Көненің көзіндей револьвер
Темірден түйін түйген қазақ ұсталары тұрмыстық бұйымдарымен қатар соғыс қаруларын да өндірген. Солардың бірі – облыстық тарихи-өлкетану музейінің №6 экспозициялық залында сақтаулы тұрған револьвер.
Тапанша ХІХ ғасырда жасалған. Бір қарағанда сол дәуірдегі өзге қарулардан айтарлықтай айырмашылығы жоқ. Бірақ, оның ерекшелігі сол – мұны жергілікті ұсталар зауытта жасалған тапаншаның үлгісі бойынша дәлме-дәл жасап шыққан. Қаруды қарқаралылық ұсталар соққан деген дерек те бар.
Жәдігерді музейге Абай қаласының тұрғыны Алмагүл Махметова өткізіпті. Револьвер ол кісінің атасы Махмет Битуевқа тиесілі болған.
Жалпы ақ патшаның тұсында және берідегі азамат соғысы жылдарында жергілікті ұсталардың көтерілісшілерді қару-жарақпен қамтамасыз еткені белгілі. Ал, бұл жәдігер – ұсталардың от қару жасау технологиясын еркін меңгергенінің айғағы.