтжандылық тәрбие мәселелері негізінен ұлттық спорт дәстүрлеріне сүйене отырып, адамдарға ықпал ету арқылы ғана шешілетіндігін дәйектеді; ұлттық спорт дәстүрлері адамдарды тума халықтың материалдық және рухани мәдениетімен ұштасатынын, тарихи құндылықтарды жаңғыртатынын, өз халқына, туған Отанына құрметпен қарауға тәрбиелеу керектігін дәлелдеді; тәртіпке, парасаттылыққа және рухани ізеттілікке тәрбиелеудің бірден-бір жолы спорттық ұлттық құндылықтар, яғни ұлттық ойындар баға жетпес қазына болып табылатынын ашып көрсетті.

«Қазақстан Республикасында жастардың азаматтық бірегейлігін, отансүйгіштігін қалыптастырудағы жоғары мектептің ролі» атты еңбегін жазып шықты. Онысын жоғары мектеп журналдары қуана басты. Онысында студенттерінің азаматтығын қалыптастыру технологиясына арнайы назар аударып, осы бағытта тәжірибе жүзіндегі түйткілді тұстарды шешуге бағытталған нақты ұсынымдар жасаған еді. Ол «жастарымыз ғана қазіргі Қазақстанның жаңа сапалы түр-тұлғасын, болашақтың қызықты үлгі-түрдегі бейнесін, ХХІ ғасырға лайықты жалпыұлттық мүдделерді қалыптастырып сомдай алады» деп үмітін үкілей білді. «Ұлттық мемлекет құру барысында туындайтын жаңа мақсат жоғары білімнің алдына жаңа міндеттер қоюы тиіс. Оларды шешу үшін жаңа ұрпақтың білім беру бағдарламаларын алдын ала жобалау қажет. Орта білімде А.Байтұрсынов қалаған әліппені қайта енгіздік. Бізше, жоғары мектеп те осындай бағытты ұстанғаны жөн» дейді бір кезде.

Нағыз ұстаз болғанын қалайша мойындамассың!

Ол «Жаңа замандағы адамды таны» деді. Түпкі ойының алтын әдіпті жіппен көмкере отырып, арқау еткені – Ұлы Абай болды. «Еліміз өзінің дербес тәуелсіздігін алғаннан кейін ұлттық сана-сезімнің өсуіне, халықымыздың рухани қуатының молая түсуіне кең өріс ашылды. Келер ұрпақты елін, жерін сүйетін елжанды, отансүйгіш етіп тәрбие­леу міндеті білім беру саласындағы мемлекеттік саясаттың басым бағыты болып табылады. Басымдық берілген бағыттардың басында қазақтың атын әлемге танытқан ұлы тұлғалардың ұлағатты істерін жас ұрпаққа өнеге ету тұрғаны анық. Сол ұлы тұлғалардың көшбасында тұрғандардың бірі – Абай Құнанбайұлы екенін исі қазақ толық біледі. Бүгінгі Қазақстан ғылымы Абайды танып ғана қоймай, әлемге танытуда. Бұл турасында тек ғалымдар, ағартушылар ғана емес, мемлекет басшылары, саясаткерлер де еңбек сіңіруде». Ағаны ғалым емес деп айтуға кімнің дәті барар екен?!

Соңғы еңбектерінің бірі Фарида апамыз Саттаровамен бірігіп жазған «Тәуелсіз Қазақстанның рухани құндылықтар жүйесі: тарих және қазіргі заман» деген монографиясы болды. Мұнда қазақ ұлты жөнінде келелі ой, сүбелі сөз, ірі пайым, кесек пікір, бәрі-бір бар. Төлтума ұлтын бір кісідей-ақ сүйіп өтті.

Ұрпағына қалдырған рухани дүниесі, сый-сияпаты бұл. Ол қалдырған телегей теңіз асыл мұра балаларына, жиен немере-шөберелеріне, кейінгі жұрағатына өлмес мұра, жол көрсетер темірқазық боларына кәміл сенімдіміз.

Жаны жақсы адамдар байлық жинамайды, өздері байлыққа айналады. Біздің байлығымыз – Құрекеңдей ағамыздың ғибратқа толы ғұмыры. Көзден кетсе де, көңілден таса болмақ емес. Оның ұлағатты да өнегелі өмірі ұрпақтар бойында жалғаса берері анық.

Елеужан СЕРІМОВ,
заң ғылымдарының кандидаты

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button