Күніне – 7 мың бетперде

Облыс кәсіпкерлері негізгі кәсіптері тежеліп тұрса да, қол қусырып отырған жоқ. Мәселен, карантин жағдайына бейімделген Абай тігін фабрикасы алғашқылардың қатарында «Кет, COVID­19!», «Деніңіз сау болсын!» және тағы басқа жазулар таңбаланған бетперделер тігуде.

Фабрика тігіншілері өздерінің негізгі тапсырыстарынан бөлек, күніне 6 мыңнан 7 мыңға дейін бетперде дайындайды. Сұранысқа ие тауар жууға және үтіктеуге ыңғайлы болуы үшін 100% табиғи мата – дәке, шыт немесе бөзден тігіледі. Аталмыш фабриканың негізгі жұмысы да жүріп тұр. Олар төсек­орын жабдығын, күнделікті және арнайы киімдер тігуді жалғастыруда. Ал, карантин кезінде мамандар сырт киімдердің түрлі үлгілерін, аңшылар мен балықшылар киімдерінің, мектеп формасының жаңа үлгілерін әзірлеп, шағын партиясын дайындап та үлгерген.

– Жаңа модель ойлап табу үшін қазір уақыт жеткілікті. Соны пайдаланып, бұған дейін түскен тапсырыстарды да орындау мүмкіндігі бар, – дейді фабрика басшысы, Кәсіпкерлер палатасы өңірлік кеңесінің мүшесі Ирина Малюк.

Салтанат ІЛИЯШ.