Көсеммен бірге отырған
Мынау Ақшатауда байдың соры, кедейдің сойы, жоқтың жомарты Бешкеннің Мұсатайы деген өткен. Көлденең жұрт «өзіне қар қарар көрік бермеген» деп төмендеткенімен, тумаластары «кешегі Дияқажымен, кешегі Бабаспен қатар жүрген» деп аспандатады. Кейінгі екеуінің атағы Арқада ақындығымен шыққан.
Мұсатай кеңестің законын зорларға салады. Кешегі Бәйсейіттің Нұрлан Жомартының Басшиін тартып алады. Қамақтағы Мәдиді босатып алам деп Қарқаралы түрмесін шаппақшы болған Тоқсантайдың Қапасының Ақшиін тартып алады. Бұл екеуі де атақты Жарылғап батырдың тұқымдары. Оларға әрі-беріден кейін сәбет өкіметінің әлі келмеген.
Мұсатай сол сабаздардың өзін тұқыртады. Өйткені қолында мөрі бар.
– Мұның қалай, аруақтардан қорықсаңшы, – дегендерге:
Ленинді көрдім түсімде,
Оң баға берді ісіме.
Мұндайда аян түспей ме,
Бас болатын кісіге, –
дейді-мыс.
Жанына бөрікөз топ жинайды. Сол топ арқылы қолын ұзартып отырады. Қотандағы қойының басы жүзге жеткенде бәрін таратып жіберіп отырады екен. Мұнысы оны кейін талай сойқаннан құтқарып қалады.
Қысастық Мұсатай тарапынан да аз болмаса керек. Сондықтан да, оның өзі де закон құрығына ілігеді. Сөйткен Мұсатай жеме-жемге келгенде өз туыстарын сатпайды. Қайта қорғаншы болады. Қарқаралыдан сот болып келген Бегәлінің Сапарғалиымен ұстасады. Сотта айтып отырған Дияқажы мен Қапастың сөзін сөйлейді.
Өйтетіні Мұсатайдың көзі ашық. Бұқар барып оқыған. Онысын денсаушылығы болмай тауыспаған. Елге келіп емқостықпен айналысады. Кейінде запыранды өлеңдер жазады. Қызылдар келіп, сәбет жағына шыққан. Алайда, сол қызылдарға кейін өзі де қарсы шығады.
Бабас ақынның «Пайғамбар бізде аз емес» деген өлеңі бар.
Көкек, мамыр келгенмен,
Маңдай жіпсір жаз емес.
Қожамыз жоқ болғанмен,
Пайғамбар бізде аз емес.
Бір қауым ел жөйіт те,
Кіміңнен кем еді.
Бірақ бұл Мұсағаң,
Ленинге сенеді.
Естек барған, Өпіге,
Қабаңның Ғайсасы.
Үйірін бермейді,
Айғырдың байсалы.
Оқу өтіп кеткен бе,
Ми ашыған, ес кетті.
Бір үйірден салмақшы,
Бопты қазақ, естекті.
Пайғамбар бізде аз емес,
Екеуін жаздым ғой.
Үшіншісі белгілі,
Өзіміздің қажы ғой.
Жастайынан елкезбе,
Бұл да оқудан қалмаған.
Дәмі жоқ-ау татпаған,
Елі жоқ-ау бармаған.
Кейінгі екеуі,
Дін ислам жетік-ау.
Тұр бірақ бұл елдің,
Кетеуі кетіп-ау.
Ақын қырдағы дін исламның қалтылдаған жайын осы елдің үш оқығаны – Мұсатай, Мұхамедия, Айса арқылы алып шығады. Өлең әзіл түрінде жазылғанымен астарында ащы сарказм жатыр. Мұхамедия (Дияқажы) Түркияның Ая-Софиясын, ал Айса (Ғайса) Тоқтарбеков Өпідегі «Ғалияны» бітірген.
Мұндай оқығандарды сәбет өкіметі де жақтырмайды. 1929 жылы қызыл өкімет алдымен Дияқажыны, соңынан Қапасты құрықтайды.Іле-шала Мұсатайды да халық жауы ретінде ұстайды. 1930 жылы еңбекпен түзеу лагеріне бес жылға соттайды. Кесікті жазасын Соловецк түрмесінде Алаш көсемі Ахмет Байтұрсыновпен бірге өтейді.
Мұсекең түрмеден «бұзылып» келеді. Енді бұқпантайламай сәбет өкіметіне ашық қарсы шығады. Ащы запыранды өлеңдерін арнайды.
Ахаңды көрдім,
Қолымды бердім.
Бұл да бір көсем,
Соңынан ердім, –
дейді «Көсем» деген өлеңінде.
Қайтып ұсталғанында осы өлеңі өзіне айғақ болады. 1937 жылы қызыл үштік оны өкіметке қарсы өлеңдер жазды, дінді уағыздады, аса қауіпті алашордашыл, алашордашылармен байланысы болды, жапон тыңшысы болды-мыс деген айыптар тағып ату жазасына кесті.
Кейінде Мұсакеңе байланысты тарихи құжаттар іздестірдік. ҰҚК-нің мұрағатынан тапқан дерегіміз (құпия) мынау болды.
Бешкенов Мусатай, 1878 года рождения казах. Место рождения: Карагандинская область, Шетский район. Образование: начальное. До ареста проживал: Карагандинская обл., Шетский район,. Кем и когда арестован: 31.03.1930г., ОГПУ. Кем и когда осужден: ОГПУ, 25.06.1930 года Статья: 58-7, 58-8, 58-10 УК РСФСР. осужден к лишению свободы в ИТЛ на 5 лет. Дата и орган реабилитации: 13.07.1970 г., Карагандинский обслуд. Причина прекращения дела: За отсутствием состава преступления.
Бешкенов Мусатай, 00003945, 1877 года рождения казах. Место рождения: Карагандинская обл., Шетский район, аул N10. Образование: неграмотный. До ареста проживал: Карагандинская обл., Шетский район, аул N10. Кем и когда арестован: 22.10.1937г., Шетский НКВД. Кем и когда осужден: Тройка УНКВД по Карагандинской области, 28.11.1937 года Статья: 58-2, 58-10, 58-11 УК РСФСР. осужден к ВМН. Дата и орган реабилитации: 28.11.1957 г., Карагандинский облсуд. Причина прекращения дела: За недоказанностью состава преступления.
Үштік сәбет өкіметін сатты деп сатқын айдарын таққанымен Мұсатай бабамыздың қазағын сатпағанын осы екі құжаттан-ақ көруге болар. Бұл кісіге қандай құрмет көрсетсек те жарасып тұрар еді, алайда атаулы көше бұйырмақ тұрсын есімінің өзі көмескіленіп барады. Ал мұндай арыстарымыз Шет өңірінде аз емес.
Алашы үшін жанын пида еткен арыстарымызға көрсетер құрметімізді қашан түзер екенбіз?!
Төрехан МАЙБАС
Шет ауданы.