Жаңалықтар

Көз алдыңда қан майдан

«Өнерге әркімнің-ақ бар таласы». Мынау жарық жалғаннан айтарын айта алмай, айтарға таба алмай елеусіз кеткен пенде көп. «Өзім өткеннен кейін үнім тым болмағанда бірнеше жылға жаңғырып тұрса» деп тілейтін секілді арманы тірі әр адам. Үнің мен ізіңді өшірмеудің бір жолы бар. Ол – өнер! Өнерге ұмтылатынымыз, таласатынымыз содан бәлкім?!

Біз бүгін Әуе қорғаныс күштерінің офицері Рамазан Бақтияровтың өнері хақында жазып отырмыз. Ол соғыстағы әскери қимылдардың диорамасын жасайды. Диорама дегеніңіз кәдімгі кескіндеме. Тек қағазға, немесе, кенепке салынбайды. 3D форматындағы картина десек те болады. Мәселен, Рамазан Бақтияров кішкентай пішіндегі солдат ойыншықтарды, түрлі әскери техникалардың үлгілеріне дәл негізделіп жасалған макеттерді пайдалана отырып, соғыс алаңындағы іс-қимылдарды бейнелейді. Тіпті, сарбаздың эмоциясына дейін ойластырады. Снаряд тиіп қираған, қозғалтқышынан қою қара түтін будақтаған жүк көліктерді де байқайсыз. Оқ тиіп, құлап бара жатқан, зеңбірек басында жанталасқан, акопта жаумен арпалысқан солдаттар. Бейне бір ергейжейлілер әлеміндегі айқасты тамашалап отырғандай күй кешесіз. Ойыншық солдаттарды шашып тастап, бүтін бір бөлмені айқас алаңына айналдырып ойнап отырған бала кездегі сәттер еріксіз еске оралады. Ерекше өнерді игерген офицермен сұхбат құрдық

Суретті түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

– Музейлерде ежелгі дәуір адамдарының тіршілігін суреттеген талай диораманы көрдік. Және соларды кәсіби мамандар жасаған. Бірақ, мұндай әскери тақырыпта жасайтындар өте сирек. Диорама жасау үшін сіз арнайы оқу оқыдыңыз ба? Қандай мамандықты игердіңіз?

– Ешқандай өнер мектебінде оқыған емеспін. Мектепті тәмамдаған бетте Ресейдегі Георгий Жуков атындағы әскери әуе-ғарыштық қорғаныс академиясына оқуға түстім. Зинидтік-зымырандық кешеннің мамандығына оқыдым. Содан кейін Қарағандыда әскери қызметке орналастым. Бір күні ойыншықтардың дүкеніне кіріп, сөрелерді қарап тұрғанмын. Мектеп оқушысы кішкентай ойыншықтарды сұрастырып, диорама жасайтынын айтты. Содан мен де қызықтым да, осы қызықты өнерді игеріп алдым. Арнайы курсқа да бармадым. Бәрін ғаламтордан қарадым.

– Диорамаларыңыз арқылы белгілі бір тарихи айқастарды суреттепсіз. Солдаттардың киімдері де, қолдарындағы қарулары да, әскери техникалардың үлгілері де уақыттан хабар беріп тұр. Детальдарды пайдалануды әбден игергеніңіз байқалады. Мәселен, Сіздің Екінші дүниежүзілік соғысқа жасаған диорамаңыз бар екен. Соны барынша шынайыландыру үшін зерттеу де жүргізген секілдісіз. Сол турасында айтып беріңізші.

– Екінші дүниежүзілік соғыстың ауқымы өте үлкен. Жер шарының жартысы қамтылған соғысты түгелдей суреттеп шығу мүмкін емес. Мен тек белгілі бір ұрыстарды ғана бейнеледім. Мәселен, мен Курск шайқасына тоқталдым. Курск шайқасын диорама ету үшін мен тарихи оқулықтарды ақтардым. Сонымен қатар, сол уақытта фашисттердің және Кеңес әскерінің ұстаған қаруларының, зеңбіректерінің, киген киімдерінің, ұшақтарының үлгісін толықтай зерттедім. Немістерге сол кезеңде жақтас болған елдерді де елеусіз қалдырмадым. Одақтас елдердің солдаттары бар мұнда. Менің диорамамда ешқандай деталь жөн-жосықсыз қойылмаған. Вьетнамдағы соғысты да суреттедім. Вьетнам әскері туннельдер арқылы соғысқан. Менің диорамамда сол көрсетілген. Жер асты жолдарында кәдімгі қару-жарақ қоймалары болған. Казармалары да сонда. Осы деректерді барынша қамтуға тырыстым. Маған соғыс туралы түсірілген фильмдер көп көмектесті. Жұмысқа кіріспес бұрын фильмдерді мұқият көріп шығамын. Вьетнамдағы айқастар туралы туындылар өте көп. Қарамағымдағы өзіме көмектесетін сарбаздармен жиналып көреміз. Олар да сол аураға енуі тиіс. Сонда жұмыс шынайы шабытпен істеледі. Бір сөзбен айтқанда, диорамамыз жай ғана қиялдың қуатымен жасалмайды. Тарихқа жүгінеміз.

– Осы диорамаларды жасау үшін ойыншықтарды қайдан табасыз? Мәселен, Бородино айқасы бейнеленген диорамаңыздағы француздар пайдаланған зеңбіректердің, мылтықтардың үлгілерін табу оңай шаруа емес-ау. Наполеон Бонапарттың сарбаздары киген киім үлгісі бар ойыншықтарды қайдан таптыңыз? Және материалдық тұрғыда кім қамтамасыз етеді?

– Бұл – өте қиын шаруа. Маған керек заттар оңайлықпен табылмайды. Біраз дүкендерді аралауға тура келеді. Табылып жатса, басқа қаладан тапсырыспен алдыртуға бармын. Бағалары қымбат. Бірақ, қалтамдағы соңғы ақшамды берсем де, керегімді сатып аламын. Кейде достарым қаржылай көмек береді. Мысалы, Бородино шайқасы бейнеленген диорамаға 300ден астам ойыншық жұмсалды. 90 пайызы сарбаздар. Бұл шайқасқа қазақ әскері де араласқанын ескердік. Әр әскердің ұрыс тактикасын суреттеуге күш салдық. Тактикаларды да зерттегенімізді айта кеткен жөн.

– Мектептерге барып сабақ береді екенсіз. Оқушыларға әскери-патриоттық тақырыпта дәріс оқу барысында осы диорамаларды пайдаланасыз ба? Әр диораманың сыртына тарихи деректерді жазыпсыз. Әдісіңіз маған да қызықты болып тұр.

– Менің өткізген сабағым балаларға өте ұнайды. Мен диорамаға қарап тұрып, соғыстар туралы, сондағы әскери техникалар туралы айтып беремін. Соғыс тактикалары туралы да кеңінен тарқатамын. Мұндай үлгіде берілген ақпарат жадыға жақсы сақталады. Айтып тұрған әңгімеңіз көз алдыңызда болып жатқандай әсер аласыз.

– Өткен ғасырдан бері қайтайық. Егемен Қазақстанның қарулы күштерін де қамтыған екенсіз. Осы диорама туралы айтып беріңізші.

– Бұл диораманы жасау әлдеқайда оңай болды. Өйткені, өзім осы саланың маманымын. Әскеріміздің киім үлгісін, техникаларын бес саусақтай білемін. Бұл диорама оқушыларға ерекше ұнайды. «Есейгенде мен де сарбаз боламын, осылай мен де ұшақпен қалықтаймын» деген армандарын айтып жатады сабақ барысында.

– Өнеріңізге тәнтіміз! Шығармашылық табыс тілейміз! Сұхбаттасқаныңызға рахмет!

 Сұхбаттасқан Ерік НАРЫН.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button