Көшет көшені көгертеді
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында ел тағдырында аса маңызды бір бастаманы көтерді. «Бес жыл ішінде орман алқаптарында 2 миллиард, ал, елдімекендерде 15 миллион ағаш отырғызылатын болады. Бұл еліміздегі көгалдандыру ауқымын едәуір кеңейтіп, табиғатқа жан бітіреді», – деп атап өтті Мемлекет басшысы.

Бұл сөздер – нақты әрекетке үндейтін пәрмен. Президенттің осы тапсырмасын жүзеге асыру мақсатында 2021-2027 жылдарға арналған кешенді жоспар қабылданды. Мақсат – жай ғана ағаш отырғызу емес, еліміздің экологиялық ахуалын жақсартуға, жасыл желекке оранған Қазақстанды қалыптастыруға бағытталған ұлттық маңызы бар бастама. Әр отырғызылған ағаш – келешек ұрпаққа жасалған инвестиция, табиғатқа тағзым, туған жерге жанашырлықтың көркем көрінісі. Былтыр облыс аумағында табиғатты түлету бағытында ауқымды жұмыстар атқарылды. Нақтыласақ, 612 гектар жерге 1,5 миллионнан астам ағаш көшеті отырғызылды. Жасыл белдеулерді кеңейту ісі алдағы жылдары да жалғасын таппақ. 2025-2027 жылдар аралығында орман қоры аумағында тағы да 1 700 гектар алқапқа 6,7 миллион көшет отырғызу көзделіп отыр. Биылдың өзінде 440 гектар жерге 1,9 миллион көшет отырғызу жоспарланған. Бүгінге дейін соның 278 гектарына 800 мыңға жуық жапырақты және қылқан жапырақты ағаш көшеттері отырғызылды. Қалған жұмыстар осы жылдың күз айларында жалғасын табады.
Бұл жайлы бізге облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Әсет Тазабеков айтып берді. Оның айтуынша, аталған шаралар тек орман қорын байытып қана қоймай, өңір тұрғындарының өмір сапасын арттырып, болашақ ұрпаққа таза ауа мен табиғи байлықты сақтап беруге негіз болмақ.
– Ағаш отырғызу жұмыстарының табысты жүруі тұқым сапасына тікелей байланысты. Бағдарлы бағытта өңірде жүйелі жұмыстар қолға алынған. Қазірде жалпы ауданы 41 гектарды құрайтын бір тұрақты орман тұқымбағы жұмыс істеп тұр, оның 26 гектары – суармалы жерлер. Айта кетерлігі, суару процесі заман талабына сай итальяндық жаңбырлатқыш технология арқылы жүргізіледі. Негізінде бұл көшеттердің біркелкі әрі сапалы өсуіне мүмкіндік беретін тиімді әдіс. Тұқымбақтың жобалық қуаттылығы – жылына 1,3 миллион дана стандартты көшет. Мұндай әлеует орман қорын толықтыруда үлкен рөл атқарады. Өткен жылы тұқымбақтың аумағы 80 гектарға дейін ұлғайтылып, оның қуаты едәуір артты. Осындай жаңашылдықтың арқасында «Қарағанды, Қу, Ақтоғай» орман шаруашылықтарын қажетті отырғызу материалымен толық қамтамасыз ету мүмкіндігі туды, – деді спикер.
Орманды қорғау – оны өсірумен тең маңызды міндет. Осы мақсатта бүгінде өңірде жабық тамыр жүйесінде тұқым өсіру арқылы өсімталдық пайызын арттыруға бағытталған орман тұқымы стансасын салу мәселесі қарастырылуда. Тың тәсіл көшеттердің тіршілікке бейімділігін арттырып, отырғызылған ағаштардың өміршеңдігін қамтамасыз етеді. Мұнымен қатар, мемлекеттік орман қорындағы өрт қауіпсіздігі әрдайым басты назарда. Себебі, бір ғана өрт сан жылдар бойы өсірілген табиғи байлықты бір сәтте жойып жібереді. Осы ретте облыс басшылығының қолдауының арқасында өткен жылы орман шаруашылықтарының материалдық-техникалық базасын нығайтуға және өртке қарсы іс-шараларды жүргізуге облыстық бюджеттен қомақты қаражат бөлінді. Бүгінде бұл қолдаудың нәтижесі нақты іспен көрініс тауып отыр. Облыстағы орман мекемелері арнайы техникамен және қажетті құрал-жабдықтармен 100% қамтамасыз етілген.
Иә, орман – ұлт байлығы. Оны қорғау – ортақ парыз. Осы ұстанымды басшылыққа ала отырып, соңғы жылдары өңірде орман қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Мәселен, 2023-2024 жылдар аралығында орман қоры аумағында 6 орман өрт сөндіру стансасы салынды. Салынған нысандар – тілсіз жауға қарсы тұруға арналған маңызды инфрақұрылым. Сонымен қатар, өрттің алдын алуға және ерте анықтауға мүмкіндік беретін 4 бейнебақылау камерасы орман алқаптарына орнатылды. Бұған қоса, бір өрт бақылау мұнарасы күрделі жөндеуден өткізіліп, толық жұмыс істеу мүмкіндігіне ие болды. Ағымдағы жылы республикалық маңызы бар ұлттық табиғи парктерде тағы да 6 өрт сөндіру стансасын салу жоспарланып отыр. Баянды бастама еліміздің ерекше қорғалатын табиғи аумақтарында қауіпсіздікті арттыруға бағытталды. Ерекше атап өтерлік жайт, биыл «Қарқаралы авиациялық бөлімшесі» республикалық мемлекеттік кәсіпорнымен бірлесіп, орман алқаптарын авиациялық қорғау ісі алғаш рет сәтті жолға қойылды. Қорғау әдісі өрттің таралуын әуеден бақылау және жедел әрекет ету мүмкіндігін арттырмақ. Өткен жылы қабылданған кешенді алдын алу шараларының нәтижесінде орман өрттерінің саны едәуір азайғаны байқалады. Жүйелі жұмыстың нақты нәтижесі деген осындай болар.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған көгалдандыру бағдарламасының аясында миллиондаған көшеттің отырғызылып жатқаны, еліміздің экологиялық тұрақтылығын қамтамасыз ету деген сөз. Орман қорын ұлғайту, «жабық» тамыр жүйесі, жаңбырлатқыш технология, өртке қарсы инфрақұрылымды жетілдіру сайып келгенде, табиғи байлығымызды сақтап, болашақ ұрпаққа қолайлы да абат орта қалдыруға бағытталған маңызды шаралар. Ең бастысы, баянды бастамалар табиғатқа деген жанашырлықты, елге деген қамқорлықты көрсетеді. Әр көшет – келешекке зор сенім, әр істелген іс – саналы қоғамның белгісі. Мұндай игі істердің жалғасын тауып, қоғамның әрбір мүшесін қамтуы экологиялық мәдениетімізді арттырып, табиғатпен үндестікке бастар жол болмақ, – деп санайды эколог Айбар Серікұлы.
Қара топырақты жарып, күн көзіне шыққан әрбір жас көшет – ел ертеңіне деген селкеусіз сенімнің, табиғатқа деген жанашырлықтың айрықша белгісі. Яғни, бір күннің емес, бір халықтың берекелі жұмысы. Табиғатқа жасалған әрбір игі іс – болашаққа салынған мызғымас көпір. Орман екпей, өркениет орнамайды. Жасыл желекке оранған дала тек экологиялық қана емес, рухани тынысымыз, ұрпағымызға қалатын ең қастерлі мұра. Осы жолда қолға алынған әрбір жоспар, егілген әрбір ағаш, орнатылған әрбір камера, салынған әрбір станса – ұлттың болашағына бағытталған саналы қадам. Қайрат пен жауапкершілік тоғысқанда ғана табиғатпен үндес, өркениетті ел қалыптасады. Ал, біз – сондай ел болуға бет алған халықпыз.
Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»