Бас тақырыпБілім

Кәсіптік білім: тапсырыс сұранысқа сай

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауында «Білім беру жүйесі еңбек нарығының сұранысына қарай өзгеріп отыруы керек» деді. Бүгінде техникалық және кәсіптік білім беру саласында оқу бағдарламалары өзгерді, білім гранты көбейіп, студенттер стипендиясы артты. Өңірдегі техникалық және кәсіптік білім беру саласының жай-күйі қалай?

Колледж бен кәсіпорын ынтымақтастығы

«Ұлттық экономиканың бірқатар саласында кадр тапшылығы қатты сезілуде. Әсіресе, техникалық және жұмысшы мамандар жетіспейді. Сондықтан осы салаларға қатысты білім берумен мықтап айналысқан жөн», – деді Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында. Оқу орындары түлектерге жұмыс бере алатын кәсіпорындармен ұзақ мерзімге арналған әріптестік орнатуы қажеттігін, экономиканың басымдықтарына, аймақтың және саланың ерекшеліктеріне байланысты тиімді қаржыландыру тәсілдері керек екенін айтты.

Президент айтқан мәселе өзектілігін жоймай келеді. Соңғы уақытта елімізде техникалық және кәсіптік білім беру саласына баса көңіл бөлініп келеді.

Мәселен, облыстың білім басқармасы бүгінде облыстағы барлық колледж түлектерді жұмыспен қамту бойынша өңірлік компаниялармен байланыс орнатқанын мәлімдеді. Былтырғы оқу жылынан бастап, колледждерде мақсатты мемлекеттік білім беру тапсырысы енгізілді. Бұл бойынша өңірдегі кәсіпорындар мен колледждер келісімшартқа отырып, колледж бітірген түлектерді компаниялар жұмысқа қабылдауда.

– Бүгінде облыстың 54 колледжінің 42-сінде дуальді оқыту енгізілген. Дуальді оқытумен бүгінде 6425 студент қамтылды. Кәсіпорындардың сұранысы аясында мақсатты оқыту бағдарламасымен қазіргі таңда 207 студент оқып жатыр. Биыл 250 студент қамтылады, – деді басқарма басшысы Гүлсім Қожахметова.

Дуальді оқыту бойынша колледждер өңірдегі 360 кәсіпорынмен тығыз жұмыс жасайды. Яғни, студенттер теорияны оқу орнында үйренсе, компанияларда тәжірибеден өтеді. Былтырғы оқу жылында колледждер өңірдегі 16 кәсіпорынмен келісімшартқа қол қойған. Олардың қатарында «Qaz Tehna» ЖШС, «Инкар-1» ЖШС, «АрселорМиттал Теміртау» АҚ БЖ, «ҚТЖ Жүк тасымалы» АҚ филиалы, «Құрылысмет» ЖШС, «Ютария» ЖШС, т.б. ірі компаниялар бар.

Еңбек нарығында сұранысқа ие жаңа мамандықтар

Бүгінгі таңда өңірлік колледждерде еңбек нарығында сұранысқа ие жаңа мамандықтар оқытылуда. Білім басқармасының мәліметінше, колледждерде биыл қосымша 8 мамандық пен 9 біліктілік ашылады. Мысалы, Шахтинск технологиялық колледжінде өнеркәсіпшілердің тапсырысы бойынша жаңадан «Полимер бұйымдарын дайындау технологиясы» мамандығын ашу жоспарланған. Аталған колледж басшылығы жаңа мамандықты ашуға дайындық жұмыстары жүргізіліп жатқанын жеткізді.

Ал, 85 жылға жуық тарихы бар, өңірдегі барлық мейрамхана желілерін сапалы кадрлармен қамтып, өңірдің тамақтану индустриясын дамытуға үлес қосып келе жатқан Қарағанды тамақтандыру және сервис колледжінде осы оқу жылында шағын наубайхана ашу жоспарланған. Аталған колледж аспаз, кондитер-әрлеуші және технолог мамандарды оқытады. Оқу орнының директоры Құралай Әбенова студенттердің қазірден-ақ кәсіпкерлік дағдыларын дамытуға көңіл бөліп жатқанын тілге тиек етті.

– Былтыр колледжде «Кәсіпкерлікті дамыту негіздері» атты пән енгізілді. Біз студенттерге жеке бизнестің қыр-сырын оқытып, кәсіпкерлікке үйретеміз. Қазірден-ақ бизнесін ашып, кәсібін дөңгелетіп жатқандар бар. Осылайша жастарға шағын өндіріс ашуға бағыт-бағдар бе­ріледі, – деді Құралай Әбенова.

Колледж директорының айтуынша, білім басқармасымен бірлесіп, шағын нау­байхана ашуға дайындық жұмыстары жасалып жатыр.

– Колледжге «Жас маман» жобасы аясында заманауи құрал-жабдықтар әке­лінген болатын. Арнайы оқытуға келген шеберлер біздегі жабдықтарды көріп, таңғалатыны жасырын емес. Мұның бәрі студенттердің сапалы маман болуы үшін қажет, – деді Құралай Мұхамедғалымқызы.

Өңірдегі колледждерде жаңа мамандықтар ашу ісі 2018 жылдан басталған. Мәселен, дәл осы жылы Қарағанды кә­сіптік-техникалық колледжінде облыс үшін бірегей «Баспа ісі» мамандығы ашыл­ған. Оқу орны және өңір полиграфия­ларымен, баспаханаларымен ынтымақ­тастық орнаған.

– Студенттер дуальді оқытуда да оқиды, онда сабақтың 60%-ы кәсіпорында және әртүрлі бағыттар бойынша тәжірибеден өтеді. Қаптама өнімдерін дайындаудан бастап, дизайнға дейін үйренеді, – деді Қарағанды кәсіптік-техникалық колледжі директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Елена Свердлова.

Сондай-ақ, колледжде «Графикалық дизайн» және «Шаштараз өнері» құзыреттілік орталығы бар. Шаштараз мамандығы халықаралық бренд саналатын Эстель компаниясымен бірге дуальді технология бойынша оқытылады екен. Қарағандыда олардың өз студиясы бар, онда студенттер іс-тәжірибеден өтеді.

Техникалық және кәсіптік білім беру саласында оқу бағдарламалары еңбек нарығының сұранысына сай бейімделуде. Колледждер кәсіпорындармен және жұмыс берушілермен тығыз байланыс орнатқан. Бұл түлектерді жұмыспен қамтуға және маман тапшылығын жоюға бағытталған.

– Оқыту бағдарламаларын әзірлеу құрылымында өзгерістер бар. Біз академиялық дербестікке ие бола отырып, жыл сайын еңбек нарығының қажеттілігіне байланысты әртүрлі бағдарламалар дайындай аламыз. Сондай-ақ, студенттер аралық біліктілік бойынша дайындалады. Егер 3-курс студенті өзінің құзыреттілігі жеткілікті деп санап, жұмысқа орналас­қысы келсе, біз біліктілік емтиханын өткізіп, «веб-дизайнер» секілді мамандық сертификатын береміз. Ал егер толық курстан өтсе, ол бағдарламашы болады. Ең бастысы аралық шығарылымдардың барлығын бағдарламаға алдын ала жазып, жұмыс берушілермен келісу қажет, – деді Қарағанды кәсіптік-техникалық колледжі директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Елена Свердлова.

Оның айтуынша, колледждерде цифр­ландыруға көп көңіл бөлінуде. Бұл – заманауи техника және еңбек нарығына сәйкес келетін бағдарламалық жасақтама. Облыстың бірқатар колледждерінде басқа бағыттар бойынша ұқсас құзыреттілік орталықтары бар. Мұндай орталықтарда оқытушылар тағылымдамадан өтіп қана қоймай, WorldSkills, Agroskills сияқты кәсіби шеберлік байқауларына дайындалады.

Қанатқақты жоба – мектеп пен колледжде

Ал, жоғары сынып оқушылары бір уақытта мектепте де, колледжде де білім алуы пилоттық жоба ретінде енгізілгені белгілі. Облыс бойынша 2 колледж осы пилоттық жобаға енгізілген. Тәжірибе алаңы ретінде таңдалған Қарағанды кәсіптік-техникалық колледжінде биыл 10-сынып оқушылары «Шаштараз өнері» мамандығы бойынша оқып жатыр.

– Балалар күндіз мектепте, кешке колледжде білім алады. Оқуды аяқтағаннан кейін мемлекеттік үлгідегі аттестат беріледі. Бұл – эксперименттік бағдарлама бойынша оқушылардың алғашқы жиынтығы. Олардың бағдарламасында тек кәсіби пәндер және бағдарламаның көп бөлігі практикалық жұмыстар болып табылады, – деді Елена Свердлова.

Техникалық және кәсіптік білім беру саласында оқып жатқан студенттердің стипендиясы биыл 1 қыркүйектен бастап 50%-ға артқанын айта кеткен жөн.

Гүлнұр Серікжанқызы,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button