Ресми

Кәсіпорын қуаты артады

Шет өңіріндегі елге әйгілі «Nova Цинк» кәсіпорынының қуаты артып келеді. Ақжал кенішінен мырыш пен қорғасын кенін өндіретін кәсіпорын қанаты кеңейіп, бүгінде ақжалдықтардың басым бөлігі тау-кен саласында еңбек етуде. Жақында Шет ауданының әкімі Мұхит Мұхтаров, аудан прокуроры Елдос Жаппар, мәслихат төрағасы Саят Социал және ауданның бөлім басшылары Ақжал кентінде болып, «Nova Цинк» кәсіпорынында болып, ұжымымен кездесті. Кездесуде аудан әкімі кәсіпорын басшысы болып жуырда тағайындалған Айдар Жангелдиновті қызметімен құттықтап, алдағы жұмыс жоспарымен бөлісті.

Суретті түсірген автор

Жиын барысында кәсіпорын тарапынан жұмыскерлерге жасалып отырған әлеуметтік қолдау мен еңбек жағдайларымен танысып, алдағы уақытта аудан әкімдігі мен кәсіпорынмен екеуара ынтамақтастық аясында атқарылатын жұмыстардың негізгі бағыттары белгіленді.

Жаңа басшының айтуынша, жалпы кен орнындағы жұмыскерлердің жұмыс жасауына тиісті жағдайлар жасалған. Шахтадан жылына 1,5 миллион тонна кен шығады. Бұл кеннен 95 мың тонна көлемінде мырыш алынады. Ақжал мырышы Лондон биржасында жоғары бағаланады. 99,99 пайыз сапасына ие. Бүгінде компанияда 1088 адам жұмыс істейді. Кадр таңдауда жергілікті тұрғындар арасынан алуға айрықша назар аударады. Техникалық маман дайындауға жіті көңіл бөлінеді.

– Жұмысшылардың алаңсыз қалыпты еңбек етуімен қатар, тұрмыс жағдайларын одан әрі жақсарту, кен орнының материалдық-техникалық базасын кеңейту мәселелері алдағы уақытта да жалғасын табады. Биыл әкімдік пен кәсіпорын арасындағы өзара келісім аясында кәсіпорын қаржысына елдімекенді абаттандыру, кенттегі әлеуметтік маңызы бар нысандарды жаңғырту, басқа да игі істерді қолға алу жоспарда бар. Алдағы уақыттарда кен қазу аумағын ұлғайту, байыту саласының қуатын арттыру көзделіп отыр, – деді «Nova Цинк» кәсіпорынының басшысы Айдар Жангелдинов.

Сонымен қатар, кездесуде кентке жоғары білімді дәрігер маманының қажеттілігі туралы сауал жолданды. Аудан әкімі бұл мәселе аудандық орталық аурухана мекемесі арқылы жақында оң шешімін тауып, тұрақты бір дәрігер келетінін және ол маман тұрғын үймен қамтылатынын атады. Бұдан бөлек, басқа да қойылған сауалдарға жауаптар берілді.

Айта кетейік, Шет ауданында жер қойнауы түсті және сирек кездесетін металдарға бай. Бүгінде осы қазба байлықтарын игерумен «Nova Цинк», «Бапы­-Майнинг», «Метал Терминал Сервис», «Крамдс-Кварцит» және Алмалы кен орнындағы «Sary-Arka Resources Capital» ЖШС-і сияқты ірі кәсіпорындар шұғылданып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық әлеуетін жақсартуға ықпал етуде.

Нұрдос КӘРІМ,
Шет ауданы
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button