Көктем лебі
Наурыз мейрамы қарсаңында облыстық бейнелеу өнері музейінде «МастерART» жобасының көрмесі өтті. Мұнда көркемдік- эстетикалық бағыттағы қосымша білім беру педагогтарына арналған «Өнерлі шебер» атты шығармашылық практикумы да ұйымдастырылды. Педагогтар жұмыстарын көрмеге қойды.

Музей залында он шақты стильді қамтыған, түрлі әдіспен салынған кескіндемелер мен графикалар, мүсіндер, сәндік бұйымдар бар. Барлығынан Наурыз мейрамының жылы лебі еседі. Көрме тақырыбы – «Көктем мен Наурыз».
Бейнелеу өнері мұражайында көрме ашылғаннан кейін күні бойы мұғалімдер үшін шеберлік сыныптары өткізілді. Мұражай залында қатысушылар үшін алты бөлімнен тұратын тәжірибелік сағаттар бағдарламасы әзірленген. Мұнда педагогтар шығармашылықтарына қажетті жаңа әдістер мен техникаларды меңгерді.
Көшпелі қазақ халқының қымыз, шұбат құятын торсықтар ел назарын аударды. Былғарыға ойып салынған ұлттық аспаптар мен киім үлгілері де жұртты таң қалдырды.
Ерік НАРЫН,
«Ortalyq Qazaqstan»