АймақҚарағанды

Көлік сапасында мін жоқ

Қоғамдық көлік – әр тұрғынның күнделікті тіршілігін жеңілдетіп тұрған басты құрал. Әсіресе, өндірісі өркендеген, қала мен қала маңы тығыз орналасқан Қарағанды облысы үшін автобус жүйесінің үздіксіз әрі сапалы жұмыс істеуі аса маңызды. Соңғы жылдары өңірде бұл бағытта біршама жұмыс қолға алынып, тасымалдау сапасын жақсарту жолында кешенді шаралар атқарылуда. Дегенмен, мұның барлығы – мол қаржыны талап ететін үдеріс. Енді, сол саланың бейнетін тартқан тасымалдаушылар мен жергілікті билік өкілдері жолақы тарифін қайта қарауға мәжбүр. Ал, ең басты себеп – жанармай бағасының қымбаттауы. Бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қоғамдық көлікке қатысты бірнеше нысанды аралап, автобустардың қазіргі жай-күйімен және жаңалықтарымен танысып қайтты.

Коллажды жасаған Айбек Рахымжан

Жаңа 70 көлік құралы жолға шығады

Қарағанды қаласында жолау­шылар тасымалын жеті ірі тасымалдаушы ұйым жүзеге асырады. Олар бүгінде 48 қалалық және 48 қала маңындағы маршрут бойынша жүреді. Күн сайын облыс орталығының көшелеріне 460-қа жуық автобус шығады. Бұл – жоспарланған көрсеткіштің 90 пайызы. Автопаркты жаңарту бағытындағы жұмыстар 2019 жылдан бері тұрақты түрде жүргізілуде. Күні бүгінге дейін тасымалдаушылар 300-ден астам жаңа автобус сатып алыпты. Ал, биыл жыл соңына дейін тағы 70 көлік құралын сатып алу жоспарда бар.

– Өздеріңіз білесіздер, қазіргі тариф – 200 теңге. Бұл баға былтыр бекітілген болатын. Алайда, биылғы жағдай мүлде басқа. Жанармай бағасы сәуірден бері 30 теңгеге қымбаттады. Сонымен қатар, тасымалдау сапасын арттыру мақсатында жаңа автобустар сатып алынып, бұрын жабылған маршруттар қайта жандана бастады. Бұл – бюджетке де, тасымалдау­шы мекемелерге де салмақ. Сондықтан, тарифті қайта қарау күн тәртібіне қойылып отыр, – деді Қарағанды қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі жолаушылар көлігі секторының меңгерушісі Темірлан Талдыбаев.

Егер ұсыныс қолдау тапса, тариф Алматы қаласындағы бағамен теңеседі. Яғни, жол ақысы 250 теңгеге дейін көтерілуі бек мүмкін.

Қарағанды қаласындағы ең ірі автопарктердің бірі – «№1 таксокомбинат». Қалалық бағыттардың бірқатарын қамтамасыз етіп отыр­ған кәсіпорын соңғы жылдары ауқымды жаңғырту жұмыстарын қолға алған. Қазіргі таңда қолданыстағы көліктердің 70 пайызы жаңартылыпты.

– Қазіргі таңда біздің иелігімізде 115 автобус бар. Оның ішінде 64-і – жаңа үлгідегі Yutong маркалы техника. Біз №1, 7, 13, 28, 30 және 31 бағыттағы автобуспен жолаушыларды тасымалдаймыз. Алдағы жоспарымыз – автопаркті тағы 20 жаңа автобуспен толықтыру. Жаңа техника лизингтік жүйе арқылы жергілікті өндірушілерден сатып алынады. Сонымен қатар, кәсіпорында ауқымды жаңғырту жұмыстары басталып кетті. Барлық құрылыс алаңдары іске қосылған. Ал, кадр мәселесіне келсек, жүргізуші мамандар әлі де жеткіліксіз. Дегенмен, бүгінгі күні штаттық құрам жартылай толықты. Келешекте автоматты автокөлік жуу жүйесін орнатуды жоспарлап отырмыз, – дейді «№1 таксокомбинат» ЖШС директоры Алексей Пен.

№3 автопаркте үлкен өзгеріс

Қарағандыдағы тағы бір ірі нысан – №3 автопарк. Бұл автопарк нысаны да толық жаңартылуда.

– Автопарктің төрт филиалы бар. Барлық филиалдардың автобусы осы жерде техникалық қызметтен өтеді. Біз автопаркті жаңғыртуды 2011 жылдан бастадық. 2019 жылы 75 жаңа Yutong маркалы автобусын, 2022 жылы жергілікті өндірістен 50-ге жуық автобус сатып алдық. Бұл – қоғамдық көлік сапасын арттыру жолындағы жоспарлы әрі жүйелі жұмыс. Енді биыл тағы 75 жаңа автобусты сатып алуды көзделуде. Осылайша, автопарктегі барлық автобустарды толық жаңартуды жоспарда. Жаңа модельдер кең, әрі техникалық, экологиялық талаптарға толық сай, – деді «№3 Автобус паркі» ЖШС директоры Артур Григорян.

Кәсіпорында тек техникалық база ғана емес, жүргізушілерге арналған әлеуметтік инфрақұрылымды да дамытуды ұмытпаған. Бүгінде мұнда спортзал, үстел ойындарына арналған бөлме, тіпті, бассейні бар демалыс аймағы жұмыс істеп тұр. Автопарк директоры «Жүргізушілер демалыс күндері кешенге отбасымен келіп, тынығуына болады» дейді.

Түйін

Бүгінде Қарағанды қаласындағы қоғамдық көлік саласын қолдау мақсатында жергілікті бюджеттен тұрақты түрде субсидия бөлінеді. Бұл – тасымалдаушылар, жолаушылар үшін де маңыз­ды әлеуметтік қолдау. Әсіресе, соңғы жылдары енгізілген электронды төлем жүйесі саладағы ашықтықты арттырып, есеп мәселесін айтарлықтай жеңілдеткен. Әрі әкімдік пен тасымалдаушы компанияның нақты жолаушы ағынын бақылауына мүмкіндік берген. Ал, бұл артық құжат айналымын қысқартқан.

Сала мамандары кейбір бағыт бойынша жол ақысын төлемейтіндердің әлі де кездесетінін баса айтты. Осы мәселеге ерекше тоқталып, қоғамдық мәдениет пен жауапкершілікке шақырды. Ал, жолаушылар мен тасымалдаушылар арасындағы құрмет – баршаға ортақ жауапкершілік.

Ербол ЕРБОЛАТ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button