Жаңалықтар

Көсемсөз көксемсері

Ерсін Мұсабек. Қазіргі Қазақстан көсемсөзіндегі ең ықпалды публицистерінің бірегейі. Өзіне тән сирек стиль иесі. Әр туындысы терең талдауға негізделген сынның әрі әділет қағидаттарына өршіл ұмтылыстың синониміне айналды. Ерсін Мұсабек 50-ге толды дегенде қоғамдық ойдың, журналистиканың сара жолы көз алдымызда көлденең келді…

Сурет кейіпкердің жеке мұрағатынан

Ол 1974 жылдың төлі. Ерсін дегенде еркін деген ұғым тіл ұшына оралатындай. Қаршадай кезінен шығармашылық әлемінің соңына саяқ түсіп, уысындағы уақытын мәнсіз сөзбен рәсуә етіп әлектенбей, өзіндік сара жолын қалыптас­тырды. Оның есім-сойы тоқсаныншы жылдар мен екі мыңның бастабынан бері еленіп, бұқаралық ақпарат құралдарында әрқашан мұқият пысықталған маңызды мәлімдемелерімен, ойының айшықтылығымен әрі өзіне тән батылдығымен ерек. Алда атқарар міндеті көп екендігін жүйке жұлынымен сезінген табиғи талант иесі. Ол бірнеше рет сынға ұшыраған, тіпті, өткір әлеуметтік-саяси мәселелерді көтеруден қорықпады. Қаймықпады. Хош делік. Оның көзқарасында журналистика еркін де тәуелсіз болуы керек деген сенімі селкеусіз. Ерсін шығармашылығындағы тақырып сан алуан. Әсіресе, саяси стратегиялық өлшемдерге өз биігінен ой қосып таразылау екінің бірінің қолынан келе бермесі кәдік. Оның мақалалары көпшіліктің назарын аударып қана қоймай, көбінесе бірқатар реформаларға да себеп болды десек, әсте жаңылыспаймыз.

Дегенмен! Ерсін үшін ең маңызды тақырып Қазақстан жолы болды да, болып та келеді. Қазір қарақұрым жұрт қара құрсақ пен арам қиялдың артын кезіп кеткен кез. Ал, ол көңіл қаламына қазіргі қоғамға не керек, не керексізін тайға таңба басқандай етіп көрсете отыр­ып, құны кетпеген құндылық атаулысының қызғыш құсындай үн қатады. Үн қатпақ былай тұрсын, оны өмірлік кредосына айналдырғалы қашан. Ия, тепкіш-тепкішпен тепеңдеген тіршілік-ай!

Бажайлап зер салсақ, қазақ көсемсөзі ауызша дәстүр атаулысынан қазіргі заманғы қалыпқа дейін ұзақ-сонар жолдан өтті. Тәуелсіздік жылнамасындағы халық сөзі өзінің дамуының жаңа кезеңіне аяқ басты. Жаңа да бостан бұқаралық ақпарат құралдарының пайда болуы еркін пікір білдіруге әрі көптеген маңызы жоғары мәселелерді талқылауға соны мүмкіндік ашты. Қаламгерлер қауымы аналитикалық мақалалар сияқты жаңа формалар мен жанрлар ауылына ат басын тіреді. Қазіргі қазақ публицистикасының негізгі тақырыптарының бірі ұлттық бірегейлік пен мәдениет қабаты екендігі аян. Авторлар тарихи мұраны қайта қарастыруға және оның қазіргі заманғы қиындықтар тұрғысынан маңыздылығын көрсетуге бас қойды. Ұлттық мүдде аясы арқылы саясат, экономика және әлеуметтік мәселелер тұғырынан түспейді.

«Орталыққа» бас редактор болып келгелі өзіндік осы позициясынан бір мысқал айныған емес. Осындайда «Редакторы қандай болса, газеті де сондай болмақ» деген сөзіміз тұп-тура Ерсінге арналғандай. Көкірегіне шөккен небір жайлар қаламынан сөз болып саулайды. Оның панорамалық сыр-сипатқа ие жанды жазбалары шым түбіндей тереңдігімен, атамекеніне деген шетсіз-шексіз сүйіспеншілігімен таразыланады. Жазуы жалт етіп жоғалып кететін күшеншек жазармандарды жазалайтын дар ағашы дерсіз. Кейіпкеріміздің аудиториясына келсек, жазған-сызғанын оқырманы ғана емес саяси элита мен ғалымдар да шұқшия назар аударады.

Бүгінде елу деген ердің жасына келген Ерсін Мұсабек журналистердің жас буынының ұстазына айналды. Шерхан Мұртаза, Ақселеу Сейдімбек, Камал Смайылов, Мағауия Сембай сынды алыптар шоғырының шекпенінен шыққан өзі де бүгінде шәкірт ертті қасына. Иә, оның бұл жанкешті еңбегі елеусіз қалмады әрине. Бастысы, қаламының ұшын нұрлы пікірдің алтын шүмегіне айналдырды. Есіл дерті мынау өзі айтпақшы тасыр-ғасырды өзі арқылы, сөзі арқылы ақылға келтіру. Ал, жарымес жалғанның көну-көнбеуі әрине, жұмбақтың жұмбағы.

Ол елуге келді. Былай қарасаңыз, есіл ғұмырының қақ жартысы. Ғұмырының алтын шапақты жемісін теріп жер бақуатты шағы. Ал, өзі бәз баяғы ауыр ой басқан қалпында жұмысын түк болмағандай жалғастыруда. Өткенге де, бүгініне де қарайтын түрі жоқ. Есіл дерті жердің өртеңі, елдің ертеңі! Осындай әнтек ой шырмаған қалпын көріп, мұны қандай құдірет қармап тұр деп өзіміз де таңырқаған едік. Әлде бала кезден дана кезге ұласқан ару арманы тағат таптырмай жүр ме екен. Әлде ақиқаттан көз-құлағын жапқан жұртқа әлдене жеткізгісі келеді ме екен. Әлде әлдеқайдан жеткен тылсым хабарға елітіп, жіпсіз қармала ма екен. Ә, бәлкім көкірегіне көктастай кептелген ғасыр түйткілінің шешімін іздейтін болар. Ол тұсы бізге беймәлім.

Шындығы, Ерсін қоғамға үн қатады, тыңдатады. Ақпараттық алаңда пікірін ортаға салады. Адам һақына алаңдайды. Ұлттық мұраға шұқшияды. Ақтық демі қалғанша ұлтым деген жолдан жоқ іздейді. Кей-кейде атын ұмытып кетердей азаптанса, кей-кейде тәтті ұйқыдан оянғандай, бейіштен бір тұтам гүл алғандай қуанады келіп. Оның есімі отандық баспасөзде адалдықтың, көзсіз батылдық пен кәсібиліктің нышанына айналды. Жетістігі жоқ жеңі бар, мінезі жоқ шені бар алуан-алуан жандар жетіп артылады маңайымызда. Кәрібайұлының ғани болмысы ғазиз жанның жүрегіне егілді. Ол – күрескер! Ол – ақын! Ол – көсемсөз көксемсері! Біздің оған деген бейіліміз осы рәуішті. Балақаздай жем беріп, қолтықтап жүріп дем беріп жүрген шәкірттерімнің төбелі де – осы Ерсін. Ерені де – осы Ерсін! Жаңбыр шайған қарақаттай мөп-мөлдір тұнық дүниелерін көзім шалғанда ізімдегі ізбасарларымның олжасыз емесін көріп жүрегім гүлге оранғандай көркем күй кешемін. Пау-ей, уақыт шіркін тізгін ұстататын емес.

Ашығын айтқанда, Ерсін Мұсабек саналы ғұмырының әр күні мен әр сәтін қоғалы қоғамға сөз құдіреті арқылы қызмет етуге арнаған адам. Оның көсемсөз күншеруіндегі әр жұмысы оқырманын шабыттың бесігіне бөлейді. Ойландырады, толғандырады. Өрнекті өміріне мән-мағына бітіреді. Мерей иесіне алдымен зор денсаулық, шалқар шабыт, шаһқар дүние, түгесілмес жетістік тілейміз. Ерсін, қаламыңның қадір-қасиеті күн санап арта бергей!!!

Зарқын ТАЙШЫБАЙ,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, профессор.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button