Көш Мәреміктегі Есбалақ көтерілісі
Қазақтың ертеден келе жатқан көне «көш» терминінің асыл заты – «бір нүктеден екінші бір нүктеге жету», яғни, қозғалыс, бір күйден екінші күйге көшу, даму, өсіп-өну, өзгеру, өмір атты қозғалысқа қолғабыс қылған қуатты ойдың еркін сөзде көрініс беру шындығы.

Бастапқы есті жанды ақылдың адам ойында табылу шындығын біз барша адамзатқа әлімсақтан ортақ көне жазба тілінің үлгісімен түзілген «Алпамыс батыр» қаһармандық эпосындағы ел-жұрт, жер-су, адам аттарының ежелгі төркін тегінің құқықтық сыры арқылы ашып көрелік. Өткен дәуірдегі теңіздей тұңғиық әдебиетіміздің бізге жеткен адасқан ұшқыны, тентіреген тамшысы іспеттес эпостың басты кейіпкері Алпамыс батыр есімінің мәнін ашуға Шәкәрімнің: «Шыннан өзге Құдай жоқ. Жарға ғашық болғаныма, Таңданатын түк те жоқ. Жер жаралмай тұрғанында, Менде Асықтың нұры бар» деген ойы жол нұсқар. Алты Алаштық Алпамыстың есім-сойындағы «AL» етістігі этруск тілінде «беру», «сыйлау» деген мағына берсе, «Alpu» есім сөзі «сый» делінеді.
Ауызда адасып азғантайы қалған көненің бірі «Алапа» сөзінің де мағынасы сый – «Асық нұрынан жаралған әркімнің адам болып өмір сүру құқығы». Бұл ойымызды латын тіліндегі «Alapa- ae» терминінің «жақтан бір тарту» деген мағынасы да растайды. «Еst sub alapa» – құлға бостандық бергенде істелінетін шартты белгі, яғни, басына еркіндік беру – сый.
Эпостағы «Жиделі Байсын» термині «толымдының ісі толық» деп оқылуға жатады.
1931 жылдың ақпан айындағы Семей облысы Қарқаралы округінің Абыралы ауданындағы Тайлан ауылдық кеңесіне қарасты №5 ауылында туған көтерілістің де анық себебі – саяси сауатсыз, толымсыз биліктің небір ісін толық қылмас топас болмысы.
1928 жылғы төрт Жаман Абыралы, Жақсы Абыралы, Жалғыз тау, Мәремік таулары қоршаған ауданның атауы 1871 жылғы Абыралы болысынан көшкен, бұл болыстық 1846 жылдары «Байбөрі» деп аталатын. Байбөрі болысында мал есебін жүргізген үкіметтік комиссияның ішінде болған поляк А.Янушкевичтің күнделік дерегінде Байбөрі халқы бай-қуатты болып, «Алпамыс» эпосында айтылғандай тіршілік етіпті.
А.Янушкевичтің айтуынша, Байбөрі жұртының мал-мүлкі бұрындары да екі рет шапқыншылыққа ұшырапты.
Сірә, соның бірі 1830 жылы Байбөрі болысына барымтаны тыямыз деген желеумен келген «военные экспедиции» деп аталған колониалдық жазалаушы отряд зорлық жасап, 12 мың қойды, 2 мың жылқыны, 1500 сиырды, 700 түйені айдап алып кеткендегі шабуыл болар (Е.Бекмаханов. Қазақстан XIX ғасырдың 20-40 жылдарында Алматы, «Санат» 1994, 142-ші бет). Төрт түлікке қатысты қазақтың «Ішпес-жеместің малы үрендеге бұйырсын» деген мақалындағы қасқырды бейнелейтін «үренде» сөзінің синониміне баланып жүрген «бөрі» терминінің алғы мән-мағынасы ит-құсқа (маңғыт, қасқыр, ұлыма) еш қатысы жоқ, бұл термин адам затына тиесілі. Оған анық дәлелді Албанияның этимологиялық сөздігіндегі «Burrё» – (бөрі) бірлігінің мағынасын ұсыналық: «Burrё» – еркек, қайратты, кемеліне келген, мықты, анда болуға жарарлық тең ер-азамат. (Kolec Topalli. 2017. Тирана. 276 бет.)
Қазақ мақалы: «Тең адам анда, текті ауыл құда». Байырғы «анда» терминінің мағынасы – құрсақтан егіз, бір жатырда жаралған, ішкі үйден шыққан, құқықтық тұрғыдан тегі бір тең жандар.
Абай өлеңіндегі «көңіл жайлауынан ел кетуі» – даласы соғыс алаңына айналған, өз ырқы өз қолынан кеткен қазақ халқының құқықтық жағдайы. Арқадағы Байбөрі ел-жұрты жерінен, тіршілігінің төрт құбыласының тірегі төрт түлігіне жетерлік жайлауынан айырылған, дәстүрлі шаруашылық жүйесінің күйреуінен жұрт жоқшылыққа ұшырап, ашаршылық азабын тартқан соң 1931 жылы да қарулы көтеріліске шыққаннан өзге амалы қалмаған. Байбөрі елін ақпанда үкіметке қарсы қарулы көтеріліске итермелеген саяси биліктің ел меңгеру ісінде жіберген аса қатерлі қателігі болатын. 1917 жылғы төңкерістен төңкеріс, азамат соғысы, дала шаруашылығының иесі байларды тап жауы ретінде жою, жер аудару, тәркілеу, колхоздандыру науқаны елді жоқшылыққа, аштыққа ұрындырып аздыра бастады.
Абыралы аудандағы №6 ауылының Қамбарлар көтерілісінің басшысы Ы.Кемпірбаев тергеу кезінде аудандағы көтерілістің 1931 жылдың ақпан айының басында №5 ауылында Көш Мәреміктегі Есбалақ руынан басталғаны туралы дерек берген (Алашорда ісі. Том-11. 459-467 б.). Кемпірбаевтің 1931 жылғы 8 сәуірде берген дерегін Абыралы ауданының Тайлан ауылдық кеңесінің 1942 жылдың 20 қарашасында айыпталушы Текебаев Азбанбайдың 1931 жылғы Көш Мәремік мекеніндегі №5 ауылдағы көтерілісінің белсенді қатысушысы екендігі туралы анықтамасын бекітеді (ҚР Президентінің архиві Текебаев Азбанбайдың ісі. 9-бет.).
Архивтік деректерге сай 1931 жылдың 12 ақпаны күні ауданның шығыс жағындағы № 2, 3, 5, 7, 12, 14 ауылдарынан 700-дей кісі аудан орталығы Қайнарға шабуыл жасаған (Қазақ көтерілістері. Энциклопедия. 17 бет.). Сарыарқадағы ежелден ру-ру болып қоныстанған қазақ ауылдарын нөмірлеу ақ патшаның Сарыарқаны генерал-губернаторлыққа бөлу кезінен басталып, жиырмасыншы ғасырдың отызыншы жылдарындағы Көш Мәремікте де сақталғанын көріп отырмыз. Қалжыраған, көңілі қарайған Байбөрі елінің көтеріліске шыққан Есбалақ руы қоныс еткен «Көш Мәремік» мекенінің атау мәні «Алпамыс» іспеттес жаратылыс заңына жақын. Көш – қозғалыс десек, «Мәремік» мезотопонимі жер атауы ретінде бекерден-бекер таңдап алынбаған, тауға қойылған ат-мәнбінің мөрі, табиғатта орын алған оқиғадан туған сөз. «Мәре» – көмбе, сөре; «мік» – жыртып-айыратын қозғалыс, жарылыс, дыбыс. «Көш Мәремік» көне терминінің мәні мына бізге көрінген және көрінбеген екі дүниенің жаратылуына себепші, адамзатқа адам болып өмір сүру мәнін сыйлаған «Үлкен жарылыс» деген ұғымды білдіреді.
Тіл тарихында «Ес» термині «сыйлы» деген мәнге ие еді, Есбалақ – қазақтың «шынжыр балақ, шұбар төс». (Қ.Жұбанов Қазақ тілі жөніндегі зерттеулер.124 бет). 1931 жылы Есбалақ руы құдай берген өмір сүру сыйын заңсыздықтан қорғау мақсатында үкімет зорлыққа қарсы қарулы көтеріліске шыққан еді.
Марат АЗБАНБАЕВ