Күнделігі – кейпінің көрінісі

      ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, жазушы, публицист, этнограф-ғалым Ақселеу  СЕЙДІМБЕКТІҢ күнделігінен үзіндіні назарларыңызға ұсындық. Бұл жазбалар  публицист-ғалымның «Орталық Қазақстан» газетінде жауапты хатшы болып еңбек етіп жүрген уақытына тиесілі.

05.02.72

Көшпелі өмір-салт қалыптастырған қазақ халқының ең тамаша қасиеттерінің бірі – адамдар арасындағы өзара кісілікті қарым-қатынас қалыптарының шырқы бұзылды. Үлкен мен кішінің, туыс пен туғанның, жат пен жақынның, еркек пен әйелдің, жігіт пен қыздың арасындағы моральдық-этикалық, салт-дәстүрлік қарым-қатынас қалыптарының шекарасы көмескіленді. Сөз жоқ, мұның бәрі де адамдардың бір-біріне жатбауыр болуының, ар-ұятқа қарамауының, тойымсыздығының бірден-бір себепшісі болуда. Адамдар арасындағы қарым-қатынас дәстүрлі наным-сенімге мойын ұсынбаған соң, салт-дәстүрді сақтамаған соң, тыйым-тосқауыл көрмеген соң еркіндік дегеннің өзі көргенсіздікке ұласқан жайы бар. Яғни, адамдардың бойында іштей тыйылудан гөрі, салт-дәстүрмен санасудан гөрі заңнан ғана қорқу немесе сырт көзден ғана қаймығу сезімі басым. Мұның бәрі, сайып келгенде, сыртқы өктем күштің рухани билеп-төстеуі (экспансиясы) бел алып, ұлттық дәстүр сабақтастығы әлсіреп, дәстүрлі мәдениеттің өмір-салттан тыс қалуына себепші болып отыр.

Міне, ғасырларға созылған империялық құрсаудың зардаптары осындай. Ендігі жерде ұлттың есеңгіреген, контузияға ұшыраған санасына реанимация қажет, қазақ халқының рухани әлемі мен салт-дәстүріне қайта жаңғырту (реставрация) керек. Өмірдің барлық саласындағы әрекет-тірліктің парқын бажайлап, асыл мен жасықтың, өміршең мен өткіншінің, ұлттық пен ұлтсыздықтың ара-жігін ажыратып отырудың мәні ерекше.

30.05.72

Ауылды аңсап аттанамын. Амал не, торығып қайтамын. Ауылдың барымен базар болатын бұрыңғы қарапайым, бауырмал, көңілді тіршілігі бұл күндері сұрқай тартқан. Өз басымен өзі болып, жұмысбасты болып жүрген адамдар. Олар осыдан небәрі он-он бес жыл ғана бұрын айтатын ұлағатты әңгімелерін ұмытқан. Ендігі әңгімелері отбасы, ошақ қасы, жан сақтау қамы туралы.

Яғни, қара халықтың санасын шектеген бір ауыртпалық бар. Ол қандай ауыртпалық? Халық неге шын пейілімен қуанбайды? Неге төңірегіне нем-кетті қарап, ұнжырғасы түсе береді?..

06.06.72

Біздегі өнертанудың шектен шыға идеологиялануы – халықтың бүкіл рухани тағдырына кері әсерін тигізіп отыр. Әсіресе, өнер атаулы жағымпаздық дертіне шалдыққан. Өнер атаулының айтары мейлінше унификацияланып, бірсарындылықты ту етіп алған. Бұл жолда екі-ақ бояуды – ақ пен қараны пайдалану шеберліктің шарты сияқты.

Ал өнертану үрдісі болса, бірыңғай сектанттық-догмалық теорияға бой ұрған. Ең бір марғасқа деген қазақ оқымыстылары аузын ашса болды: «Абай образы жағымды, Тәкежан образы жағымсыз» деп бастайды. Сонда өмір қайда, өнер қайда?

Осынау өзін-өзі мәңгүрттендірген рухани құлдықтан қазақ қашан құтылар екен?..

09.06.72

Менің өмірге араласуым бейтаныс қаланы аралаған жолаушыға ұқсас. Аяқ аттаған сайын тылсым дүние алдыңнан шығады. Қиыны – бейтаныс кұбылыстың алдыңнан шығуы емес. Қиыны – сол бейтаныс, беймағлұм дүниені ешкімнің көмегінсіз, өзіңнің ғана танып-түсінуге кірісуің. Шегінер жол жоқ. Артым – армандай аяулы, алдым – жұмбақ.

О, Тәңірім, қандай заманға тап болған ұрпақ едік?!.

12.06.72

Жаманның өлгенінен гөрі жоғалып кеткені жақсы.

15.06.72

Белгілі бір пікір-тұжырымға келу үшін, бірдеңені болжау үшін түпкі шындықты білу керек. Ал шындық жеті қат жер астында жатыр. Қазақша айтқанда, шындық – арыстанның аузында, түрікпеннің түбінде.

06.07.72

Ауылға барып қайттым. Балаларымды ауылға апарып тастағаныма екі айдай болған-ды. Тым болмаса тілі қазақша шықсыншы деген ой еді. Аздап қазақша былдырлап қалыпты. Қатты қуандым. Баласының өз ана тілінде сөйлегеніне қуантып қойған заман-ай десейші!

16.12.72

Ассимиляцияға түскен адам қандай қасиет иесі болса да өз ұлты үшін құрбандыққа бара алмайды. Себебі, ондай адам ұлтының қандай қадір-қасиеті үшін құрбандыққа баратынын білмейді. Яғни, ұлтты ұлт ететін ең киелі қасиеттерінен мақұрым қалады. Ассимиляцияға түскен адам бойында сол ассимиляцияға түсірген өктем күшпен (системамен) тіл табысу қабілеті мейлінше жоғары болады. Бұл жолда олар үшін киелі ештеңе жоқ.

23.01.73

Мұхтар Мағауиннің «Көк мұнар» атты романын оқып шықтым.

Орташа туынды. «Тазының өлімі» мен «Қара қыз» секілді туындылар берген қаламгердің көтерілер сатысы мұнан гөрі биік болар деп болжаушы едім. Олай болмады. Құбатөбел ғана шығарма болып шыққан.

Оқиға желісі көркем шығарманың сүйегі сияқты ғой. Маған романның оқиғасы сұйықтау болып көрінді. Автордың көкейге түйген идеясын биікке көтерер, өмір шындығының шалғайынан ұстатар тартыс аздау. Бүгінгі зиялылар (интеллигенция), бүгінгі ғалымдар тіршілігі екінші планда, емеуріндік деңгейде сөз болады да, қазіргі кез келген жастың басында болатын сүйіспеншілік көріністері романның негізгі арқауына айналған. Едіге – басты кейіпкер. Оқушыға әр қырымен көрініп, өзіндік болмыс-бітімімен танылады. Алайда, басқа кейіпкерлердің басым көпшілігі Едіге бейнесін толықтыруға қызмет ету үшін алынғандай әсер қалдырады. Романның басы мен аяғында қадым заманның тарихи оқиғаларын баяндап кететін тараулар бар. Бұл да шығарма жинақылығына нұқсан келтіріп тұрған сияқты.

Алайда, бір ақиқатқа көңіл жұбатуға болады. Ол – Мұхтар Мағауиннің шын мәнінде суреткер екендігі. Ал мына романын бір белесі дей тұру керек шығар…

10.06.73

Фактілерді салғастыру арқылы өткен мен бүгіннің парқын бажайлай аламыз. Алайда, осы жерде әр дәуірдің өзіне лайықты талғам-таразысы, талап-деңгейі қай дәрежеде көрініс тапқанын әсте естен шығаруға хақымыз жоқ. Жетілудің, дамудың өресіне, ұлт бақытының қандай болғанына, қазір қалай болып отырғанына сонда ғана көз жеткізіп, объективті бағасын беруге болады.

Этностың өткенін білмей тұрып, бүгініне баға бере алмайсың.

Ұлттың өткен өмір тұлғасын бастан-аяқ көз алдыңа келтіргенде ғана қазіргінің қадір-қасиетіне әділ бағасын бере аласың.

15.12.73

Абайда мынандай сөздің бары рас: «Орысша оқу керек, хикмет те, мал да, өнер де, ғылым да – бәрі орыста тұр». Осы сөзді қолданушылар Абайдың есімін бетке ұстап, орысшыл болу керек дейтін ниетті өзеурей насихаттап жүр. Ондайлар бара-бара «өз тіліңді білмесең де, орыс тілін біл» деген пиғылын көлденең тарта бастағандай. Мұндай сорақылықты қазіргі саясат аңшының итін сипағандай еркелететін болып алды. Бұларға бүтін дүниетаным, бүтін тұлға керек емес. Керек болса, сол Абайдың келесі сөзін оқыр еді ғой. Келесі сөзі былай: «Зарарынан қашық болуға, пайдасына ортақ болуға тілін, оқуын, ғылымын білмек керек».

Қандай «зарарынан қашық» болуымыз керек? Мұны ойлап жүрген де ешкім көрінбейді, ойлауға мұрша беретін заман да байқалмайды.

08.10.74

Қып-қызыл, қызыл, қанқызыл күн көкірекке өксік кептеп, тынысыңды тарылтып, жаныңды жабырқатып, көңіліңді кұлазытып тағы да батып барады…

23.10.74

Бүгін Ебней Бөкетовті Алматыға шығарып салдым.

Алдымен үйінде болдық. Мен келсем, жазушы Қалмұқан Исабаев сол үйде отыр екен. Кешікпей-ақ Зүбәйра жеңгеміз дайындаған дәм келді. Сүр араластырып асқан семіз қой еті екен. Тамақ әзіл-қалжыңмен әңгіме қозғала отырып ішілді. Әңгіме арасында Қаныш Сәтбаев сөз болды. Мен Тәттімбеттен – Мұсатай, Қысатай, Исатай деген үш ұлдың туғанын, Мұсатайдан Шайқының туатынын, сол Шайқы – Қаныш Сәтбаевтың туған нағашысы екенін айттым. Ебней бұрын естімегенін, енді мұның сәтімен айтылғанын, Қанаңның бойындағы өнерге құмарлықтың себебін осы нағашы жұртымен ұштастыруға болатынын сөз етті. Тіптен, Тәттімбет сол кездегі орыс оқығандарына геолог ретінде танылуына да Қанаңмен байланыстыратын көп қисындардың барын әңгіме еттік.

Әңгіменің келесі бір қартында Қалмұқан келер жылы елу жасқа толатынын айтты. Сөйтсек, Ебней де келер жылы елу жасқа толады екен. Қалмұқанмен құрдас болып шықты.

– Япыр-ау, сен де елуге келіп қалдың ба?! – деді Қалмұқан. Сонда Ебней:

– Кіп-кішкентай Қалмұқан елуге келгенде, үп-үлкен менің елуге келмегенім ұят емес пе? – деп кеңк-кеңк күліп алды.

Ебней балаларын ерекше еркелетіп, бетінен қақпай ұстайды екен. Біз үйден шығарда Зүбәйра жеңгемізге:

– Байқа, Букетовтер жүдеп қалмасын, – деді.

  1. 74

Ешбір ұлт өзінің төлтума қасиетін өзгеге еліктеу арқылы қалыптастырмайды. Дүниежүзіндегі кез келген ұлттың қасиетіне экожүйемен кіндіктес шаруашылық-мәдени (хозяйственно-культурный) типтің табы айқын аңғарылады. Әрбір ұлт өз болмысының авторы. Сондықтан да, кез келген ұлттың төлтума қасиеті ешқашан сол ұлттың кемшілігі емес, ерекшелігі болып табылады. Ұлттық мәдениет дегеніміздің өзі осы ерекшелік болса керек.

Өкінішке орай, қазіргі идеологиялық әлімжеттік нұсқаулар осынау объективті ақиқатты белінен басып отыр.

04.11.74

Тәкен Әлімқұловтың жазғандарын ыждағатпен оқып жүремін. Өнер адамдары туралы соңғы жылдары жазғандары сәтті-ақ. Былайша айтқанда, Тәкен өзіндік құлақкүйін тапқандай. Бұл – жалпы қазақтың әдеби өміріндегі соны леп. Өнер адамдарының өмірін көркем әңгіме, новелла түрінде жазу ерекше пайдалы. Өнер болмысы, өнерлі адамдар өмірі үлгілі, ұлағатты сәттерге толы. Көркем новелла, әңгімелер – рухани мәдениетті насихаттаудың ұрымтал, көпшіл түрі. Бұл орайда, әдетте, ғылыми еңбектер мен қара мақалалар көркем дүниемен өрелесе алмайды. Ал Тәкен көтерілген биіктер сүйсінтеді. Алдымен шұрайлы тіл, сонсоң өнер адамының өмірінен ең бір мәнді сәттерді екшей білетіні, бай сезіммен беріле жазатыны мойындатады.

08.11.74

Көшпелілер мәдениетінде сөз өнерінің мән-мағынасы айрықша. Сөз өнері өмір-тіршіліктің барлық саласын реттеуге араласып, халықтық сананы тұтастандыруға ең бір демократиялық болмысымен ықпал етеді.

Орыс халқының фольклорында халықтық үлгілер, Петербург салонындағы үлгілер және дворян усадьбаларындағы үлгілер – әрқайсысы өз алдына дербес, оқшау күйінде көрініс тапқан. Тіптен қара шекпенді мұжықтың Петербург салондарындағы фольклорлық үлгілерді мәңгілік естімей өтуі мүмкін.

Ал көшпелілер фольклоры хан мен қараны бірдей қамтып, біртұтас, бірдеңгей рухани қалыпты сақтаудың тетігі болып отырған. «Ақсақ құлан» күйі төрдегі төре мен есіктегі малшыны бір түрдегі сезім-әсер бесігіне тербейді. Яғни, тарихи-эстетикалық әсер деңгейі бірдей.

Осы мысалдардың астарында көшпелілердің шаруашылық-мәдени типі, қоғамдық-әлеуметтік болмысы, моральдық-этикалық нормалары туралы терең зерттеуді қажет ететін проблемалар төбе көрсетеді.

03.01.75

Тарих талқысында зорлықтың мөлшері қанша болса, сол зорлыққа деген қарсылықтың мөлшері де сонша болмақ. Кейде қарсылықтың мөлшері зорлықтың мөлшерінен асып түсіп те жатады. Қазақ мұны «Қорғаншақтың жаны тәтті» деп түйіндеген. Демек, зорлықтың мөлшерінен қарсылықтың мөлшері басым болса, отарлаушы елге қарағанда отардағы елдің азатшыл рухының биіктеу болғаны ғой…

Әрине, бұл да бір кедейдің ырым еткеніндей бірдеңе. Мұндайда бір шындық белгілі, ол – зорлық көрсетуші де, зәбір көруші де әбден титықтап, тарих танымастай болып өзгеретіні…

05.01.75

Ебней Бөкетовтің үйінде болдым. Мен отырғанда бір қария адам келді. Ебекеңнің ауылының қарты көрінеді. Қожа екен. Есімі – Оспан.

Ебней ел-жұртын, ауылын, көзкөргендерді қадала сұрады. Тіптен, бала кездегі ауылдастарының аты-жөнін сұрап, мінез-қылықтарын еске алып, біреуге ризалығын, енді біреуге жанашырлығын білдіре отырып, шын көңілден әңгіме өрбітті. Оспан ұстамды, әңгімешіл адам екен. Ебней шәкірттей толқып тыңдады.

Ебней маған Әбдіжәміл Нұрпейісов пен Әбіш Кекілбаевқа кұттықтау телеграмма жазып беріп, почтаға салуымды өтінді. Әбдіжәміл мен Әбіш «Лит. газетаның» очерктер үшін жариялаған конкурсының жүлдегерлері болған екен. Ебней шын көңілімен қуанып отырды.

 

 

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.