Президент тапсырмасын орындай отырып...

Көрсеткені 4G, бірақ байланыс жоқ, немесе цифрландыру қалай жүріп жатыр?

«Ауылдық жерге интернет желісі тартылып, ұялы телефонда 4G таяқшалары көрсетіп тұрғанымен, байланыс жоқ. Неге?». «Басқарманың нақты жұмысы қалай? Қандай мәселелермен айналысады?». Осы және басқа да сұрақтарға аймақ журналистерімен өткен онлайн-кездесуде, облыстық ақпараттандыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және архивтер басқармасының басшысы Рустам БАЙЖАНОВ жауап берді.

«Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының облыс аумағында қалай жүргізіліп жатқанын қадағалайтын бірден-бір орталық болғандықтан аталмыш басқарма алдында тұрған міндеттер жеткілікті.

Осы бағдарлама аясындағы атқарылар жұмыстарға тоқталған басқарма басшысы: «Бүгінге дейін 6 млн.-ға жуық мемлекеттік қызмет көрсетілсе, оның 85%-дан астамы электрондық түрде алынды. Барлық қызметтердің 92%-дан астамы egov.kz порталында қолжетімді, Telegram-бот немесе мобильді қосымша арқылы алуға болады. Open akimat жобалары іске асырылды, онда мемлекеттік қызметтер цифрлық технологияларды қолдана отырып, бірыңғай терезе қағидаты бойынша ұсынылады. Өңірлік геоақпараттық портал құру жалғасуда, онда жер қатынастары, құрылыс және сәулет салаларында, жер учаскелерін алу, құрылыс және реконструкциялау жобаларын әзірлеу кезінде бастапқы материалдарды ұсыну және тағы басқа көрсетілетін мемлекеттік қызметтер автоматтандырылады, бұл қызмет көрсету мерзімін 1 жылдан 15-20 күнге дейін қысқартады. Мұнда көрсетілетін қызметті беруші мен көрсетілетін қызметті алушының тікелей байланысы болмайды. Денсаулық сақтау саласында жасанды интеллектті енгізу басталды, экология саласында газ талдағыштарды орнату жалғасуда, құрылыста ғимараттарды жобалау кезінде BIM-технологиялары қолданылады», – деді.

Үш жыл ішінде облыстың 55 ауылдық елдімекені жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз етілгенін сөзге тиек етті. 85 АЕМ-де 3G және 4G интернетке мобильді кең жолақты қолжетімділікті қамтамасыз ету бойынша жұмыс аяқталып қалған. Барлық жұмыс аяқталған соң, интернет-байланыспен қамту АЕМ-нің шамамен 94%ын құрайды.

Дегенмен, осы жерде «Ауылға интернет келгенімен, байланыс неге нашар?» деген сұрақ туындайды.

Бұл сауалға басқарма басшысы: «Әрине, ауылдарға интернет тартылғанмен, байланыс нашар екені рас. Бұл қазір өзекті мәселе. Облыс әкімі Жеңіс Махмұдұлы да жақында осы мәселе туралы жиын өткізіп, біршама тапсырма берді. Бұл жерде, интернет тартуға мемлекет тапсырма беріп, қаржы құйса да, бұл міндеттерді мойнына алған ұялы байланыс операторлары жұмыстарын ақсатып отыр. Мысалы, олар әр ауылға арнайы құрылғылар орнатқанымен, жерсеріктер арқылы байланысқа шығады. Содан барып төрт-бес адам ұялы телефонымен хабарласа бастаса болды, 4G көрсетіп тұрса да байланыс үзіледі. Бұл – солардың ағаттығы. Сондықтан, жауапты операторларға олқылықты жоюға тапсырма берілді. Бұған дейін жұмыстарын дұрыс істемегені үшін оларға 10 айлық есептік көрсеткіштік айып салынатын. Қазір Парламентте бұл соманы 1000 АЕК және одан да жоғары сомаға көтеру қарастырылуда. Сонда ғана, миллиардтаған теңгесінен айырылып қалмас үшін байланыс операторлары жұмысын тиянақты атқарар деген ойдамыз», – дейді басқарма басшысы.

Рустам Байжанов аймақта «Қауіпсіз қала» жобасы іске асырыла бастағанын да айтып өтті. Оның аясында үш мыңнан астам бейнекамера Қарағанды, Теміртау, Жезқазған, Сәтбаев, Саран қалаларының және Осакаровка кентінің қоғамдық орындарында аулаішілік аумақтарына орнатылады. Жоба аясында 250 аппараттық-бағдарламалық кешен, оның ішінде 80 жылдамдық өлшегіш іске қосылады. «Бұл – қылмысты азайтуға апаратын бірден-бір жол», – дейді ол.

Жиын соңында облыстық ақпараттандыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және архивтер басқармасының басшысы Рустам Байжанов өздерінің жұмыстарының ашық та таза жүргізіліп жатқанын, қандай сұрақ туындаса да хабарласып, мәлімет алуға болатынын айтты.

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ.

Басқа материалдар

Back to top button