Көшбасшының еңбегі көпшілікпен бағалы
Ақылды, зерек, ізденімпаз, ойшыл, намысшыл, қайратты, жаңашыл, саналы тағы да осы секілді салмақты сөздер қатарын жалғастырып жаза беруге болады. Бұл сипаттама – жеке тұлғаға, яғни, көшбасшы адамға тән қасиеттер. Мектеп басшысының көшбасшылық әлеуетіне баға беру қиын. Себебі, ұстазға сыншы – оқушы болса, басшыға сыншы – жүздеген ұл мен қыздың ата-анасы, ұжым, үмітін үкілеген шәкірттер.
Кез келген жанның әлеуетті болу үшін алдымен алдына айқын мақсат, жүйелі жоспар қоя білгені жөн. Халқымыздың «Армансыз адам – қанатсыз құспен тең» деген мақалы бар. Егер адамның алға қойған арман-мақсаты болмаса, ол жай ғана өмірдің ағысымен жүрген жан, ал дұрыс мақсат қою білім мен тәжірибеге байланысты.
Менің ойымша, білім беру саласындағы мектеп басшыларының көшбасшылық әлеуеті – оқушылардың табысты оқып, жоғары нәтижелерге қол жеткізуін қамтамасыз ету, білім туралы ортақ ұстаным қалыптастыру, әр шәкірттің оқу үлгеріміне алаңдаушылық білдіру.
Ғұламалардың ғибратын өмірлік темірқазығымызға айналдыру ауадай қажет-ақ. Американдық кәсіпкер, ірі болат өндіруші, мультимиллионер және филантроп Энрдю Карнеги «Барлығын өзі істеп, барлық еңбектің жемісін өзінің атына алғысы келетін адам көшбасшы бола алмайды» депті. Иә, шынымен де өзгелерді алға шығарып, жемісін ортақ абыройға айналдыру үшін де дара көшбасшылық қабілет пен хакім Абай айтқан үш асыл қасиет керек-ақ.
Білім беру саласының көшбасшылары да өз әлеуетін көрсету үшін ең алдымен қажыр-қайратын мектептің дамуына, әлеуметтік, кәсіби серіктестіктің қанатын кеңге жаюына жұмсауы қажет.
Мәселен, өз тәжірибемде оқыту мен оқудың сапасын зерттеп-зерделеуді күнделікті сабақтар арқылы да жасауға болатынын түйдім. Қазіргі таңда республика, облыс деңгейлерінде едәуір инновациялық, әлеуметтік жобалар жүзеге асуда. «Оқуға құштар мектеп», «Зейін» атты жобалар солардың қатарында. Бірінші жоба аясында әр мектеп өз шығармашылығын шыңдап, әр түрлі әдіс-тәсілдер арқылы жұмысын көрсетуде. Екінші жобада оқушылардың функционалдық сауаттылығы мен мектептердің білім сапасы артып, шәкірттер түрлі дәрежедегі байқаулардан жүлдегер атануда. Міне, бұл жерде мектептің оқыту мен оқу тәжірибесіне өзгерістер енгізуде табандылық пен жаңашылдық танытып, ынтымақты ұжым болып біріге жұмыс жасау арқылы ғана мектептің әлеуеті көтеріледі деген ойдамын.
Кей сәттерде басшының көшбасшылық әлеуетіне жеке тұлғалық қасиеттері де әсер етеді. Қажет кезінде қаталдық таныту, уақытты бағалау, байсалдылық, сенімділік, дәлдік пен көрегендік ұжымның ұйытқысына сеп болуы да ғажап емес. Қаталдық – тәртіпке шақырса, уақытты бағалау – нәтижелі жұмыс жасауға, сенімділік – өзгелерге күш-қуат сыйлауға, көрегендік – адамның ішкі жан дүниесін тануға түрткі болары сөзсіз. Сондықтан, әр басшының білім беру саласындағы көшбасшылық әлеуетінің бағасы ізгі қасиеттерді бойға жинауына байланысты. Адам әлемінің айнасы, еңбегінің өлшеуіші – бұқара қауым, қалың көпшілік. «Халық айтса, қалт айтпайды» дегендей көшбасшыны тану да көптің ісі, ұжымның бірауыздан берілген бағасы болып қала бермек.
Г.МЫҚЫШЕВА,
Жамбыл Ақылбаев атындағы
мектеп-гимназиясының директоры
Шет ауданы