Білім

Көп тіл білу – өркениет өрісі

Жаһандық ынтымақтастықтың жаңа дәуірі жоғары білім беру жүйесінде жаңа тренд – көптілділік мәдениетін қалыптастыруда. ХХІ ғасырдың білікті мамандарын даярлауда шетелдік сарапшыларды жұмылдыру – шет тілді білім беру саласында альма матері ретінде қарастыруға тұрарлық. Бұл дәстүр жалпы Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің Шет тілдері факультеті құрылғаннан бері жалғасып келеді.

Бұл сөзімізге шетелдік түрік тілінің оқытушылары Асуман Ерюн, Чидем Курт (Түркия), ағылшын тілінің оқытушысы Джулия Грэм (АҚШ), француз тілінің оқытушысы Матильда Виктория Гожон (Франция) куәгер бола алады. Оқытудың тілдік палитрасы – ағылшын, француз, итальян, түрік, қытай және жапон тілдерін қамтиды.

Былтырғы оқу жылының қорытындысы бойынша шетелдік әріптестермен және қазақстандық студенттермен жұмыста бірқатар инсайттарды талқылауға мүмкіндік туды. Оқытушылар Қазақстан туралы өз әсерімен бөлісіп, жоғары білім беру жүйесіндегі айырмашылықты атап, оқу орны студенттері таң қалдырғанын жасырмады.

Диалог мәдениеті мен тілі ұқсас түрік тілі мұғалімдерімен өрбіді. Қазақстанды таңдау олар үшін кездейсоқтық емес. Қазақстан мен Түркияның терең достық қарым-қатынасы, ортақ этникалық тамыры, өмірдің түрлі салаларындағы бірлескен жобалары жоғарғы оқу орнында бірлесе жұмыс істеуге оң ықпал еткен. Қарағанды университеті туралы Түркияның жоғары білім беру жүйесінде оң пікір бар. Бұл – академиялық ұтқырлық пен ЖОО-ның түрік университеттерімен ынтымақтастығының жемісі. Әріптестер білім беру жүйесінде бірқатар айырмашылықтар бар екенін атап өтті. Мәселен, Түркияда өз елінің азаматтары үшін тұруына аз-маз сома алынғанымен, жатақханаларда тамақтану тегін. Студенттердің түрлі қажеттілігіне мемлекеттен пайызсыз несие қарастырылған. Түркиядағы университеттер автономды. Қорытынды аттестаттауды ұйымдастыруда айырмашылық бар. Оқытушының өзі инклюзивтілік қағидаттарына негізделген бақылау және өткізу форматын таңдайды. Мінез-құлықтың әдебі мен сабаққа жүйелі түрде қатысу қорытынды бағалауға әсер етпейді. Ал Қазақстанда бұл академия­лық үлгерімді бағалау өлшемдерінің бірі. Түркияның жоғары оқу орындарындағы дәріс барысын оқу орнының әкімшілігі бақыламайды. Түрік әріптестеріміз біздің студенттердің қос тілділігі, көп жағдайда артықшылық екендігін әрі түрік тілін оқыту процесін жеңілдететінін мәлім етті.

Франциядан келген әріптес Матильда Виктория Гожан зерттеу себептері бойынша Қазақстанды таңдапты. Өйткені Қазақстанда лингводидактиканы зерттейтін франциялық ғалымдар кемде-кем. Қазақстан халқының француз мәдениетіне деген қызығушылығы осы шет тілін үйренушілер санымен айғақталуда. Білім беру жүйесіндегі айырмашылық айтарлықтай. Францияда орташа студенттер тобы кемінде 40 студентті құрайды. Материалдық-техникалық қамтамасыз ету Францияда бірнеше есе жоғары деңгейде. Оқытушы мен студент арасындағы қарым-қатынас иерархия ережелерін сақтауға негізделген. Қазақстанда болса, оқытушы білім көзі ғана емес, тұтас академиялық қызмет барысында «сүйемелдеуші» екендігі аян. Франциялық әріптесіміздің қазақстандық студенттер көпұлтты ортаның шет тілді мәдениетке жастайынан қанық болғандығынан жаңа тілді оңайырақ меңгеретініне көзі жеткен. Олар бір тілден екінші тілге оңай көшіп, еркін сөйлейді.

АҚШ оқытушысы Джулия Грэм Fulbright Ela бағдарламасының грант иегері ретінде елді бай мәдениеті, дәстүрі және өзі үшін жаңа тілге деген жеке қызығушылығымен таңдауға түрткі болды. Оның сөзінше, Америкада университеттегі пәндерді таңдау жүйесі өзгешелеу. Өйткені АҚШ-та студенттер білім беру бағдарламалары шеңберінде пәндерді өздері таңдайды. Олар көбінесе оқу барысында белгілі бір топта оқымайды. Әріптесіміз студенттеріміздің ағылшын тілін меңгеру деңгейін оң бағалап, бұл оның педагогикалық қызметін айтарлықтай жеңілдеткенін айтты.

Жалпы, тіл меңгерушілердің кері байланысы деңгейлі екендігі шындық. Оқыту үдерісін ұйымдастыру, білім беру жүйесіндегі кейбір айырмаларға қарамастан, шетелдік әріптестер факультетте ұсынылатын білім беру қызметтерінің сапасы жоғары және халықаралық стандарттарға сәйкес келетінін, факультетте құзыретті профессорлық-оқытушылық құрам жұмыс істейтінін, білім алушы контингент шет тілін үйренуге ынталы екенін, ал екі тілділік пен көптілділік біздің студенттеріміздің айрықша артықшылығы екенін айғақтады.

Д.ЖОРАБЕКОВА,
Э.ТӘЖІБАЕВА,
Е.Бөкетов атындағы ­­
Қарағанды университеті
Шет тілдер факультеті шет тілдерін даярлау теориясы мен әдістемесі ­кафедрасының аға оқытушылары

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button