Баған

Көшеге шығу көсемдік емес

«Күркіреп күндей – өтті ғой соғыс» (Қасым) демекші, санамызды сергітіп сайлау да жетті мәреге. Кім жеңді? Кім жеңілді? Мен айтар едім – сенім жеңді, сәулесіз сәуегейлік жеңілді.

 

Сайлауға 3-4 күн қалғанда бір сыралғы досым: «Кімге дауыс бересің?» деді. Мен: «Жарқын болашаққа» деп жауап бердім. Қанағаттанарлық жауап емес, әрине. «Сонда кім?» деді сұраулы жанарын менің дидарымнан аудармаған күйі. «Жеті үміткердің ішінде елге беймәлімі жоқ қой. Саралап, салмақтап көр» дедім де, жөніме кеттім.

Иә, таңдау жасауда мәселе үміткердің сұңғылалығында емес, ел дамуының жүйелілігінде екенін әлгі досым түйсінді ме, жоқ па, ол да – маған беймәлім. Бірақ, сабақтастықтың салтанат құрып, тұрақтылық тұғырланғанына, жүйелі дамудың тың мүмкіндіктеріне осы сайлау жол ашып бергеніне мен қуандым.

Елбасы Н.Назарбаевтың Тәуелсіздіктің алғашқы таңынан бастап бүгінгі күнге дейінгі сіңірген еңбегін жоққа шығару – қиянат. Қазақ елін әлемге танытып, алты құрлықтың алдында абыройымызды асырды. Экономикалық өсімді де, саяси тұрақтылықты да еркін еңсеріп, жер шары картасындағы ең жас мемлекеттің шынайы мүмкіндіктерін шыныдай мөлдіретті. Солай бола тұра, әлеуметтік желіні «жарған» бейбастақ пікірлер жетегіне еріп кете жаздағанымызға жол болсын… Әрине, ешкімнің азаматтық ұстанымына шек қойып, шәк келтіруден аулақпын. Дегенмен, көшеге шығып, көлгірсудің көсемдік емес екендігіне иланбай жүргенімізді түсіне алмаймын. Өзекті мәселе көтеріп, өткір пікір айтатын жер жоқ па, әлде?

Сөз жоқ, сайлау еріктілер мен ресми бақылаушылардың белсенділігін танытты. Әсіресе, жастардың ел ертеңіне бейжай қарамайтындығына көзіміз айқын жетті. Өзгеріске ұмтылыс бар. Ол да қуантады. Сайлау қорытындысына наразы пікірлердің айтылуы, арандату акцияларының бой көрсетуі, мұның барлығы – демократиялық үдерістердің қағидалары. Оның барлығын сабыр жеңетінін әлдеқашан мойындаған халықпыз.

Еліміздің халық таңдаған екінші Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлауалды бағдарламасына саналы түрде үңілген болсақ, сабырымызды сарықпас едік. «Сабақтастық. Әділдік. Өрлеу». «Nur Otan» партиясы үміткерінің тұғырнамасына өзек болған үш құндылық – бұл. Қазақы ұғымда халықтың қазынасы қайнап жатқан қара қазанды көтеріп тұрған ошақтың үш пұты болады емес пе?! Президент емеурін еткен үш құндылық осы ошақтың үш пұтындай қастерлі көрінді маған. Ендеше, қадіріміз де қашпайды, қарнымыз да ашпайды.

Кешегі ұлықтау рәсімінде жаңа Президентіміз сыбайлас жемқорлықпен күрес мәселесіне ерекше тоқталды. Әділдік деген қастерлі ұғымның астарына сыйып тұрған бұл бастама сыбайластықтан сырт айналар кез жеткенін меңзейді. Біздің жүйенің етегіне жармасып, есін алып тұрған індет – осы жемқорлық. Ресми билік беделінің берекесін де сол сыбайластық қашырып тұр. Күн құрғатпай құрықталып жатқан шенеуніктер қанға үймелеген шыбындай көбейіп кетті. Осы індетпен күрестің жаңа формасын енгізіп, өзгерісті осыдан бастаса екен деп тақым қысып отырмыз.

Ең бастысы, Тұңғыш Президенттің тұғырлы бастамалары жалғасын тауып, байыпты бағдарламалары дегеніне жететіні. Көшедегі наразылықтың бәрі – тұрақтылыққа күмән келтіру. Бұл пікірім – көпке топырақ шашу емес, «сабырдың түбі – сары алтын» екенін еске салу ғана.

Ерсін МҰСАБЕК,

«Ortalyq Qazaqstan» газеті Бас редакторының бірінші орынбасары.

Басқа материалдар

Back to top button