Ресми

Көлік инфрақұрылымының дамуы – ойдағыдай

Көлік инфрақұрылымын дамыту мемлекеттің экономикалық әлеуетіне әсер ететін негізгі құрамдас бөліктердің бірі болып табылады. Тиімді көлік инфрақұрылымы өндірістік процестерді жеделдетіп қана қоймай, аймақішілік ынтымақтастықты нығайтады, сонымен қатар халықтың қолайлы өмір сүру ортасы үшін аймақтық және қалалық инфрақұрылымның жүйелі дамуына ықпал етеді.

 

Дағдарыс жағдайында жөндеу жұмысы тоқтаған жоқ

2020 жылы COVID-19 пандемиясымен байланысты жаһандық дағдарыс жағдайында ел Үкіметі жол учаскелеріндегі жол-жөндеу жұмыстарын тоқтатпай, жаңа жол жобаларын қаржыландыруды жалғастыруға шешім қабылдады. Бұл жол-құрылыс материалдарын жеткізуге, жол жөндеу жұмыстарын жалғастыруға, объектілерді уақытылы іске қосуды қамтамасыз етуге, күш-жігерді қолданыстағы жұмыс орындарын сақтауға және жаңа жұмыс орындарын ашу үшін бағыттауға мүмкіндік берді.

Республиканың жалпы пайдаланымдағы автомобиль жолдарының ұзындығы 96 мың шақырымнан асады. Қарағанды облысының автомобиль жолдары желісі республика автожолдарының жалпы ұзындығының 12 422,3 шақырымын немесе 13%-ын қамтиды, оның ішінде республикалық маңызы бар – 2 785, облыстық маңызы бар – 3 443,3 , аудандық маңызы бар – 2 522 , елдімекендер жолдары – 3 672 шақырым. Ұзындығынан облыс өңірлері арасында 5-ші орында.

Облыстың көлік инфрақұрылымын дамыту бағытында 2020 жылы жалпы пайдаланымдағы 2 мың шақырымнан астам автомобиль жолдары жөнделді, оның ішінде:

– республикалық маңызы бар автожолдар – 882;

– облыстық маңызы бар автожолдар – 561;

– қалалар мен аудандардағы автожолдар – 700 шақырым.

Автожолдарды жөндеу нысандарында 10 мыңға жуық жұмысшы мен 4 мыңнан астам техника жұмылдырылды.

Өңір үшін негізгі жоба «Орталық-Оңтүстік» көлік дәлізін іске асыру болып табылады. Облыс аумағында «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасын орындау аясында өткен жылы желтоқсанда «Қарағанды қаласының Солтүстік және Шығыс айналма жолының» 48 шақырым пайдалануға берілді, бұл облыс орталығын транзиттік көлік ағынынан босатуға мүмкіндік тудырды. Жалпы ұзындығы 513 шақырым болатын Қарағанды қаласынан Жамбыл облысының шекарасына дейінгі «Қарағанды-Балқаш» және «Балқаш-Бурылбайтал» жолдарын қайта құруда белсенді жұмыстар жүргізілді. Жыл қорытындысында Қарағанды қаласынан Балқаш қаласы бағытындағы 363 шақырымның 150 шақырымына жаңа жабын төселді. Жобаны іске асыру ағымдағы жылы жалғасатын болады. Аяқтау 2023 жылға дейін жоспарланып отыр.

Қазақстан Республикасы Президентінің Қазақстан халқына жыл сайынғы Жолдауы барысында берген тапсырмасын орындау шеңберінде 2020 жылы жалпы ұзындығы 426 шақырым болатын «Қызылорда-Жезқазған» автожолын қайта жаңартуға жобалық-сметалық құжаттама әзірленді. Оның 208 шақырымы Қарағанды облысы арқылы өтеді. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ-мен бірлесіп ағымдағы жылы қайта жаңартуды бастауды жоспарлауда.

Жергілікті жолдарға ерекше көңіл бөлінді

Республикалық маңызы бар нысандармен қатар, жергілікті маңызы бар жолдарға да ерекше көңіл бөлінді. 2020 жылы 60-тан астам елдімекенді қамтитын жалпы 1 234 шақырым облыстық және аудандық маңызы бар автомобиль жолдарын жөндеуге бюджеттің барлық деңгейінен қаражат бөлінді, оның ішінде 11 қайта құру нысаны, оның 123 шақырымды қамтитын 7 облыстық автомобиль жолдары және 4 көпір, ұзындығы 19 шақырым болатын 1 күрделі жөндеу және 415 шақырым орташа жөндеу, оның 354 шақырымы облыстық және 57 шақырымы аудандық маңызы бар.

Абай ауданында 17-38 шақырым «ЖартасДолинка» учаскесіндегі 21-ші шақырымында қайта жаңарту басталды. Жобаның іске асырылу мерзімі – 2020-2022 жылдар.

Бұқар жырау ауданындағы Шахан кенті мен Жаңаталап ауылы арасындағы «НоводолинкаШахан-Жаңаталап» автомобиль жолының 17 шақырымын қайта жаңарту жобасын іске асыру жалғасуда. Сонымен қоса, жолдың осы учаскесінде Нұра және Сокур өзендері арқылы өтетін 2 көпірді қалпына келтіру басталды. Ұзындығы 9 шақырым болатын «Қарағанды-Үштөбе-Құрылыс» автомобиль жолын қайта құру басталды. Іске асыру мерзімі – 2020-2022 жылдар. Жаңаарқа өңірінің Қаражал-Атасу тас жолында ұзындығы 28 шақырым учаске қайта жаңартылады. Жобаның іске асырылу мерзімі – 2020-2022 жылдар. Осакаров ауданында Есіл өзені арқылы өтетін 1 көпірді және жалпы ұзындығы 28 шақырым болатын Осакаровка-Молодежное автомобиль жолының 2 учаскесін қалпына келтіру басталды. Нұра ауданында Нұра-Шахтер бағытындағы 20 шақырым жолды қалпына келтіру басталды. Жобаның іске асырылу мерзімі – 2020- 2022 жылдар.

Серіктес қалалар мен облыс орталығы арасындағы көлік байланыстарын жақсарту мақсатында «Қарағанды-Саран-Шахтинск» автожолының 19 шақырым учаскесі күрделі жөндеуден өткізілуде. Жыл қорытындысы бойынша Саран қаласынан Тентек шахтасы бағытында ұзындығы 8 шақырым жаңа төсеммен жүру қамтамасыз етілді.

Елбасының 2018 жылғы 10-қаңтардағы Қазақстан халқына аймақаралық инфрақұрылымды жүйелі дамыту туралы Жолдауын іске асыру бойынша жергілікті желілік автомобиль жолдарын тепе-теңдік негізде қаржыландыру облыстың барлық аймақтарында 350 шақырымнан астам облыстық автомобиль жолдарын орташа жөндеумен қамтуға мүмкіндік берді.

Жергілікті желінің автожолдарын жөндеу бөлігінде облыстың Сапалы жол желісін дамытуға аудандық маңызы бар жолдар мен жөндеуге ерекше назар аударылатын қалалар мен елдімекендердің көшелері маңызды рөл атқаратынын атап өткен жөн. Осылайша, облыс әкімі мен облыстық мәслихат депутаттарының қолдауының арқасында өткен жылы шамамен 700 шақырым аудандық маңызы бар жолдар, қалалар мен елдімекендер көшелері жөнделді.

Арнайы жоба арқылы 95 көше жөнделді

Сонымен қатар, Елбасының тапсырмасы бойынша ауылдарды әлеуметтік-экономикалық дамыту мақсатында әзірленген, негізгі ауылдық елдімекендердің автомобиль жолдарының көлік инфрақұрылымының жағдайын жақсартуға және жайлы өмір сүру ортасын қамтамасыз етуге бағытталған «Ауыл – Ел бесігі» арнайы жобасын іске асыру жалғастырылды. Арнайы жобаны іске асыру есебінен облыстың 7 ауданында жалпы ұзындығы 80 шақырым болатын 10 ауылдық елдімекендегі 95 көше жөнделді.

Пандемия кезеңінде «Жұмыспен қамтудың жол картасы» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру басталды, оның есебінен облысымыздың қалалары мен аудандарының 300 шақырымға жуық автомобиль жолдары жөнделді және 3 000- нан астам адам жұмыспен қамтамасыз етілді.

2020 жылғы жол-құрылыс маусымының қорытындысы бойынша жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарының жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы көрсеткішінің үлес салмағы 84%-ға дейін жеткізілді. Мұндай қарқын кейінгі жылдары да сақталатын болады. Бұл 2025 жылға дейін жергілікті маңызы бар автожолдардың жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы үлесін 95%-ға дейін жақсартуға мүм­кіндік береді. Осылайша, ағымдағы жылы облыстың көлік инфрақұрылымын жақсарту мақсатында жалпы пайдаланымдағы 1 303 шақырым автомобиль жолдарын қамту жоспарлануда.

Республикалық маңызы бар автомобиль жолдары бойынша облыс үшін негізгі жоба «Қарағанды-Балқаш» және «Балқаш-Бурылбайтал» учаскелерін қайта жаңартуды жалғастыру болып қала береді, оны жыл соңына дейін аяқтау жоспарлануда. Барлығы республикалық маңызы бар 650 шақырым автожол жөндеумен қамтылады, оған қайта құру жобалары – 513 шақырым, күрделі жөндеу – 36 шақырым, орташа жөндеу – 100,6 шақырым кіреді.

Облыстық маңызы бар автожолдар бойынша 505 шақырым жөнделетін болады, оның ішінде 2 көпір мен ұзындығы 107 шақырым болатын 6 автожол учаскесін қайта жаңартуды жалғастыру, ұзындығы 19 шақырым болатын учаскеде 1 күрделі жөндеуді жалғастыру, жалпы ұзындығы 379 шақырым болатын 21 учаскеде орташа жөндеуді іске асыру.

Облыс өңірлерінде аудандық маңызы бар 148,7 шақырым жолды және қалалар мен елдімекендердің көшелерін жөндеу жоспарлануда.

Жол жөндеу жұмыстарын жүргізу кезінде олардың орындалу сапасын қамтамасыз ету басым міндет болып қала береді.

Сапа – қатаң бақылауда

Басқарма, сондай-ақ қалалар мен аудандардың әкімдіктері «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» РМК-мен шарттар жасасты. Бұл жүргізілетін жұмыстарға бақылауды күшейтуге, сапасыз материалдардың қолданылуын, сондайақ құрылыс нормалары мен қағидаларын бұзушылықтарды уақытылы анықтауға мүмкіндік берді. Осы ұйым қызметінің негізгі мақсаты автомобиль жолдарын салу, қайта құру, жөндеу және күтіп ұстау кезіндегі жұмыстар мен материалдардың сапасын сараптау, сондай-ақ жол активтерін басқару болып табылады.

Сонымен қатар, орындалатын жұмыстардың сапасын тиісінше бақылау, сондай-ақ сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін болдырмау мақсатында сапа орталығы Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігімен бірлесіп, «Сарыарқа – Адалдық алаңы» жобалық кеңсесін іске қосты. Мұндай кеңсенің мақсаты азаматтық қоғамның, Агенттіктің және жергілікті атқарушы органдардың қатысуымен автомобиль жолдарын салу, реконструкциялау және жөндеу кезінде жұмыстар мен материалдардың сапасын сараптау кезеңінде жария және ашық бақылауды қамтамасыз ету болып табылады. «Сарыарқа – Адалдық алаңымен» бірге автожол жобаларында заң бұзушылықтарды анықтау бойынша рейдтер тұрақты негізде ұйымдастырылады.

Жолаушылар саны да, айналымы да төмендеді

Жолаушылар тасымалы саласына келетін болсақ, облыстың тыныс-тіршілігінде автомобиль, теміржол және әуе көлігінің орны ерекше және олардың жұмыс сапасымен халықтың әл- ауқаты, экономиканың басқа салаларының тиімділігі тікелей байланысты. Өткен жылы көлік саласының дамуы коронавирус пандемиясының негативті салдарымен қатар өрбіді. Негізгі көрсеткіштердің күрт құлдырауы себебінен көліктің барлық түрлерімен тасымалданған жолаушылар саны 64%-ға, жолаушылар айналымы 70%-ға дейін төмендеді. Дегенмен, облысымызда жолаушылар тасымалы саласын дамыту және межелеген мақсаттарға жету бағытында мақсатты жұмыстар атқарылды. Экономиканы одан әрі дамыту бойынша тапсырмаларды шешу жолында әлеуметтік маңызды сектор болып табылатын автомобильдік жолаушылар көлігінің мәні ерекше екені белгілі. Автобустық тасымалдауларды жетілдірудің бірінші кезектегі тапсырмалары ретінде жылжымалы құрамды жаңарту, жүру жиілігінің сақталуы және қызмет көрсету мәдениетін жоғарылатуды атап өткен жөн.

Автомобильдік тасымалдаулардың қазіргі жағдайын жақсартудың негізгі факторы – ол ескірген автобус паркін жаңарту болып табылады. Бүгінгі таңда облыс аумағындағы 1 600 автобустың 850-ден астамы немесе 53% 7 жылдан астам қолданылуы себебінен ескірген автобустар санатында. Сондықтан, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы мен қала және аудан әкімдіктерінің алдында тозығы жеткен жылжымалы құрамды алдымыздағы 2-3 жылда кезең-кезеңімен жаңарту міндеті қойылған.

Өткен жылы мемлекеттік қолдау тетіктерінің арқасында Қарағанды және Теміртау қалаларының 4 автобустық паркі «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ-мен «СарыарқаАвтоПром» ЖШС және «СемАЗ» ЖШС секілді отандық автоөндірушілерден 135 жаңа автобус сатып алу бойынша лизингтік қаржыландыру келісімшарттарын жасасты. Оның ішінде 60 автобус облыс орталығы тасымалдаушылары, 75 автобус Теміртау қаласы автокәсіпорындары тарапынан сатып алынады. Автобустар ағымдағы жылдың бірінші жартыжылдығында жеткізіледі деп жоспарлануда. Коронавирус пандемиясымен байланысты ахуал тұрақтана келе және тасымалдаушылардың қаржылық жағдайы жақсару барысымен бұл бағыттағы жұмыс биыл да өз жалғасын таппақ.

Сонымен қатар, қала және аудан әкімдіктерімен бірлесіп, қоғамдық көлікті сандық жүйеге ауыстыру бойынша тәжірибесі бар отандық компанияны тарта отырып, облысымыздың барлық өңірлерінде жол жүру ақысын төлеудің электрондық жүйесін енгізу мәселесі пысықталуда. Электрондық жүйе қалаларда енгізілген кейін біз аталған жүйемен ауданаралық, қалааралық қатынастарды қамтуды жоспарлаудамыз. Өз кезегінде, облыс аумағындағы барлық маршруттарда бірыңғай төлем карталары қолданылатынын атап өту қажет. Бұл халықтың еркін жүріп-тұруына қолайлы жағдай туғызатыны сөзсіз.

Сондай-ақ, биыл басты мақсаттардың бірі ретінде пандемия салдарынан уақытша тоқтап қалған ауданаралық бағыттарды қайта жандандыруды атап өтуге болады. Осы орайда, облыс орталығын аудан орталықтарымен және кенттермен жалғайтын 24 ауданаралық, қалааралық қатынасты оңтайландырып, қайта қалпына келтіру мақсатын қойып отырмыз.

Теміржол саласында транзиттік пойыздардан бөлек облысымызда әлеуметтік маңызды тоғыз теміржол қатынасы бойынша жолаушылар тасымалы ұйымдастырылған.

Өткен жылдың соңында Жезқазған, Сәтбаев қалаларының, Ұлытау ауданының, сондай-ақ, Жаңаарқа, Шет және Абай аудандарының станциялары мен разъездері тұрғындарының көптеген өтініштері бойынша облыс әкімі тарапынан облыстық мәслихат депутаттарының қолдауымен облыстық бюджеттен қосымша қаржы бөле отырып, №609/610 «Қарағанды-Жезқазған» теміржол қатынасының жүру жиілігін күнделікті режимге ұлғайту бойынша шешім қабылданды. Осы орайда, 2020 жылы 100 мыңнан астам жолаушы тасымалданғанын атап өту қажет. Келешекте жылына 1,5-2 есе көп адам тасымалданады деп күтілуде. Бұл шара халықтың теміржол көлігіне деген сұранысын қанағаттандырып, аталған өңірлер тұрғындарын тұрақты, әрі сапалы жолаушылар қатынасымен қамтамасыз ету мәселесін түбегейлі шешуге мүмкіндік берді. Пойыздың күнделікті қатынасы ағымдағы жылғы қаңтардың соңына дейін басталатын болады.

Оған қоса, тасымалдаушылардың әлеуметтік маңызды қатынастар бойынша жолаушылар тасымалымен байланысты шығындарын ұзақ мерзімді субсидиялау шарттарын орындау аясында және теміржол саласының тұтынушыға бағдарланған қызметі шеңберінде қолданыстағы тарифтерді сақтай отырып, жолаушыларға арналған төсек-орын жабдықтары толық жаңартылды.

Бүгінгі таңда азаматтық, сондай-ақ, шағын авиация саласын дамыту орталық мемлекеттік органдармен қатар, жергілікті атқарушы органдар жұмысының да басым бағыттарының бірі болып табылады.

Облыста 10 әуе қатынасы қызмет көрсетеді, оның ішінде екеуі халықаралық, жетеуі облысаралық және біреуі облысішілік қатынастар.

Елбасының саясаты арқасында қазақстандық әуе компаниялары республикаішілік әуе қатынастар кеңістігін ұлғайту үстінде.

Ұшу ауқымы кеңейді

Қарағанды әуежайының Fly Arystan әуе компаниясының бірінші аймақтық базасы болып анықталғаны облыс аумағынан ұшу ауқымын едәуір кеңейтуге мүмкіндік тудырды. Үстіміздегі жылғы наурыздан бастап, Fly Arystan әуе компаниясы Шымкент және Атырау қалаларына әуе қатынасын бастайды.

Сонымен қатар, 2020 жылдың желтоқсан айында біздің басқарманың ұсынымы бойынша Қазақстан Республикасының Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі тарапынан Қарағанды-Жезқазған әуе маршрутына конкурс өткізіліп, жаңа тасымалдаушы ретінде Qazaq Air әуе компаниясы танылған болатын. 5-қаңтарда аталған әуе бағыты бойынша бірінші рейс жүзеге асырылды. Qazaq Air әуе компаниясының келуімен маршрут бойынша тасымал сыйымдылығы 76 орындық канадалық заманауи Bombardier Q400 ұшақтарымен жүзеге асырыла бастады. Одан бөлек, жолаушыларға ұшу жиілігі және тариф мәселелері бойынша да қолайлы жағдай жасалды. Атап айтсақ, ұшу жиілігі аптасына 4 ретке дейін ұлғайтылып, билет құны 12 мың теңгеден 10 мың теңгеге дейін төмендетілді.

Облыс аумағында Қарағанды, Жезқазған және Балқаш қалаларында үш әуежай орналасқан.

Балқаш өңірі туристік саласының қарқынды даму жағдайында Балқаш қаласы әуежайы ерекше назарда. 2019 жылдың соңында әуежайдың ұшып-қону жолағы күрделі жөндеуден өткені белгілі. Өткен жылы облыс басшылығының тапсырмасымен аэровокзал ғимараты мен перронды қайта жаңартудың жобалық-сметалық құжаттамасын әзірлеу бойынша жұмыстар басталған болатын. Келешекте құрылыс жұмыстарын жүзеге асыру жоспарлануда. Бұл жолаушыларға халықаралық деңгейде жаңа сапалы қызмет көрсетуге мүмкіндік береді.

«Инфрақұрылымды дамытудың 2025 жылға дейінгі «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында Басқарма тарапынан өткен жылдың соңында Қарқаралы және Ұлытау аудандарында шағын авиация әуеайлақтары құрылысының техникалық-экономикалық негіздемесін әзірлеу аяқталды. Аталған жобалар жергілікті әуе желілері мен туристік саланы дамытуда және халық пен бизнестің шағын авиацияға деген өсіп келе жатқан сұраныстарын қамтамасыз етуде бірденбір орынға ие болатыны анық.

Өз кезегінде қабылданып жатқан шаралармен қатар, облыстың тасымалдау саласын одан әрі жетілдіруді талап ететін жүйелі мәселелер сақталуда. Осыған орай, ағымдағы жылы басқарманың қызметі экономикалық өсімді қамтамасыз етуге және облыс тұрғындарының өмір сүру деңгейін жоғарылатуға бағытталатын болады.

Әскербек ХАЛТОНОВ,

Қарағанды облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы.

Басқа материалдар

Back to top button