Күміс жамбы, күміс кітап, күміс жыр
Арқа аспанынан күмбірлеп күміс өлең төгілді. Сонау Алатау төрінен Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, ақын Абзал Бөкен 75 жас мерейтойына орай еліне келіп, еркелеп қайтты. Сәкен Сейфуллин атындағы облыстық қазақ драма театрының әртістері ақынның ел жатқа оқитын «Шыт көйлек» секілді өлеңдерін ерекше әсермен жеткізді. Кеншілер мәдениет сарайында өткен «Күн астынан күміс жамбы жаудырған» атты кештің шымылдығы осылай түрілді.
Облыс әкімдігінің қолдауымен, мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының ұйымдастыруымен өткен жыр кешінің алғашқы құттықтауын облыс әкімінің орынбасары Ерлан Құсайын жеткізіп, аймақ басшысы Ермағанбет Бөлекпаевтың құттықтау хатын табыстап, ақынға лайықты құрмет көрсетті.
– Сонау 70-ші жылдардың жуан ортасында жырсүйер қауым жатқа оқып, тыңдарманы тамсанған «Шыт көйлек» атты лирикалық туындысымен әдеби ортаны елең еткізген жас ақын бүгінде қазақ поэзиясының көрнекті өкіліне айналды. Кешегі Алаш көсемдерінің алтын бесігі Ақтоғайда туып, ғаламға Ақсораңның биігінен қараған ақынның Тоқырауындай мөлдір жыр жазбауы мүмкін емес еді. Бойына Ұлт ұлыларының рухы дарыған Абзал ағамыз – туған жерінің қасиетті топырағын бойына тұмар, жырына арқау етіп, туған елінің әнұранына айналған «Алтын бесік Ақтоғайым» әнінің сөзін жазып, перзенттік парызын адал өткерген ақын. Жерлесіміз, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, «Құрмет» орденінің иегері Абзал ақынның сезім сергітер жырлары Ақтоғай топырағында бүр жарып, Қарағандыда қанаттанып, асқақ шыңдары аспанмен тілдескен Алатауда есейіп, бүгін Арқаға оралып отыр. Қазыналы өлкеміз бүгін қасиетті қара өлеңнің қағбасындай қастерлі күйге бөленіп, жыр мерекесіне куә болуда. Қуаныштарыңыз құтты болсын, Арқа жұрты!, – деді құттықтауында Ерлан Бейсембайұлы.
Кешті сән-салтанатымен жүргізген ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Ілияс Мұқай қара өлеңді «Таққа» отырғызып, оған «Тәж» кигізген, қоғамның ащы ақиқатын «Уытты» тілімен сынап, ұлттық поэзияның «Қаракөгін» ерттеп мінген Абзал Бөкен ақынды елдің ықыласымен ортаға алдырып, өлең сұрады. Ел ықыласына мерейі тасыған ақын тебіреніп тұрып өлеңдерін оқыды.
Қазақстан Жазушылар одағы Басқарма төрағасының орынбасары, ақын Бауыржан Жақып, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, ақын, драматург Иран Ғайып сый-құрметтерін көрсетіп, мерейтой иесіне арнаған өлеңдерін оқыды.
Ал Парламент мәжілісінің депутаты, ақын Қазыбек Иса ақынды «Алаш» алтын медалімен марапаттады.
– Абзал ағаның өлеңдерінен келісті тіркес, кемел пішін, көрнекті, көркем шеберлік, кестелі сөз шеберін көріп, өзіміз де қатты риза болатынбыз. Біз мектеп бітірген 1979 жылы ол кісінің «Бастау» деген тұңғыш жинағы шықты. «Салбурын», «Жалғыз желкен» өлеңдерін іздеп жүріп оқыдық. «Шыт көйлек» өлеңімен даңқы қатты тарады. Шыт көйлек киген қыздардың бәрі шырайлы көрінді. Сол өлеңнен соң, шыт көйлектің бағасы қымбаттады. Тек шыт көйлектің емес, шынайы поэзияның көркемдік деңгейі көтерілді, – деді Қазыбек Иса.
Мәртебелі меймандар ақын Ержан Алаштуғанның қолдауымен «Ар» баспасынан жақында ғана басылып шыққан, сиясы кеппеген «Күміс кісе» кітабының тұсауын кесті.
Абзал ақынның сөзіне жазылған әндерге де кезек берілді. Сырлы сазгер Қадыр Баймырзаның «Қарағандым» әнін Нұржан Жасымхан шырқаса, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, дәстүрлі әннің дүлдүлі Дәуренбек Әркенов «Аңсауды» әуелетті.
Одан кейінгі құттықтаулар легін Президенттің кеңесшісі, академик Бауыржан Омар, Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы, ақын Дәулеткерей Кәпұлы, Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты, ақын-драматург Бақыт Беделхан, «Алаш» сыйлығының иегері, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының вице-президенті Шерубай Құрманбайұлы, Балқаштан келген жазушы Жанболат Башар жалғады. «Шыт көйлекті» шебер оқитын Шерубай Құрманбайұлы мен Абзал ақын өмірлерінде алғаш рет кездесіп, өлеңді оқып берді.
Абзал Бөкен ақын ғана емес, көсемсөздің де шебері. Бір кездері Қарашаңырақ «Орталықта» қызмет атқарды. «Ortalyq Qazaqstan» газетінің бас редакторы, белгілі публицист Ерсін Мұсабек «Saryarqa aqparat» медиахолдингінің директоры Қайрат Әбілданың құттықтау хатын табыстап, шапанын жапты.
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, әнші Амантай Жұмашев әнмен шашу шашты. Жыр мерекесі ақынның туған жеріне арнап жазған «Ақтоғай – алтын бесігім» әнімен халықтық «Тоқырауын толқындары» ән-би ансамблінің орындауында түйінделді.
«Күн астынан күміс жамбы жауған» жыр кеші осылай өрнектелді.
Қасымхан БҮРКІТҰЛЫ,
Ortalyq.kz