Кәріпбек КҮЙІКОВ: “Өмірімді сақтап қалған – әкем Телтай”
«Невада – Семей» полигоны жайлы айтқанда денесі түршігіп, жүрегі жыламайтын қазақ жоқ. Өйткені, қазаққа қандай қасірет әкелгеніне кәрі тарих куә. Жер-Анамыздың көкірегі қарс айырылып, қаншама қазақ ажал құшты. Айыға алмайтын ауру тауып, мүгедек туды. Мұның бәрін еске алу – өте ауыр. Бірақ, өткенімізді білу – болашаққа сенімімізді нығайтады. Осы мақсатта полигонды жабуға атсалысып, ауруға шалдыққандарға көмектесіп, тақырып жайлы шығармашылық шарықтатқан белгілі суретші, антиядролық қозғалыс белсендісі, қоғам қайраткері Кәріпбек КҮЙІКОВТІ әңгімеге тарттық.
– Кәріпбек Телтайұлы, әңгімені өзіңізден бастасақ.
– Мен осылай туғам. Бұл – полигонның әсері. Өйткені, әке-шешем Айрық, Едірей, Доғалаң сынды полигонға жақын маңда тұрған. Анам жастай жетім қалып, бір кісілердің малын бағыпты. Мал бағып жүріп, сынақтың дауысын естіп, полигон жайлы біліп жүрген. Әкем маған протез жасатып бергісі келді. Өйткені, «Сабақты қалай оқиды, қалай жүріп-тұрады?» деп уайымдады. 5-6 жасымда Алматыға дәрігерге алып барғанда, Ленинградтың профессорлары болды. Олар мені Ленинградтағы зерттеу институтына шақырып, протез жасап беруді уәде етті. Сөйтіп, сонда барып, 9 жылдық мектепті Ленинградта бітірдім. Кейін сонда училищеде 2 жыл есепші мамандығына оқыдым. Оны аяқтап, елге келгенде полигон әлі жұмыс істеп тұрған. Аядай ғана үйіміз болды. Кішкентай терезесінен жолға қарап, ойға батып отырушы едім. Жарылыс болғанда дауысынан жиі шошып оянатынбыз. Жер қозғалған сияқты болады. Өйткені, 100 шақырымға дейін сезіледі. Біздің үй сол 90-100 шақырым еді.
– Сол кездері полигонға бардыңыз ба?
– Әкем жүргізуші болып жұмыс істегендіктен, үнемі іссапарда жүретін. Бірде мені Семейге және полигонға алып барды. Қайнар арқылы жүретін тас жол бар. Бірақ, әкем және басқа жүргізушілер төтелеп, жазық даламен-ақ жетіп баратын Семейге. Курчатов жабық қала еді.
– «Полигон аумағында көл бар» деп бір сұхбатыңызда айтыпсыз?
– Иә, бар еді. Ол көлдер қайдан пайда болды деп ойлайтынмын. Сөйтсем, ол сынақ жасалған жердің орны екен. Астынан су шығып, көлшік сынды қалып қойған. Басында сынақтар жердің бетінде жасалған, кейін астында жасайтын болды. Сол көлге күн ыстықта әскерилер шомылады. Жоғарыдан қарағанда адамдар кішкентай болып, жыбырлап жататын. Дәу әрі терең, қолмен қазғандай көл. Біз қызығып қараймыз. Негізі оның денсаулыққа зияны көп. Радиация ғой. Секіретін орын да жасап қойған екен. Жас жігіттер ыстыққа шыдамай, зиянына қарамай шомылады.
– Сол маңның тұрғындары ше, олар да шомыла ма?
– Әкем әр барған сайын Курчатовқа соғатын. Өйткені, онда іздеген дүниеңнің бәрін табасын. Радио мен фотоаппаратқа дейін бар. Сол маңайдағы қойшы, жылқышылардың бәрі Қурчатовқа сол қажеттерін іздеп келеді. Көп адам денсаулығына солай зиян келтіргенін білмейді.
– Әскерилер полигонды жабуға қарсы болған деседі? Неліктен?
– Курчатов және басқа да полигон нүктесіндегі әскерилер полигонды жабуға тікелей қарсы болды. Себебі, полигон оларға – табыс көзі. Өте көп жалақы мен үстемеақы алады және көмектің бәрі алғаш болып соларға келеді. Дүкендері толып тұрады. Өздерінен артылғанын жергілікті тұрғындарға сатады. Петрушенко деген полковник болды. Сол кәдімгідей ашық қарсылық көрсетті. Американдықтар мен жапондықтар басқа да шет ел азаматтарының көзінше полигонды жабу туралы митинг болғанда, баяғы әскерилер шомылатын сынақтан пайда болған көлшікке өзі түсті. Кейін 14 жасар баласын да шомылуға мәжбүрледі. Ондағысы – судың зиянсыз екенін дәлелдеп, полигонды жаптырмаудың амалы. Халықтың денсаулығы оларды қызықтырған жоқ. Ал, шетелдіктер зерттеу құралдарымен жүр. Олар онда радиацияның бар екенін біліп тұр. Табыс үшін осындай сорақылық көбейген соң, полигон басшылығы амалсыз сынақтарды жердің астында жасауға көшті.
– Жердің астында қалай жасайды сынақты?
– Өйткені, жердің үстінде жарғанда ұшақтан тастай салатын. Ал, жердің астына көшкенде, туннель қазып, рельс тартады. Заряд бомбасын сол рельске арбамен жіберіп, жердің астына барғанда түймені баса салады. Көлшік содан пайда болады. Әр сынақ жасаған сайын бомбаның күші арта берді. Никита Хрющев: «Біз әлемдегі ең мықты қару жасадық. Айдалада жарғанның өзінде, жақын маңдағы ауылдағы үйлердің терезесін қиратады» депті БҰҰ бір жиынында сөйлеген сөзінде. Қаруды тексеру үшін көпқабатты үйлер де салды. 1949 жылы бастапқы сынақ кезінде үй жануарларын да қойып бомба жарғаны белгілі. Сөйтіп, тірі, организмге әсерін тексерген.
– Полигонның зиян екенін қалай сездіңіз?
– Жапондық журналисті апарғанда топырақтың қап-қара болып кеткенін көріп, жағамды ұстадым. Біз ауылдың адамдары үйренгенбіз. Әкем жерге көрпені төсеп, түскі ас іштік. Ал, жапон журналисі Етакасан көліктен түскен жоқ. Денсаулыққа зиян деп қорықты. Жазуын жазып, ақпаратын жинап, отыра берді. Полигонның зиянын көріп өстім. 6 аяқты бұзаулар, 2 басты қозылар, 4 көзді лақтарды көрдім. Қайран біздің қасиетті ұлы даламыз не көрмеді? Бәрін көрді. Оның үстіне жарылыс жасайтын кезде Семей мен Курчатовқа емес, Қарағанды мен Павлодар облыстарының аумақтарына қарай жел соққанын күтетін. Себебі, Семейде өздері тұрды ғой. Басқа аймақтың халқын ойлаған жоқ. Өздерінің құлқыны мен жанын ғана ойлап, соны сақтау үшін бәрін жасады.
– «Қолы жоқ» деп кемсіткен сәттер болды ма?
– Иә, автобуста орыс қатындар көп тиісетін. Қысқы киімнен қолымның жоқтығы білінбейді. «Неге жолақысын дайындамадың, бол тез!» дейді. Мен «Қалтамнан ал» деймін. Бірде «Қалта ақтарып отыратын уақыт жоқ» деп түсіріп те кеткен. Ондайда ешкімге көрсетпей, көз жасымды сығып алатынмын. Басқа қолдан келер қайран бар ма? Сонда «Орекеңдер қазақты кемсіту үшін полигонды әдейі Қазақстанда салды ма?» деген ой мазалайтын. Мұны туындыларымда бейнеледім.
– Шығармашылығыңыздың көп бөлігі полигон тақырыбында ғой иә?
– Мені жұртшылық «тек полигон тақырыбында сурет салады» деп ойлайды. Негізі олай емес. Мен бұл тақырыпты көп қозғағым келмейді. Себебі, бұл менің тағдырыммен байланысты. Бірнеше картинам ғана бар. Олардың көбі тапсырыспен сызылған. Маған осы тақырыпта көп тапсырыс түседі. Оның үстіне картинаға тапсырыс берушілер сол полигонды құрған тоталитарлық жүйенің кескіні суретте болғанын қалайды. Көзіқарақты адамдар мұны жақсы түсінеді… Менің бас сүйек пен Кремльдің бейнесі бар картинам – бұл сөзіме дәлел. Мен қазақтың ұлымын. Отанымды, елімді қатты сүйемін. Ал, оған қара бұлт үйіргендер менің де қас жауым. Мұны картиналарымнан зер салып қараса, байқауға болады.
– Өміріңізге де қауіп төнген екен?
– Иә, өміріме екі рет қауіп төнді. Екеуінде де өмірімді сақтап қалған – әкем Телтай. Менің алдымдағы екі баласы да көпке бармай шетінеп кеткен. Мен туғанда акушерлер қолым жоқтығын көріп, анамды аяған болса керек, екпемен өлтірмекші болған. Тырбаңдап жатқан аяғымнан өмірге деген құштарлығымды сезіп, әкем шешем екеумізді үйге алып кетіпті. Кейін Ленинградта оқу бітіріп келген соң, жұмысқа орналастырмақшы болып, бір профессорға барады әкем. Ол да «Қиындық туғызса, бір екпемен істі тындырайық» депті. Әкеме көмектескен кейіп танытып, полигонның әсерін жасырғысы келген болар. Қауіпсіздігімізді ойлап, әкем мені Ресейде 11 жыл оқытқан екен ғой. Мұны да әкем жылап отырып айтты. Сондай сәттерде жүрегім қатты езілетін. Әкемді аяймын. Ол мені өте жақсы көретін. Оған мәңгілік қарыздармын.
– Полигоннан зардап шеккен балаларға көмектесіпсіз?
– АҚШ-тың Невада, Колорадо штаттарында оқушылармен кездескенде, олар маған 2 қорап тәттілер мен емге қажетті дәрі-дәрмек әкеліп берді. Мен сол кездегі Егіндібұлақ ауданындағы полигонның зардабы тиіп, ауырған 250 балаға көмектесу үшін көп жиналыстар, қайырымдылық шаралар өткізетінмін. Американдық балалар соны біліп, әкеп берген екен, «көмек болсын» деп. Олар «полигонға жақын жерде қалай тұрдыңдар» деп таң қалып, жаны ашитын. Ол балаларға диагноз да қойылмайтын. Дәрігерлер де қорқатын диагноз қоюға. Онкология, қан аздық, обыр және тағы басқа аурулармен ауыратын байғұс балалар. Өзім бүкіл қыстақты, ауылдарды аралап жүріп тізімін жасағам. Жас жігіттер көбіне ауруға шыдамай, өзіне қол жұмсайтын. Осының бәрін картиналарымда бейнелеуге тырыстым.
– Ақын Олжас Сүлейменовпен Қытайға барған екенсіз, митинг өткізбекке?
– Біз Олжас Омарұлы және 3 автобус толы адам Қытайдың шекаралық аумағына барып, митинг өткізбекші болдық. Полигонның зиянын айтқымыз келді. Алматыдан арнайы барған бізді кіргізбей, кері қайтарды. Сөйтсек, Қытайдағы полигондық аймақта тұратындарға үкімет көп көлемде өтемақы төлейді екен. Бізге ол арман ғой. Олжекең барарда алда барса, қайтарда соңында қайтты. Оның жанының қалай күйзелгенін іштей сездім.
– Қазір полигон аумағына баруға бола ма?
– Қазір полигон жабық. Баруға болады. Онда радиология институты жұмыс істеп жатыр әлі. Аяқтайтын уақыты да болып қалған шығар. Бірақ, «Сынақ болған жердің қалпына келуі өте ұзақ процесс» дегенін естігенмін. Не де болса, Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев пен Олжас Сүлейменовтің жетекшілігі арқасында 30 жыл бұрын полигон жабылды. Енді Тәуелсіз еліміз мұндай нәубетті көрмесін. Мен – бейбітшіліктің жаршысымын. Бейбітшілік болсын!
– Уақыт тауып, тұщымды әңгіме айтқаныңызға рахмет!
Сұхбаттасқан Жәлел ШАЛҚАР.