Кәсіпкерлік дамып келеді
Осакаров тұрғындары «100 нақты қадам» ұлт жоспарын жүзеге асыру үшін белін бекем буған. Аталмыш бағдарлама өз нәтижесін бере бастаған. Бұл жөнінде Осакаров ауданының әкімі Қайрат ШАЙЖАНОВ аймақтық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді.
Кәсібінен нәсібін тапқан аудандағы кәсіпкерлердің шаруалары жанданған. «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында бес жоба мақұлданып, кәсіпкерлерге көмек көрсетілген. Оның ішінде, екі жобаның құны 89 млн. теңгені құраған. Сондай-ақ, Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасының қолдауымен 865 адамға көмек көрсетіліп, 1632 азамат мамандардан кеңес алған. Сонымен қоса, 158 кәсіпкер арнайы оқу курстарынан өтіп білімін жетілдірген. Ең үлкен жобалардың бірі «Жылқы сүтін сублимациялық әдіспен өңдеу бойынша» «ЕвразияИнвест ЛТД» ЖШС базасында жалпы сомасы 1 млрд. 205 млн. қаражатты қажет еткен. Өндірістік қуаты жылына 10 тонна сүт ұнтағын береді. Биылғы жылдың 11 айында 415 млн. теңгені құрайтын 8,3 тонна сүт ұнтағын шығарған. Құрылыс саласында да жетістіктер аз емес. Осы жылдың өзінде әлеуметтік маңызы бар 4 нысан пайдалануға берілген. Есіл, Пионерский, Сұңқар кешендері және 24 пәтерлі тұрғын үй ел игілігіне жараған. Ауданда белгілі тұлғалардың есімін жаңғырту мақсатында атқарылған жұмыстар жетерлік. Мәселен, биылғы жылды ел Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойы қарсаңында 13 көшенің атын өзгерту бойынша ұсыныс Қарағанды облысы әкімдігінің жанындағы облыстық ономастика комиссиясының отырысында қолдауға ие болған. Жалпы осы жылы ауданда атқарылған жұмыстар ауқымды.
Журналистер қойған сұрақтарға толымды жауап қайырған Қайрат Абдоллаұлы алдағы кезеңде атқарылатын жұмыстар туралы да құлағдар етті.
Нұрдос КӘРІМ