Жаңалықтар

Көз алдымда өлең оқып тұрғандай

Менің Ибрагим Бекмаханұлымен танысуым қызық болды. Бұл 1980 жылдардың аяқ кезі болатын. Кеншілер қаласындағы шағын моншаға аптасына бір мәрте бару – «жазылмаған заң».

Қазіргідей емес ол кезде ақын, жазушыларды көбінесе газет-журналдарға шыққан шығармаларынан, суреттерінен ғана танимыз. Жезқазған қаласында тұрғанмен «Жезқазған туы» газетінің қызметкері Шахмұрат Ибадатов інім үнемі біздің қаладағы моншаға келетін. Бірде оның қасынан бұрын көрмеген дембелше келген, бүйрек бет, күлімдеген қызыл шырайлы əдемі жігітті жолықтырдым. Сəлемі қандай сыпайы. Жүзінен нұр тамып, қимылынан ізгіліктің иісі аңқып тұр. Қараған сайын қашанғы танысымдай жылы ұшырап барады. Мен оны ақын Ғалым Жайлыбай екен деп қалдым. Өйткені, бір рет оның газетке суретімен шыққан өлеңдерін оқығаным бар еді. Ал, өзімен бетпе-бет кездесе қоймаған едім.

Əй, дəу де болса сен осы Ғалым ақын боларсың? – дедім, қолымды созып жатып. Менің сөзімді Шахмұрат інім бөліп жіберді.

Жоқ, Мұса аға, бұл Ибрагим Бекмаханов деген журналист, қаламгер ініңіз. «Жезқазған туына» жақында ғана келді. Бірақ, атынан жаңылсаңыз да, дарынын дәл таптыңыз, бұл да ақын, – деп таныстырды ол. Әрине, сәл ыңғайсызданып қалдым, бірақ, сонымды байқатпай:

Е, бекер қуанбаған екенмін ғой. «Досты періште табыстырады» дегендей, Шахмұрат, сен маған тағы бір шарапатты іс сыйладың. Ақынды қате баспай қабағынан танып тұр екенмін ғой. Достық құшағымыз ашық – деп, қайтадан таныстық. Міне, сол күннен бастап аға-іні, дос-бауыр болып сыйласып кеттік. Кейін «Жезқазған туы» газетінің редакциясында жолығып, ол маған бір бума өлеңдерін көрсетіп, мен де өз апарғандарымды оқып бір мəре-сəре боп қалғанбыз.

Енді мына ғажапты қараңыз, 2000 жылы менің «Думаным ұласып ғасырға» атты жыр кітабым жарық көргенде оның алғысөзін Ғалым Жайлыбай жазды, редакторы Ибрагим болды.

Ибрагимнің алғашқы жыр кітабы “Шапағат” деп аталды. Жезқазғанда кітаптың тұсаукесер салтанаты өтті. Сол шығармашылық кеште:

Талай думан көреміз досым əлі,

Бақыт деген, бақ деген осы-дағы.

Баптап жүрген үкілеп тарлан бозың,

Құтты болсын дүбірге қосылғаны.

Шын жүйрікті шыңдайды уақыт өзі,

Шын ақынның өлмейді жақұт сөзі.

Бұлбұл еді демей-ақ, дүлділ еді,

Шын иесін табады бақыт өзі – деп қуанышым мен тілегімді қатар жеткіздім. Тамырында Сыр бойының әйгілі сүлейі атақты Тұрымбет жыраудың қаны бар талантты ақын Ибрагимнің қаламынан талай-талай жыр жинақтары жарыққа шығып, өз оқырмандарын тапқанына куə болдық. Жырлары оны халықтың, замандастарының құрметі мен сүйіспеншілігіне бөледі. Əттең, өмір өлшеулі, ғұмыр шіркін қысқа екен ғой.

«Мен жанмын жаратылған,

Сағыныш аралынан.

Кеудемнің қанатынан,

Қалықтап барады əн» – деп өзі жазғандай, ол біздің арамыздан қас қағымда алыстап, сағыныш болып қалықтап кете барды.

Талай-талай жыр кештерін бірге өткізіп, сахнадан жыр төккен шабытты ақын, қаламдас дос, жанашыр жолдас еді. Сенер-сенбесімізді де білмей қалдық. Соңғы рет 2018 жылы Алматыда, Қазақстан Жазушыларының ХV съезінде жолығып едік.

Ибрагимнің өмірден озғанын естігенде көңілдегі өксік ащы өлеңге айналды.

Жылытушы еді жүректерді жырларың,

Жанарыңнан жарқылдайтын нұрлы ағын.

Саңқ-саңқ етіп сахнаның төрінен,

Көз алдымда өлең оқып тұрғаның.

Құйылатын көмекейден өрт өлең,

Ақындардың айықпайтын дерті – өлең.

Суық сөзге сенбей тұрмын мен əлі,

Қайран ғұмыр осыншама келте ме ең?

Қара үзді ме қара өлеңнің дүлдүлі,

Хабаршының естіледі мұңды үні.

Қимасымды қойнына алды тағы бір,

Қара жердің қашан тояр ындыны?!

Жүріп өтті, ғажап ғұмыр, жарқын жол,

Қарапайым қазағымның ақыны ол.

Өшпес мұраң ел жұртыңа аманат,

Абзал ақын, аяулы дос бақұл бол!

Өзі өмірден өткенімен, қатар жүріп сыйласқан жақсы күндерді қаламдас достар ешқашан ұмытпақ емес. Дарынды ақынның жүрегінен шыққан асыл жырлары халық еншісінде өшпес қазына болып қала береді.

Мұса ТІЛЕУОВ,

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі,

Сәтбаев қаласының Құрметті азаматы.

Басқа материалдар

Back to top button