Жаңалықтар

Кәсіби құзыреттілік – ұстаз жеңісі

Жаңаша мұғалім дайындау үрдісін құзыретті білім беру арқылы қарастыру керек. Қазіргі заман талабына сай дағдыланған құзыретті маман – жаңа ақпараттық технологияларға біліктілік тұрғысынан жауап бере алатын заманауи дамыған тұлға.

Жалпы, «құзырет» ұғымы латын тілінен аударғанда – «дегеніне жету, дәл келем, лайықпын», белгілі бір саладағы білім мен тәжірибеге негізделген мағынаны білдіреді. Құзіреттілік түсінігін жаңа тұрғыдан алып қарастырсақ «жаңа тұрпатты педагог» ұғымы еске оралады. Бұл дегеніміз, яғни, жаңа тұрпатты мұғалім – рухани бай, шығармашыл, қабілетті болуы міндетті деген сөз. Сондай-ақ, ол кәсіптік тұрғыда жаңалыққа құштар жан болуы тиіс. Елбасымыз Қазақстан халқына Жолдауында «Білім беру реформасы – Қазақстанның бәсекеге нақты қабілеттілігін қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін аса маңызды құралдың бірі» деп атап өткен болатын.

Жаңа тұлға ретінде оқушыны дамыту жолдарының басым бөлігі – өзін-өзі тану арқылы өзін дамушы тұлға ретінде жан-жақты азаматты қалыптастырып дамытуға бағытталған. Әсіресе, жеке тұлғаға бағытталған оқытуды ұйымдастыру арқылы оқушылардың шығармашылық қабілетін арттыру басты бағыттардың бірі.

Ұстаздар үшін құзыреттілік ұғымын өзінің ұйымдастырушылық қасиеті мен кәсіби жинақылығын, әрбір жұмысты орындауға деген ынтасынан білуге болады. Қазіргі таңда осы үрдістерді заман талабына сай орындай алу – жауапкершілігі мол ұрпақ тәрбилеуге бірден-бір ықпал ететін үрдіс болып табылады. Жаңа тұлғаны дамыту жолдарының басты бөлігі – өзін-өзі дамытушы тұлға ретінде тәрбиелеуге бағыттау. Елбасы ұсынған «100 нақты қадам» Ұлт жоспары аясындағы 79-қадам білім реформасына қарасты айтылған – «Білім беру жүйесінде – жоғары сыныптар мен ЖОО-ларда ағылшын тілінде оқытуға кезең-кезеңмен көшу». Қазіргі таңда көптілді меңгерген оқушы – туған елінің игілігі жолында қызмет атқаруда болашағын бағдарлап алуы тиіс. Ол заманауи әлемдік үдерістерге жауап бере алатын тұлға болып қалыптасуы керек.

Білім беру секторының әлеуетін көтеру барысында мұғалімнің қабілеттілігі басты орынға шығады. Бұл ретте құзыреттілік ұғымын түсіндіргенде, алдымен, оқушылар бойында өздігінен ізденіс қабілетін қалыптастыра отырып, шығармашылық қабілеттерін арттырудағы жұмыс түрлерін орындау міндетті.

Бүгінгі таңда елімізде жаңа 12 жылдық білім беру реформасына көшу жұмыстары басталды. Бұл шығармашылықпен қатар, жеке тұлғаны қалыптастыруда жалпы оқушыларға арналған білімге оқытуды нұсқайды. Заманауи мұғалімнің міндеті – ғылыми қоғамның жаңа өзгерістеріне дайын, шығармашылыққа бейім тұлға ретінде оқушының алдына міндеттер қою.

Құзыретті және бәсекеге қабілетті тұлғаны қалыптастыру – кәсіби білімі жоғары ұстаздардың міндеті. Мұғалімнің кәсіби құзыреттілігі оның жұмысты қаншалықты игергенінен және біліктілігінен көрінеді.

Қазіргі таңда жан-жақты жүйелі құзыретті ұстаз – аса ізденгіш және еңбекқор болуы тиіс. Болашақ жас қазақстандықтардың білім көкжиегін дамытуда және жеке тұлғаны қалыптастыруда осы құзыреттілік ұғымына жүгінген жөн.

Кәсіби құзырлы азаматтардың нақты белсенділігі ұлттық ерекшеліктерді тани білуімен ерекшеленеді. Бұл ретте құзыреттілік ұғымын оқу-танымдық, коммуникативтік, ақпараттық-технологиялық, әлеуметтік-еңбек, тұлғалық өзін-өзі дамыту құзыреттілігі ретінде қарастырған жөн.

Айгерім АХМЕТОВА,

77 мектеп-балабақша кешенінің бастауыш сынып мұғалімі.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button