Көмір қоры – жеткілікті
Көмірдің үстінде отырып, көмірсіз қалуы тұрғындар арасына алаң кіргізді. Жеке тұлғалардың көмірге дер кезінде қол жеткізе алмауы – көмір жоқ деген гу-гудің кеулеуіне әкеліп соқтырды. Қоғамның көңілі – күпті. Қауесет пе, шындық па? Қыс – қыр астында. Халық қара алтыннан қағылып қалмай ма? Мәселенің мән-жайы облыстық әкімдікте баяндалды. Кеншілер аймағындағы көмірге қатысты ел ішіндегі күдікті сейілтуге орай билік өкілдері һәм көмір өндіруші кәсіпорын басшылары БАҚ өкілдеріне баспасөз мәслихатын өткізді.
Биліктің айтуынша, күннің күрт суытуы көмірлі аймаққа көмір іздеп келушілердің қатарын қалыңдатыпты. Бүгінде ауыр жүк көліктері көмір тиейтін ұйымдардың маңында күндіз-түні көгенделіп тұр. Тізбектелген көліктердің 60 пайызы қоңсы қонған аймақтардан дейді жергілікті билік өкілдері. Атап айтқанда, Астана, Көкшетау қалаларынан, Ақмола, Қостанай облыстарынан. Ал, жалпы, көмір өндіруші кәсіпорындар мен биліктің айтуынша, Қарағандының көмір өндірісінде тапшылық жоқ. Тіпті, көмір былтырғыға қарағанда биыл мол. Көпшілік арасындағы «көмір жоқ» деген қауесет – бекер. Көмір бар. Тек, оны сұраныстың артуына байланысты көліктерге тиеп үлгермеуде. Оған қоса, сырттан келген тұтынушылар көмірдің белгілі бір фракциясын алуға ынталы. Яғни, вагоннан келетін жаңа көмірді алуға ниетті. Ол үшін күндіз-түні күтуге әзір болса керек. Нәтижесінде, ұзын сонар кезек пайда болған.
Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Алмас Айдаров қоғамда ауа райының кенеттен бұзылуына байланысты көмірге сұраныс артқанын айтады. Көпшіліктің сұранысы 2-3 есеге өскен. Жағдай осы жетінің соңында қалыпты ырғағына түспек.
Алмас АЙДАРОВ, облыс әкімінің орынбасары:
– Қыркүйек-қазан айларында көмірге жеке тұлғалардан сұраныс өсті. Көмір жоқ емес, бар. Өндірілуі былтырғы жылмен салыстырғанда 1,5 миллион тоннаға өскен. Тек, тиеп, жөнелтуде проблемалар туындады. Бүгінде бұл бағытта 2 ауысым жұмыс істейді. Бұған дейін күніне 50 көлікке көмір тиелсе, қазір 150-170 көлік жөнелтілуде. Осы аптада бұл жағдай түзеледі.
Әкімнің орынбасары көмір өндіру көлемі өткен жылы 8 млн.800 тонна болса, биыл 11 млн.тонна екенін атап өтті. Ал, кезекте тұрған сансыз көліктердің 60-70 пайызы іргелес аймақтардан келгендер. Олардың бұлайша ағылып, кезекте тұруына бірден-бір себеп – «Шұбаркөл» көмірінің сапалылығы дейді. Оған қоса, жаңа технологиядағы апталық, жеті күндік пештердің көмірдің арнайы бір фракциясына бейімделуі де себеп болуы мүмкіндігін жоққа шығармайды.
«Шұбаркөл көмір» АҚ басшылығының мәлімдеуінше, көмір жыл бойы өндіріледі. Көмірдің өндірісінде еш ақау жоқ. Күн сайын көмір тиелген вагондар жөнелтілуде.
Алексей САФОНОВ, «Шұбаркөл көмір» АҚ вице-президенті:
– Қарағандыға күн сайын 25 вагон көмір жіберіледі. Бізде ең басты басымдық – коммуналдық-тұрмыстық секторды қамтамасыз ету. Көмірге сұраныс ұдайы маусымдық сипат иеленіп келеді. Десек те, биыл тұтынушылардың сұранысы жоғары.
«Жалынды Отан» кәсіпорнының коммерциялық директоры Александр Папков тұтынушылардың көпшілігі вагоннан жаңа жеткізілген ірі көмірді сұрайтынын айтады. Қоймадағы, сақтаулы көмірді алуға олар ықылассыз. Сондықтан, вагондар келіп жеткенше көліктер күтуге мәжбүр. Жоғарыда айтып өткеніміздей, олардың көпшілігі көрші аймақтардан көрінеді. Айтпақшы, биылғы «Шұбаркөл көмірінің» бір тоннасы 11 мың теңге шамасында.
Қызғалдақ АЙТЖАНОВА