Жаңалықтар

Күні сирек күлетін Арқаға күн стансасынан пайда бар ма?

Көкте күлген Күннен жылу алып, оны қуатқа айналдырған ел көп. Бізге енді жетті. Кәрі Еуропа үшін таңсық емес. Олар өткен ғасырдың 50-60-шы жылдарынан қолға алған. Бүгінде қарқыны күшті. Ашық ресурстарды басып қалсаңыз, оның адамзатқа пайдасынан басқа зияны жоқтығы туралы ақпараттар атып-атып шығады. Тап қазір залалы бар деген біреуі жоқ. Болжам бойынша алдағы 30-40-шы жылдарда оны утилизациялауда проблема туындауы мүмкін. Әйтсе де, қазір оны ойлауға ешкімде мұрша жоқ. Қысы-жазы климаты айтарлықтай өзгешеліксіз елдер үшін Күн қуатын әжетке жарату тиімді шығар. Ал, алты ай қысы бар, күні қыста сирек күлетін біздің елдің кейбір аймағында ше? Соның ішінде, желден бір көз ашпайтын Арқада. Бұл орайда күннен гөрі желден қуат алған анағұрлым тиімді емес пе? Мұны жергілікті ғалымдар да жоққа шығармайды.

Күннің көзіне тәуелді күн панельдерінің «жақсылығын» жіпке тізгендер көп. Рас, мүмкін пайдасы зор шығар. Физик емеспіз, қайдан білейік. Бірақ, қисынға қонымдысы – аңызақ желі толассыз, ұдайы соғатын бізде күннен бұрын желдің пайдалы екендігі. Зейін салсаңыз, бұл пікірдің жаны ғана емес, мәні де бар.

Күн панельдері – аты айтып тұрғандай күннің көзіне тікелей байланған. Күн түскенде ғана қуат өндіре алады. Көптеген зерттеулер ол бұлтты күнде де, күнсіз де қуат береді дейді ғой. Оның қаншалықты шын-өтірігін де айыра алмаймыз. Оған уақыттың өзі кезінде баға берер. Енді Жел стансасына, әрісі – Үкімет, берісі – жергілікті билік басын ауыртып ойланатын мәселе.

Дәл сондай желден қуат алатын құрылғы жобасын техника ғылымдарының докторы, профессор Қорғанбай Шоланов бастаған ғалымдар жасаған-ды. Қазіргі таңда ғалымның қолында желден қуат алуға мүмкіндік беретін нақты жоба бар. Әйткенмен, әзірге қолдау таппай жүр. Ғалымның осы және де робототехника төңірегіндегі өзге де жобалары, ғылыми ізденістері туралы еңбегі былтырғы жылы шет елден ағылшын тілінде жарық көрді. Сол еңбекте бірқатар жобалары сипатталды. Осы арада мынаны қараңыз. Алдағы уақытта ғалымның сол еңбегін басқа шетелдіктер негізге алып, қажетіне асыруы әбден мүмкін. Себебі, патент жоқ.

«Сондай еңбектен алдық деп, жасайтын адам менің еңбегіме сілтеме жасауы тиіс. Бірақ, жасамауы да мүмкін. Өйткені, оның авторлық құқығын растайтын патенті жоқ», – дейді Қорғанбай Сағынайұлы.

Ал, басқа елден жеткізіп, жел диірменді де, күн батареясын құрып жатқандар да – түптің-түбінде өз пайдасын көздейтіні анық. Ғалым ондай алып-сатарлардың бір тиын пайдасы жоқ құралдарды әкеліп саудалайтынын айтады.

«Біз күн электр стансасын қойдық. Соның не пайдасы бар? Бізде күннің көзі аз. Ол түнде жұмыс істемейді. Оның күтімінің өзіне қанша қаражат керек? Осының төркінінде Үкіметтен пайда көру ғана тұр. Рас, қуаттылығы үлкен. Алайда, ол қуат тұрақты емес. Міне, мәселе қайда? Өйткені, қор жоқ. Өйткені, ондай қорды жинақтап ұстайтын құрылғылар жоқ. Бұл стансалар тек күн барда қуат береді. Ал, енді сол қуатты қайда жібересіз? Себебі, қазір маңайдың бәрінде қуат бар. Егер тек сол күн панеліне тәуелді етіліп, содан қуат алатындар күн шықпаса, қайтеді? Мұнда проблемалар өте көп», – дейді ғалым.

Ғалым өзі жасаған желден қуат алу жобасының шалғай орналасқан елдімекендерге шағын электр стансасы ретінде орнатуға болатынын айтады. Ол үшін алдағы уақытта оны дамыту қажет.

«Ең алғаш автокөлікті жасағанда бірден озық шыққан жоқ қой. Бұл да, бара-бара дамиды. Содан соң ел ойлана бастайды. «Жалпы, электр желісінен, әлде желден қуат алам ба?» деген таңдау жасай алмақ», – дейді ғалым.

Ғалымның айтуынша, жел стансасының келешегі зор. Оған – тек қолдау қажет. Жобаны одан әрі жетілдіру үшін сұралған қаржының сомасы да қомақты емес екен. Небары – 8 млн. теңге ғана. Кім білген, сол қаржы сарқылмас мол қуатқа бастауы әбден мүмкін ғой.

Айтып-айтпай не керек? Болашақтың бір энергиясы көз алдымызда ескерусіз қалып отыр. Оның игілігін алдағы уақытта басқалар көрсе, оның обалы – өзімізге. Дер кезінде ке­рек қылмаған.

Жаппай төңіректе қаз-қатар тізілген күн панельдерінен жеріген бір күні осы немқұрайлығымыздан бармақты шайнамасақ, жарадық…

Қызғалдақ АЙТЖАН.

 

Басқа материалдар

Back to top button