Кәсіпкерлік әлеуеті артуда
Сәтбаев қаласында шағын және орта кәсіпкерлік саласы қарқынды түрде даму үстінде. Биылғы жылдың басынан бері «Бизнестің жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында 16 нысанның іске қосылуы – соның айғағы. Нәтижесінде, 80 жаңа жұмыс орны ашылып, әлеуметтік тұрғыдағы өзекті мәселенің күрмеуі тарқай түсуіне айтарлықтай себесін болған.
Кеншілер шаһарының өткен 9 айдың қорытындысымен әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері бойынша облыста екінші орынға табан тіреуіне, әрине, басқа бағыттардағы ілкімді істермен қоса алғанда, шағын және орта кәсіпкерлік саласы тынысының кеңеюі де айтарлықтай жағымды әсер еткені анық. Мәселен, іскер азамат Еңсебай Әбутәліп қала орталығынан еңселі сауда үйін ашып, тұрғындардың риясыз алғысын иеленді. Ол нысан құрылысын салуға жұмсаған қаражаттың тең жартысын «Шағын қалаларды дамыту» мемлекеттік бағдарламасы арқылы алуға еш кедергісіз қол жеткізді.
Ал, өзінің арман-тілегінің орындалуына «Даму» қорының септігі тиген Алена Эберман қазіргі таңда жеке кәсібін ұршықтай иіруде. Жалпы көлемі 3 млн. теңгені құрайтын грантты иеленген ол аталған қаражатқа киім тоқитын құрылғы сатып алған екен. Шағын ғана кәсіпорында 9 адам тұрақты жұмыспен қамтылған.
Жалпы алғанда Сәтбаев қаласында жаңадан іске қосылған кәсіпкерлік нысандарының саны өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда екі есеге арта түскен. Ал, салынған инвестиция көлемі алты есеге ұлғайған. Шалғайдағы шағын шаһардың кәсіпкерлік саласы өндірген өнімнің көлемі 3,6 млрд. теңгені құрап отыр. Жарасымды үрдіс өңірді кешенді дамыту бағдарламасы аясында алдағы жылы тиянақты жалғасын таба бермекші.
СӘТБАЕВ қаласы.